Атақ үшін емес, ар үшін соғысқан қазақ
Бүгінгі мерейлі мереке қарсаңында жеңіс жолында жан аямай күрескен халқының батыр ұлы, әулетіміздің ардақты әкесі – Аманша Жұмашұлы Меңдіғалиев жайлы естелікпен бөліскім келеді.
Ол 1918 жылдың 15 тамызында Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында (бұрынғы Орда ауданы) дүниеге келген. Атамыз бізге неміс фашистерімен шайқасқан, жан аласып, жан беріскен зұлмат соғыс жылдары жайлы жиі әңгімелеп беретін.
Аманша атамыз алғашқыда әскер қатарына шақырылып, борышын өтеуге Алматы қаласының маңында қалыптастырылып жатқан дивизияға жіберіледі. Басқа әскери қызметкерлермен салыстырғанда жасы сәл үлкен болғандықтан әрі өзінің сауаттылығымен ерекшеленгендіктен бөлім командирі болып тағайындалып, сержант атағын алады. Ол сол кездерде жас жауынгерлерді әскери іске, соның ішінде штаттық қаруды қолданудың әдіс-амалдарына үйретеді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда қазақ дивизиясын Мәскеуді қорғауға жібереді. Мәскеу қаласын қорғағанда 1941 жылы Аманша Жұмашұлының майдандастары ол кісіні 316-ншы атқыштар дивизиясы 1077-полкі 1-батальоны 1-миномет ротасының комсоргі және политруктің (саяси қызметшінің) орынбасары етіп сайлайды.
Қорғаныстың тапсырылған шептерінде қазақстандықтардың батылдықпен, жанкештілікпен шайқасқанын зор мақтанышпен атап өту керек. Дивизия жүктелген міндетті абыроймен орындап, Мәскеу қаласын жау қолынан қорғап қалады. Алайда дивизия командирі генерал-майор Иван Васильевич Панфилов өзінің әскери борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза табады. Батыр генералдың құрметіне дивизия атауы – 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы болып өзгертіледі.
Аманша Жұмашұлы 1942 жылы Старая-Русса қаласы маңында болған шайқаста жараланып, Калинин қаласындағы госпитальда емделеді. 1943 жылы Калинин майданы саяси құрамының курстарында оқып, сосын Чкалов атындағы моторлы артиллерия құрылғылары танкі училищесіне түседі. Аталмыш оқу орнын 1944 жылы офицер шенімен аяқтайды. Украина мен Белоруссияда, Польша мен Балтық маңында «самоходкада» жүріп шайқасады. Польша астанасы – Варшаваны азат етуге, Гданьск, Гдыня, Кенигсберг, Гнезеден, Ландсберг, Мезаритц, Водилавск, Бервальде, Трептов, Темпельбург және басқа да қалаларды алуға қатысады.
Гвардия батареясы командирі А. Меңдіғалиевті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну жөніндегі марапаттау қағазынан үзінді көшірмесі.
Берлин қаласы үшін болған шайқастарда ол кісі 1-гвардиялық танк әскері, 11-гвардиялық танк корпусы 362-моторлы артиллерия полкінің батареясын басқарды. Оның батареясының құрамына Су-76 «самоходкаларынан» тұратын үш взвод, сондай-ақ техникалық және тылдық қамтамасыз ету бөлімшелері кіреді. Берлинді алғандағы көрсеткен ерлігі үшін полк командованиесі Аманша Жұмашұлын Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына ұсынады. Алайда бұдан бұрын алған «Қызыл жұлдыз» және Жауынгерлік Қызыл Ту ордендеріне қоса, Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен екінші мәрте марапатталады.
Аманша Жұмашұлының соғыс жылдарындағы жауынгерлік жолы Алматыдан басталып, Мәскеу-Варшаваны кесіп өтіп, Берлинді алумен абыроймен аяқталған. Ол кісі жауды жеңудің ортақ ісіне өзінің лайықты үлесін қосты. Омырауына тағылған – «Қызыл Ту», «Жауынгерлік Қызыл Ту», «І дәрежелі Отан соғысы», «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «ІІІ-дәрежелі Даңқ» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Мәскеуді азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді ерлікпен шабуылдауға қатысқаны және алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары – соның жарқын дәлелі.
Жауынгерлік міндеттерді орындауда көзге түскені үшін Аманша Жұмашұлы Жоғарғы Әскери қолбасшының және әскери басшылықтың көптеген мақтау қағаздарымен марапатталған. Ардагер-Панфиловшы, 1-гвардия танкі әскерінің ардагері, сондай-ақ 11-гвардиялық танкі корпустарының ардагері болып табылады.
Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов ол кісінің ерен ерлігі мен еңбегін: «Мен бүгінгі күні білетін майдангерлердің ішінде Аманша Жұмашұлы Меңдіғалиев нағыз батыр болып табылады. Ол кісі Халық Қаһарманы жоғары атағына әбден лайық...» – деп жоғары бағалаған екен. (Әскери журналист полковник С.Жағыппаровтың «Жұлдыздар сөнбейді» («Звезды не гаснут») атты кітабынан).
Соғыс аяқталған соң Аманша Жұмашұлы СУ-76 моторлы артиллериялық құрылғылар батареясының командирі ретінде қызметін жалғастырады, ал 1946 жылы әскери қызметтен азаматтық тұрмысқа ауысады. Ол кісі соғыстан кейінгі уақыттың ауыртпалықтары жайлы, сондай-ақ Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, егемен еліміздің қалыптасуы мен дамуы жайлы көптеп әңгімелейтін, Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктеріне қуанатын.
Білімге деген ұмтылыстың арқасында ол кісі бірнеше жоғары білім алды. Ол кісі жауапты қызметтерді абыроймен және адалдықпен атқара білді. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды, «Еңбек ардагері» деген куәлігін алды. Отан үшін сіңірген еңбегінің нәтижесінде еліміздің жоғарғы наградаларының бірі – Отан орденімен марапатталды. Басқа да 16 медальмен, соның ішінде ТМД-ның – Украина және Белоруссия сынды елдерінің медальдарымен де марапатталды.
Аманша Жұмашұлы құрметті демалысына республикалық маңыздағы зейнеткер, отставкадағы подполковник ретінде шықты. Жастар арасында патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізді. Мектептерде, басқа да оқу орындарында, жақын маңдағы әскери бөлімдерде кездесу өткізіп, көрген-білгенімен, мол тәжірибесімен бөлісіп тұрды.
Ол кісіні Мәскеу маңындағы кескілескен шайқас болған – Дубосеково және Крюково деревняларында майдангер-ардагерлермен болған кездесулерге шақырып тұрды. Міне, дәл осы жерлерде Кеңес Одағы астанасы – Мәскеуді аталарымыз көкірегін оққа тосып қорғап, жау қолынан аман алып қалған болатын.
Аманша Жұмашұлы жұбайы Тұрсынай екеуі ғибратты да бақытты ғұмыр кешіп, жеті бала тәрбиелеп, олардан немере мен шөбере сүйген.
Ол кісі өзінің еңбек және жауынгерлік наградалары құжаттарының көшірмесін түгел дерлік Бөкей Ордасы қаласындағы аудандық орталық музейіне өткізді. Ол музейде өлкенің атақты тұлғалары туралы деректер, құнды материалдар жинақталып, сақталады.
Қан майданның небір ауыртпашылықтары мен оттарынан өткен Аманша Жұмашұлы Меңдіғалиев 2008 жылы 90 жасында нағыз майдангерлерге тән ширақтықпен дүниеден өтті.
Мен, осындай батыр әрі ғибратты тұлға отбасы мүшесі болғанымды мақтан тұтамын. Ол кісі адамзаттың ортақ жауы – фашизмді жеңу жолында қолынан келгеннің бәрін жасады. Ол кісінің күш-жігері еліміздің тәуелсіз ұрпағына бейбіт те бақытты өмір сүріп, жарқын болашақ құру мүмкіндігін сыйлаған халықтың ортақ ерен еңбегі мен ерлігінің бір бөлігіне айналды. Өзінің адал да абыройлы еңбегімен туған жеріміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлесін қосты.
Қазақстан жастары ғибратты ғұмыр кешкен осындай адамдардан үлгі алып, ол кісілерден Отанды риясыз сүюді үйреніп, өз елінің нағыз патриоттары болуы тиіс.