«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау жұмысы қарқынды жүріп жатыр
Биыл «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары еліміздің түкпір-түкпіріндегі алыс ауылдарға атбасын бұрып, сол елдімекен тұрғындарының мұң-мұқтажы мен шағымдарын тыңдап, оларды толғандырған түйткілді мәселелердің шешілуіне барынша күш салып келеді. Жыл басынан қазіргі уақытқа дейін партияның қоғамдық қабылдауына қырық мыңнан астам адам жүгініп, шағым айтыпты. Құзырлы мекемелердің басшылары мен әртүрлі деңгейдегі депутаттар сегіз мыңнан аса қабылдау жасап, осы іс-шараның аясында жиырма екі мыңдай азаматтың арыз-шағымына құлақ салған.
Бұл игілікті іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде берген арнайы тапсырмасы бойынша қолға алынып, жалғасын тауып келеді. Партия мүшелері қоғамдық қабылдауларды жыл бойы жүргізіп, барлық өңірге кезек-кезегімен баруды жоспарлап отыр. Ауылдарының алыс болуына байланысты еліміздің көптеген азаматтарына орталыққа барып өздерінің мәселесін шешу түгілі, сол жерге жетудің өзі қиынның қиыны екені айтпаса да түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда қоғамдық қабылдау бүгінгі күні өте қажетті іс-шара. Ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелер де сан алуан. Көпшілік ауылдарға тән ең басты түйткілдер алдымен орталықпен байланыстыратын жолдарды жөндеу, ауыл ішіндегі жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру, азық-түлік бағасының тасымалға байланысты қымбаттығы, денсаулық сақтау орындарының жеткіліксіздігі, дәрі-дәрмек тасымалы, ауырған адамдарды орталыққа жеткізудің қиындығы, білім беру, мектеп, балабақша, дене шынықтыру орындары, мәдени орталықтар, интернет, телефон байланысы, ауыз су, орталық су құбырларының ескіруі немесе орталық құбырдың мүлдем болмауы, отын, көгілдір отын, газ құбыры, фермерлік шаруашылықты субсидиялау, мал жайлымы, жем-шөп, шабындық жерлер, мал ұрлығы сияқты көптеген сұраныстарды құрайды. Партия мүшелеріне түскен арыз-шағымдарға зер салсақ осы аталған мәселелер көпшілік ауылдарға ортақ екеніне көз жеткіземіз.
Осыншама қордаланған мәселелер ауыл тұрғындарының өмір сүруіне, тұрмыс-тіршілігіне барынша қиындықтар тудырып отыр. Мобильді қоғамдық қабылдаулар өткізіп жүрген партия мүшелері азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдап, олармен ортақ келісімде жан-жақты талқылап, тұрғындардың талабын арнайы министрліктерге, мемлекеттік жауапты мекемелерге жолдап, оның шешілуіне атсалысуға белсенді түрде кіріскен. Сонымен қатар, партиялықтар жолданған сауалдарды аяқсыз қалдырмай, құзырлы мекемелердің оған тиісті түрде жауап беруін жіті бақылап отырмақ.
Бүгін міне «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Шығыс Қазақстан және Атырау өңірлеріне бет бұрды. Бір күннің өзінде қыруар жұмыс істеп, оншақты ауылда қабылдау өткізіп, екі жүзден астам азаматтың шағымына құлақ түрді.
Атап өтсек, Шығыс Қазақстан өңіріндегі Алтай ауданы Полянское елдімекенінің азаматы Андрей Шишкунов интернет пен ұялы байланыстың сапасы сын көтермейтініне шағыманды. Оның айтуына қарағанда әлемді індет жайлаған карантин кезінде ауыл тұрғындары байланыс пен интернеттің нашарлығынан көп зардап шеккен екен. Әсіресе ауыл балалары онлайн сабақ оқыған кезде осы қиындықпен бетпе-бет келгенін, қазіргі кезде де интернет арқылы шешілетін шаруаларын жасау үшін қиналатындарын жеткізді ауыл тұрғыны. Сонымен қатар бұл ауылда жол мәселелесі өте үлкен қолайсыздық тудырып отырғаны тағы бар. Аймақтағы Өскемен мен Алтай, Катонқарағай мен Рахман қайнарына қатынайтын күре жолдың жұмысы үш жыл бойы жалғасып, әлі күнге аяқталмай жатыр екен. Ауырып қалған тұрғынға медициналық көмек көрсету үшін шақырылған жедел жәрдем көлігі Полянский ауылына жете алмай, жеті шақырым трактормен жүрген. «Бүгінгі таңда біз үшін осы мәселе өте өзекті, сондықтан жанайқайымызға құлақ асады деген үмітіміз бар», – дейді ауылдың тағы бір тұрғыны Ольга Логвинова.
Сонымен қатар, партиялықтар Шығыстағы Жаңғызтөбе, Қарағайлы, Малонарым, Белтерек сияқты ауылдарға барып тұрғындардың мұң-мұқтажын, арыз-шағымдарын тыңдады. Айталық, Жарма ауданына қарасты Белтерек ауылында ауыз су мәселесі өте өзекті екен. Тіпті адамның ішуі тұрмақ, мал суғаруға да жарамсыз көрінеді. Елдімекен тұрғындары су алу үшін 8 Наурыз деген ауылға баратынын айтады. «Ауыз су мәселесін шешіп беруге көмектесулеріңізді өтінеміз», – дейді осы ауылдың тұрғыны Шынар Ақатаева.
Ал, осы уақытта партияның басқа да қоғамдық қабылдау бригадалары Атырау өңіріндегі Мұқыр, Нұржау, Таңдай, Нарын, Қарағай ауылдарына барып, тұрғындармен жүздесті. Жоғарыда айтып өткеніміздей бұл ауылдардың да мәселелері көптеген ауылдармен ұқсас. Атап өтсек, Құрманғазы ауданына қарасты Нұржау ауылының тұрғыны Оразғали Алғаязовтың айтуына қарағанда республикалық маңызы бар «Астрахань-Ақтөбе» күре жолының құрылысын жүргізуде мал өткелдерін жасауға қаржы қарастырылмапты. Бұл мәселе ауылдағы мал өсіретін шаруаларға қиындық тудырып отыр екен. «Ауылымыздағы жолды дұрыстап салып, шын ниетпен жасағанын қалаймыз», – дейді ауыл азаматы.
Осы ретте тұрғындар өздерінің шағымдарын «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарласып айтуға болатынын да еске салып өтсек жөн болар. Азаматтардың өтінішін қабылдап, зорлық-зомбылыққа ұшырап, әлімжетік көрген әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін тегін қоңырау қабылдайтын номерлер, арнайы орталықтар, WhatsАpp чаттары, е-mail почталар жұмыс істеп тұр.
Осындай қарқынды жұмыс өз нәтижесін беріп, қоғамның дамуына, тұрғындардың өмір сапасынының артуына барынша ықпал етері анық.
Нұрлы Еділов