Әйелдердің зейнетке ерте шығуы туралы петицияны 800 мыңнан аса адам қолдаған
Қазақстандағы әйелдер қозғалысы зейнетке шығуды 58 жасқа білгілеуді талап етіп отыр. Аталған мәселе бойынша қозғалыс белсенділері мемлекеттік құзырлы органдарға жүгінген. Осы петицияны қолдағандар саны 800 мыңнан асқан. Бұл туралы бүгін астанадағы брифинг барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әйелдер қозғалысының мүшелері күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кездесті.
«Министрмен кездесуде оның осы мәселеге оң көзқарас білдіретінін аңғардық. Бірақ нақты шешімнің қашан, қалай қабылданатыны әзірге белгісіз. Жалпы министр біздің ұсынысымызды қолдап отыр. Бізде есеп-қисап бар, соған сәйкес әйелдердің 58 жаста зейнетке шығуы дұрыс деп қарастырдық. Жасты азайтуды ұсынудағы себеп, бүгінде 50 жастан асқан әйелдердің көбісі денсаулық жағдайына байланысты еңбекке қабілеті төмен. Әйелдер қазір барлық салада жұмыс істейді, оның ішінде ауыр жұмыс істейтіндер де бар», - дейді әйелдер қозғалысының мүшесі Жанар Балабекова.
Оның айтуынша, 58 жасында зейнетке шыққысы келмейтін әйелдердің жұмыс істей беруге мүмкіндігі болуы шарт. Яғни, кез келген әйел затында таңдау құқығы болуы тиіс.
«Әйелдерге қатысты зейнет жасын өзгертуден басқа да мәселелер бар. Мысалы, отбасылық зорлық-зомбылық, көпбалалы аналар мәселесі, жалғызбасты аналар, әйелдердің жұмысыздығы және тағы басқа сияқты», - дейді қозғалыс мүшелері.
Айта кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова кеше зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету бойынша Қазақстан әйелдер қозғалысының өкілдерімен бесінші кездесуін өткізді.
Өз кезегінде министр әйелдерді зейнетке ерте шығару үшін әуелі зейнетақы тағайындау параметрлерін өзгерту керектігін айтқан болатын.