Кәсіподақтың басты міндеті жұмысшы құқығын қорғау
Адам өмірінің, қоғам дамуының басты қағидасы еңбек. Еңбек етіп, жұмыс істегенде ғана алға жылжу болады. Бұл тіршіліктің заңдылығы. Қоғамның дамуы азаматтарының өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, еңбегін адал атқаруына тікелей байланысты. Ал еңбегін адал атқаратын әрбір адам қадірлі болуы керек. Жұмыс істеуіне лайықты жағдай жасалуы тиіс. Бірақ жанталасқан нарықтық заманда, қым-қуыт тіршілікте неше алуан жағдайлар болып жататыны жасырын емес. Қоғам дамып, адам санасы жетілген қазіргі уақытта да келеңсіз жайттар жиі кездесіп, жұмыс беруші мен жұмысшының арасында түйіні түрпідей, күрмеуі күрделі мәселелерлер туындап отырады. Бұл адамзаттың даму жолында бірге ілесіп келе жатқан, заманның ыңғайына қарай сан құбылып өзгеріп отыратын күрделі құбылыс. Кез келген адамның көкейіне осы ретте «мемлекетімізде азаматтардың құқығы заңмен қорғалатыны айдан анық емес пе» деген ой бірден оралатыны анық. Әлбетте, азаматтардың құқығының қорғалуы заң жүзінде бекітілген. Ондай түйткілдермен тікелей айналысатын Кәсіподақтар федерациясы, кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Кәсіподақ ұйымдарының құрылу тарихы да тым тереңде жатқанымен қазірге дейін бұл ұйымның барын білсе де немен айналысатынына мән бере бермейтін адамдар да баршылық. Бұндай жағдайларды күнделікте өмірде жиі кездестіріп жүрміз десек артық айтқандық болмас.
Мемлекетіміздің «Кәсiптiк одақтар туралы» Заңы барын да атап өткен артық етпес. Арнайы Кәсіподақтар Федерациясы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Ол еңбекерлердің және кәсіподақ мүшелерінің құқығы мен мүддесін қорғаумен тікелей айналысатын ұйым. Еліміз егемендік алып, жеке мемлекетіміздің шаңырағын көтеріп, уығын тіктеген алғашқы жылдарында-ақ кәсіподақ ұйымы құрылған болатын. Осы істен-ақ мемлекетімізде кәсіподақ жұмысына ерекше көңіл бөлінетіні белгілі. Ал кәсіподақ жұмысына баса мән берілуі жұмысшы құқына көңіл бөлудің басты әрекеті. Кәсіподақтар ұйымы осы уақытқа дейін қанша ма келелі жұмыстардың ұйытқысы болды. Мемлекет басшысы да кәсіподақ ұйымдары жұмысшылар мен жұмыс берушілер ортасында салихалы келісімдер қалыптастырып еңбек қатынастарын реттеуге ықпал етуі керектегіне баса мән беріп отыр. Осы ретте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан кәсіподақтары федерациясының XXVI съезі қатысушыларына жолдаған үндеуінен мысал келтіре кетсек артық болмас. «Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл – менің нақты ұстанымым. Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі. Сіздер еңбек нарығын қарқынды дамыту, жастарды еңбек үдерісіне тарту, ел азаматтарының әлеуетін арттыру тұрғысынан мемлекетке зор қолдау көрсетіп келесіздер» деген болатын Мемлекет басшысы.
Сондықтан бүгінгі мақаламызда да «кәсіподақ дегеніміз не және ол не үшін қажет?» деген сауалға жалпылама тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз. Кәсіподақ ұйымы – бұл жалпы мүдделері бар кәсіпорын қызметкерлерінің бірлестігі. Бұл бірлестік ерікті негізде оның барлық мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында құрылады. Түсінікті болу үшін мысал ретінде кейбір жайттарды айта кетсек. Кез келген еңбек қатынастарының ерекшелігі бір тараптың бағынышты болуы деп санауға болады және бұл жұмыс берушінің талаптары мен нұсқауларының міндетті түрде орындалуын көздейді. Кей жағдайда жұмысшылар жұмыс берушінің әділетсіздігіне, тіпті заңсыз әрекеттеріне тап болатын оқиғалар да кездесіп жатады. Ал жеке адам бұндай әділетсіздікке қарсы қандай да бір шара қолдана алмайды. Керісінше, жұмыс берушінің айыппұл салуға, жұмыстан шығаруға немесе қызметкерлерге әсер етудің басқа шараларын қолдануға барлық құқығы бар. Әрине, әр түрлі мемлекеттік органдар арқылы олардың мүдделерін қорғаудың тетіктері бар, бірақ бұл үшін процессуалдық заңнаманы жақсы білу қажет. Міне осындай келеңсіз жайттарды еңбек қатынастарында көптеген мәселе бар екендігін ескерсек, кәсіподақтардың рөлі күннен-күнге арта түсуде. Кәсіподақтар белгілі бір ұйымның еңбек ұжымының өкілдерінен оның мүшелерінің мүдделерін қорғау үшін құрылады. Егер жұмыс беруші қарапайым жұмысшыға қарсы қандай-да бір заңсыз шаралар қабылдауға тырысуы мүмкін болса, ал кәсіподақ мүшесімен ондай тәуекелге барғысы келмейді. Кәсіподақ мүшелері өз құқықтарын қорғауға және жаңартуға, жұмыс берушімен түрлі мәселелер мен дауларды шешуге сене алады.
Елімізде әлі күнге дейін бұл ұйымдарды тиімсіз деп ойлатын адамдардың бары да жасырын емес. Олар жұмыс берушімен қатынастарда өз мүдделерін белсенді қорғай алмай қалатыны да сондықтан. Бірақ та шынайы түрде қарайтын болсақ әділ шешімдерге қол жеткізетін кәсіподақ ұйымдарының табысты жұмысының көптеген мысалдарын атап өтуге болады. Жұмысшы құқын қорғауға кәсіподақ ұйымдары араласқан жағдайда жұмыс берушілер еңбек заңнамасының нормаларын ескеріп, заңды бұзбауға тырысатына да шындық. Міне сондықтан еңбек нарығында кәсіподақ ұйымдарының рөлі айтарлықтай маңызды. Кәсіподақ ұйымы еңбек қатынастарында жұмысшы немесе қызметкер құқығын қорғаудың басты кепілі десек артық айтқандық болмас.
Көп ретте жұмыс беруші мол пайда табуы үшін жұмысшы құқын кейінге шегеретін жайттар кездесіп тұрады. Соңдықтан көзге көрінбейтін заңсыздықтарға жол берілуі мүмкін. Осындай келеңсіз жағдайларда жұмысшылар кәсіподақтың көмегіне сенім арта алады, оның басты міндеті олардың мүдделерін қорғау. Еңбек нарығын реттеудегі кәсіподақтардың басты міндеті - әр қызметкердің маңыздылығын арттырып, жұмыс беруші тарапынан заңдылықтың сақталуын қадағалап, адам тағдырына деген жауапкершілікті арттыру.
Барлық адамның сауаты артып, қоғам дами түскенімен көптеген қызметкер кәсіподаққа не үшін кіру керектігін және одан қандай пайда көретіндеріне баса мән бермейді. Жалпы айтар болсақ кәсіподақ ұйымын жұмысшыларға кәсіби қызметі барысында туындайтын әр түрлі мәселелерді шешуге көмектесетін серіктес ретінде қарастырса жөн болады. Түсінікті болу үшін айтып өтсек кәсіподақ мүшесі болып қабылданған әр адам мына мәселелерді шешеуге қол жеткізе алады. Біріншіден, құқықтық мәселелер бойынша ақысыз кәсіби көмек және кеңес ала алады. Екіншіден, әлеуметтік, экономикалық және кәсіби құқықтарын қорғауға мүмкіндігі мол. Үшіншіден, жұмыс берушімен арада жанжалды жағдайлар туындаған кезде жан-жақты қолдауға ие болып, әділдікке қол жеткізе алады. Төртіншіден, еңбек шартының орындалуын бақылауға мүмкіндік мол. Бесіншіден, еңбегіне төленетін ақыны көбейтуге және еңбек жағдайын жақсарту мәселелерін шешуге кеңес ала алады. Біз бұл ретте жалпылама жағдайларды ғана атап өтуге тырыстық. Ал заң жүзінде барлық мәселе тереңірек қарастырылатыны сөзсіз.
Осы орайда жұмыс берушіге арналған кәсіподақтың болатыны жайлы да сөз қозғай кетсек. Кәсіподақ ұйымымен ынтымақтастық жұмыс берушіге көптеген жеңілдіктер береді. Біз басты мәселелеріне ғана тоқталып өтсек. Кәсіподақ алдымен жұмыс беруші жұмыс күшіне қатысты әр түрлі мәселелерді шешуде сенімді серіктес деуге болады. Сонымен қатар жұмыс көрсеткіштерін жақсартуға, еңбек тәртібін орнатуға, қызметкерлердің өз міндеттерін орындауға жауапкершілікпен қарауына көмектеседі. Еңбек даулары болған жағдайда сауатты түрде шешімін табуға ықпал етіп және қабылданған шешімдердің заңды негізде орындалуын қадағалайды. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбек заңнамасының орындалуына әсер ететін мәселелерді шешуге көмектеседі. Жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға және жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Жұмыс барсындағы келеңсіз оқиғалардың алды-алуға да септігі мол. Сондықтан өз кәсіпорнының тұрақты жұмысына және оны одан әрі дамытуға мүдделі жұмыс беруші кәсіподақ ұйымын құруға және оның тиімді жұмыс жасауына үлес қосады.
Әрине осы мақала арқылы оқырман қауымға кәсіподақ жұмысы туралы жалпылама мәлімет беруге ғана тырыстық. Ал негізінен кәсіподақ жұмысы туралы заңда барлық мәселе жан-жақты және тереңірек қарастылыған.
Әлем бойынша кәсіподақтар қызметінің бір ғасырдан астам тарихы бар екен. Елімізде кәсіподақ ұйымдарының тұтас негізі қалыптасқан. Бұл кезеңде олар өздерінің тиімділігі мен қажеттілігін бірнеше рет дәлелдеді, өйткені кәсіподақ қызметі жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қатынастарды реттеуге, оларды өзара тиімді және нәтижелі етуге мүмкіндік береді. Таға да қайталап айтсақ кәсіподаққа кіру арқылы әр қызметкер өзінің құқықтарын қорғауға, еңбек жағдайларына, әлеуметтік және материалдық қамсыздандыруға байланысты барлық өзгерістер туралы үнемі ақпарат алуға, сондай-ақ заңды тұрғыдан сауатты, еңбек қызметіне қатысты кез-келген мәселелерді шешуге сене алады.
Мемлекетімізде әр адамның құқы түбегейлі қорғалады, барлық мәселе заң жүзінде қарастырылып әділ шешімін табады. Кәсіподақтар туралы заңнаманы орындамаған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап беретіні тайға таңба басқандай анық. Өйткені еліміздегі барлық бастамалар мен атқарылған істер, заңдар, ұйым жұмыстары тек қана халқымыздың өмірін жақсартып тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Нұрлы Еділов