КСРО-дан қалған әскери-техникалық «мұра» отандық инвестицияға зәру
Кез келген мемлекеттің қауіпсіздігі жоғары, қорғаны берік, еңсесі биік болуы үшін алдымен әскери саласы мығым болуы керек. Тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі толғандырар мәселесі де – осы. Рас, еліміздегі Қарулы Күштеріміздің басты құралы – әскери техникаларымыз бен қару-жарақтарымыздың сапалы болуы қажет-ақ. Ал қазірде бұл үдеден қалай шыға алып жүрміз? Отандық Қарулы Күштердің әскери техникалармен жабдықталуы, сырттан келетін әскери техникалардың сапалық стандарты қандай? Міне, бүгін біз осы мәселелерді тарқатып көруді жөн көрдік.
Сапа жағы өз алдына, сан жағы да аз
Жалпы, кезіндегі КСРО-ның қарамағында болған елдердің қай-қайсысы болсын әскери-техникалық әлеует жағынан ақсап жатқаны рас. Сол кеңестік кезеңнен қалған әскери-техникалық «мұраның» қызметіне көптеген елдер әлі де жүгініп келеді. Әрине, ол елдердің ішінде Қазақ елі де бар. Өзгелер тәрізді біздің еліміз де там-тұмдап болсын әскери техникасын жаңалауға, қару-жарағын сапалы сайлап алуға тырысып-ақ жүр. Бірақ көрсеткіш анағұрлым жоғары емес. Мамандар мұны жасыруға болмайтынын, себебі мұндайды жасыру күні ертең ұлтқа қауіп төндіретінін жиі алға тартады.
Абзал ТАСТАНБЕКОВ, сарапшы-маман, запастағы офицер:
– Әскери-техникалық әлеуетіміз жайында сөз еткенде сапа жағы өз алдына, сан жағынан да кемшінбіз. Мысалы, еліміздің Қарулы Күштері 70 мың адамнан құралған. Ал іргеміздегі Беларусь елінің Қарулы Күштері 90 мың адамды құрайды. Белорустардың халық саны бізден төмен. Соған қарамастан, олардың Қарулы Күштерінде сандық көрсеткіш жоғары. Бұдан соң біздегі танктердің 30 пайызы – Т-62, 70 пайызы – Т-72. Зерттеп көрсеңіз, бұл техникалар дамыған және дамушы елдерде мерзімі өтіп кеткен техника ретінде қолданылмайды. Тағы айта кететін мәселе – Қарулы Күштерде БМП-1-2 маркідегі бар-жоғы 400-500 техника ғана бар. Ал көршілес Ресей елі мұндай техниканы пайдалануда БМП-3-ке қол жеткізіп отыр. Біздің әскери саланы жаңалау үшін үлкен инвестиция қажет. Сонда ғана біз тегеурінді техникалық қабілет қалыптастыра аламыз.
Расымен де, маман сөзінің жаны бар. Байыптасақ, біздің елімізге еніп жатқан әскери техникаларымыздың дені сырттан әкелінеді. Осындайда «өзге ел бізге шынымен жақсысын бере ме», сол «өзгеге тәуелді болмау үшін қазақ неге өз қаруын өзі сайлауды қолға алмайды» деген сауал мазалайды...
Шағын зауыттар салуға ниеттенбей отырмыз
Абзалында, әскери техникалық деңгейіміз туралы сөз еткенде мамандарымыздың басым бөлігі әскери техникалар құрастыратын шағын зауыттардың бізге қажеттігін алға тартып отыр. «Мұндай зауыттардың болуы, ол зауыттарда білікті мамандардың даярлануы ешқандай елге техникалық тұрғыдан тәуелді болмауымызға жол ашады» деседі мамандар. Негізінен, қорғаныс техникасын шығаратын өз зауыттарымыз бар. Мәселен, Оралда, Петропавлда сондай зауыттар бар. Сарапшыларымыздың пайымынша, бұл зауыттардың өнімдерін бүгінгі күні бәсекеге қабілетті деуге әбден болады. Ол зауыттарда технология да бар, мүмкіндік те мол. Жалпы, 2009 жылы еліміздің қорғаныс өнеркәсібінің жағдайы мүшкіл еді. Ол кездері «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының шығынды қосқандағы таза табысы 258 млн теңгені құраған болатын. Кәсіпорындар Қорғаныс министрлігі құзырына өткен соң ұлттық компания 2010 жылды 350 млн теңге, ал 2011 жылды 1,7 млрд теңге таза пайдамен тамамдады. Демек, бізге «техникамыз тегеурінді емес» деп төменшіктеуге тағы болмайды. «Егер жыл сайын әскери техникаларымыздың 10 пайызын жаңалау қажет болса, соның кем дегенде 3-4 пайызы отандық үлестің еншісінен жаңаланып жатыр» дейді мамандар. Ендеше алдағы уақытта біз сол елдегі зауыттарымызға инвестиция салудан шаршамауымыз қажет...
Жұмаділ БАЙҒҰНШЕКОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Оралдағы «Зенит» зауыты еліміздің әскери флотына арнап әскери-теңіз кемелерін шығара бастады. Сапасы жақсы. Негізі, қорғанысқа арналған техника мен құрал-жабдықты өндіру қолымыздан келеді. Елдің қорғаныс қабілеті ең алдыңғы кезекте тұруы қажет десек, онда қорғаныс өндірісін дамыту жағы да ұмыт қалмағаны дұрыс. Өйткені өзге елдің бізге жақсысын бермейтіні анық. Тіпті қайсыбір жылдары шетелден ауқымды қаржыға пайдаланылған, ескі техникаларды да сатып лған жайттар кездесті. Сондықтан болашақта қорғаныс өндірісі өркендемей ештеңе өнбейді.
Түйін
Негізінде, бесқаруын қарымды етіп сайлап алғысы келген мемлекеттердің дені бүгінде әскери-техникалық базасының бабын келістіріп, бұл саланы барынша сауаттандырып жатыр. Бізге де нақ қазір керектісі – әскери техникалық әлеуетті заманға сай тегеурінді ету және ол техниканы меңгеретін әскери қызметкерлердің біліктілігін арттыру. Міне, алдымен осы екі мәселені шешіп алғанда ғана әскеріміз қуатты, атар таңымыз шуақты болары хақ. Жалпы, әскер саласына барынша молынан инвестиция бөлу турасында Қазақ елінің Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтің «Әскерге салынған инвестиция – ел болашағына салынған капитал» дегені бар еді. Ендеше, ескірген, тозығы жеткен, КСРО «мұрасы» деп танылған техникамен елдің қауіпсіздігін қорғауға 100 пайыздық кепілдік бере алмасымыз тағы анық. Олай болса, еліміздегі әскери техника шығаратын шағын зауыттарды отандық инвесторлар қолдасын делік. Мемлекеттік есеп өз алдына, жекелеген инвестицияның құйылуы да әскери-техникалық базаны баптауда артықтық етпейді...