Білім басқармасы басшысының әрекеті әкімнің ашуын келтірді
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратованың прокурорлар таққан айыпты мойындамай, ақталуы Сапарбаевтың ашуына тиді. Әкім «Жұмыстан кетесің!» деп кесіп айтты.
Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Облыс прокуроры мектептердегі сенім телефоны мүлде істемейтінін, сайтта сенім телефондары туралы ақпарат жоқ екенін білім басқармасы басшысының бетіне басты. Бірақ, оны облыстың бас ұстазы мойындаған жоқ.
«Біздің облыстық білім басқармасында сенім телефоны жұмыс істеп тұр. Қалалық білім бөлімінде сенім телефонының істен шыққан кезі болды»,-деді облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова.
Басқармасы басшысының ақталуын Бердібек Сапарбаев бос әурешілікке балады.
«Мектептегі сенім телефондарын тексертемін, істемесе жұмыстан кетесің. Ақталудың қажеті жоқ. Сіз неге ақталып тұрсыз? Бұл деректі кез келген адам емес, прокурорлар анықтап, олқылықты айтып отыр. Бір ай бұрын жастармен кездесіп, олардың арасындағы қылмыстың өрпіш тұрғанын мәлімдеген болатынбыз. Содан бері бірдеңе өзгерді ма? Меніңше, ештеңе өзгерген жоқ. Прокуратура проблеманы дұрыс көтеріп отыр. Жасөспірімдер мен жастардың мәселесімен алдымен білім баққармасы айналысуы тиіс»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Облыс прокурорлары әкіммен өткен кездесуде жасөспірімдер арасында қылмыстың жиілеп бара жатқанын айтты. Соңғы 4 жылда облыста 29 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, қаза болған.
Прокуратура мәліметіне сүйексе, жыл сайын мыңға жуық жасөспірім құқық қорғаушылардың есебіне алынады екен. Оларды әрбір 11-шісі оң-солын танымайтын жаста болғандықтан қылмыстық жауаптан босатылған. Облыста өз-өзіне қол жұмсайтын жасөспірімдермен қазір жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Соңғы төрт жылда облыста 128 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, оның 29-ы ажал құшты. Облыста прокурорларды әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп, суицидке шақыратын қоғамдастықта 107 жасөспірімнің тіркелгенін анықтады. Қазір тіркелген кәмелет жасқа толмаған адамдармен психологтар жұмыс істеп жатыр»,-дейді облыстық прокуратураның 10-басқарма басшысы Есентұр Қадыров.
Үйлестіру кеңесінде мұнан өзге мектептердегі қауіпсіздік жайы айтылды. Себебі, облыстағы 17 мектепте мүлде аула жоқ. Көш басын Шалқар ауданы бастап тұр. Мұндағы төрт мектеп қоршалмаған, қауіпсіздік сақталмаған.
Еске сала кетейік, жақында Жанат Самұратова жемқорлық туралы айтқанда жылап жіберген болатын.
nur.kz