Әскери жоғары оқу орындары мен атақ-даңқтарды ұлттық батырларымыздың есімімен неге атамасқа?
Әр мемлекеттің өзінің әскери күштері бар. Онда әскери жоғары оқу орындары да, тіпті жауынгерлердің батырлығы үшін берілетін жоғары наградалар, орден-медальдар да сол елдің ұлттық батырларының есімімен аталады. Бұл ретте басқа мемлекетті айтпай-ақ қояйық, мына тұрған көрші Ресейдің өзінде Кутузов атындағы марапаттар, Суворов атындағы әскери академия, Жуков атындағы жоғары оқу орындары бар. Тіпті Суворов, Нахимов, Невский атындағы наградалар да бар екені белгілі. Ал Бауыржан Момышұлы ордені неге жоқ? Қасым Қайсенов атындағы медаль, Қабанбай, Бөгенбай секілді батырларымыздың атындағы ордендерді неге тағайындамасқа? 7 мамыр – Қазақстан Қарулы Күштері күніне орай осы сауалды мамандар талқысына салған едік.
Бақытбек СМАҒҰЛОВ, Мәжіліс депутаты:
– Бұл – өте орынды көтеріліп отырған сұрақ. Қазақта елі үшін, жері үшін қанын төккен, жанын пида еткен батырларымыз көп. Тіпті мына Ұлы Отан соғысы кезінде де қаншама ағаларымыз үлкен ерлік жасады. Алайда олардың басым көпшілігінің ерлігі бағаланған жоқ. Мәселен, мергендердің мектебін қалыптастырған Феодосий Смолячков 125 немістің көзін жойса, Василий Зайцев 250-ге жуық немісті өлтірген, ал біздің Төлеуғали Әбдіков деген мерген атамыз 398 немісті жер жастандырған. Екеуінің де өлтірген фашистерін қосқанның өзінде біздің батырға жеткізе алмай отыр. Бірақ оған неге батыр атағы берілген жоқ? Өйткені 1937 жылы оның әкесінің інісі «халық жауы» болып тұтқындалған. Міне, осындай ұмыт болған батырларымызды да дәріптеуіміз қажет. Әскери академиямыз неге Бауыржан Момышұлының атымен аталмасқа? Біз өзгенің емес, өз батырларымыздың даңқымен рухтануымыз керек. Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Махамбет, Исатай, Жалаңтөс батырларымыздың атынан неге осындай наградалар тағайындамасқа? Керек десеңіз, бұл батырлардың атындағы медалдарды тек генералдарға ғана беретіндей, өзінің статусын белгілеуіміз керек. Әскери академияға ғана емес, әскери бөлімше, полктерге де батырларымыздың есімін беруге тиіспіз. Өйткені батыр бекерден-бекер шықпайды. Ұрпақ сабақтастығы бір-біріне еліктеп, бір-бірінен үлгі алып, алдыңғы буын аға батырларға еліктеп барып батыр болады. Біз Ауған соғысына барғанда Қасым Қайсеновке, Талғат Бигелдиновке еліктедік. Солардай болсақ қой деп армандап, рухтанып жүрдік. Сондықтан Тәуелсіз елдің төл перзенттері де батыр бабаларымыздың рухымен сусындауы тиіс. Ал рухсыз ел ешқашан батырлық жасай алмайды.
Болат САЙЛАН, Ауған соғысының ардагері, тарих ғылымының докторы:
– Қазір қорқатын ештеңе жоқ. Әскери жоғары оқу орындарын, атақ-даңқтарды ұлттық батырларымыздың атымен атау өте дұрыс деп есептеймін. Батырларымыз қазақ елі үшін, жері үшін күрескен, жанын пида еткен. Бізде негізі Бауыржан Момышұлы атындағы ведомостволық наградалар бар. Ал бұл ретте мемлекеттік наградалар шығарылып жатса, мен оны қолдар едім. Сонымен қатар әскери жоғары оқу орындарын, мысалы, бізде бұрынғы Алматы жалпы әскери командалық училищесі Кеңес Одағының маршалы Корниковтың атымен аталды, неге соларға өзіміздің ұлттық батырларымыздың есімін бермеске? Қазақта «адассам – сұраушым, жоғалсам – іздеушім бар» деген аталы сөз бар. Сондықтан батырларымызды өзіміз дәріптеуіміз қажет. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін осындай шаралар жасағанымыз дұрыс деп есептеймін.
Нығмет АХМЕТҰЛЫ, Түркістан қалалық біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы:
– Шымкент қаласында қазір Сабыр Рақымовтың атымен аталатын әскери мектеп-интернаты бар. Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нүркен Әбдіров атында авиабаза бар. Алматыдағы әскери мектепке Б.Момышұлының есімі берілген. Ал Астанадағы «Жас ұлан» республикалық мектебі Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің атымен аталады. Сондықтан бұл мәселе біртіндеп ретке келіп жатыр деп ойлаймын. Енді бұйырса, наградалар да батырларымыздың есімімен берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қорғаныс министрлігіндегі нақ осы мәселемен айналысатын департаменттер бұл төңіректе жұмыс жасаса жақсы-ақ болар еді. Мұны мен әскери адам ретінде сарбаздардың рухын көтеріп, ерлікке, отансүйгіштікке баулуға себі тиетін шара деп білемін.