«Баланы мектепке дайындаймыз» республикалық акциясы басталды
Жадыраған жаз айы аяқталуға жақын қап, қарбаласқан күздің сұлбасы көріне бастады. Мектепке баруға дайындық жасап, бала-шағаның керек-жарағын түгендеу үшін біраз қаржы қажет. Көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға осындай қажеттіліктердің өзі оңай соқпасы анық. Осындай маңызды мәселелерді шешу үшін жыл сайын елімізде әр түрлі ұйымдар, қорлар, партиялар игі бастамалар көтеріп, қайырымдылық жасап, әр түрлі іс шаралар атқарып келеді.
Осы ретте «Нұр Отан» партиясының жасап жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Биыл да республика көлемінде «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында «Баланы мектепке дайындаймыз» қайырымдылық акциясы бастау алды.
Акцияның мақсаты - көпбалалы отбасыларға, материалдық жағдайы төмен отбасыларына атаулы әлеуметтік қолдау көрсету. 2017 жылдың 3 тамызынан бастап «Баланы мектепке дайындық» акциясы Астана қаласында да өз бастауын алды. Акцияның ашылу рәсімі салтанатты түрде оқушылар сарайында өтті.
Көпшілік алдында «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахыт Сапаров сөз сөйледі. - Осы залда Қазақстанның патриот азаматтары, еліміздің болашағы жиналғанына сенімдімін. «Баланы мектепке дайындаймыз» акциясы қазіргі таңда барлық қалаларда өтіп жатыр. Бұл акция көпбалалы отбасыларға және материалдық жағдайы төмен отбасыларына ерекше көңіл бөлу. Бізге қол ұшын беріп көмектескен, қайырымдылық акциясына атсалысқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз, - деді ол.
Бахыт Сапаров балаларға оқу-құралдары бар сөмкелерді, сонымен қатар, балаларға осы қуанышты сыйлауға қол ұшын берген «Highvill Kazakhstan» ЖШС (компания басшысы Ко Донг Хёнгке), «Шапағат» коммуналдық базары» ЖШС (ЖШС директоры М.К.Есболғановқа), Ұлттық басқарушы «Бәйтерек» холдингі (АҚ аппарат басшысы - Д.В.Акрачковаға), «Мемсараптама» РМК ( мекеменің бас директоры Т.Ж.Карагойшинға), «Цеснабанк» АФ (директор А.М.Мурсалиеваға), «GE Kazakhstan» (жетекшісі Ж.Жакеновке) партия атынан алғыс хаттар табыстады.
Іс-шара барысында бүлдіршіндер өлен айтып, би билеп шағын концерттік бағдарлама қойылды. Партияның Астана қалалық филиалы аталған акция аясында 200 отбасыға көмек көрсетті.