Оқушыларға контрабандалық тауарлар таратылды
Маңғыстаудағы мектептерге 40 млн теңгенің контрабандалық тауарлары таратылып берілді. Оқушыларға мұндай сыйлықты облыстық Көлік прокуратурасы жасап отыр. Аймаққа Қытайдан заңсыз жолмен келген оқу құралдары мен кеңсе тауарлары осыдан 3 жыл бұрын ұсталған болатын. Қылмыстық іс қозғалып, 30 тоннаны құрайтын тауар соттың шешімімен иесіз деп танылған еді. Оны сот орындаушылар мемлекет пайдасына өндірулері тиіс болатын. Алайда сот шешімі орындалмай, әлгі оқу құралдары осы уақытқа дейін қоймада жатып қалған. Жуырда су жаңа тауарлар прокурорлардың араласуымен Мұнайлы ауданындағы мектептер мен балабақшаларға үлестіріліп берілді. Енді ауыл балалары тегін дәптер, қаламмен қамтамасыз етілмек. Ғалым Байғонысов, облыстың көлік прокуроры -Бұдан бұрын біз мұндай тауарларды сауда-саттықа салып, түскен қаражатты мемлекет пайдасына аударған болсақ, биылғы жылдан бастап, осындай тауарларды оларға мұқтаж балалар үйі, мектептерге тапсыру мүмкіндігі туды. Нәтижесінде осы жұмыстардың арқасында біз жергілікті атқарушы органдарға жалпы құны 560 млн теңгені құрайтын тауарлар тапсырдық.