Қазақстанда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға байқау жарияланды
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын тағайындау бойынша конкурс жариялады, - деп хабарлайды Алаш айнасы.
Биылғы жылдан бастап «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жемiстi ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын тағайындалады.
Номинациялар қатарына ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық музыка, қоғамдық қызмет енеді.
Сыйлық алуға үміткер ретінде халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып табылатын 29 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін азаматтар үміткер болады.
Сыйлық бір уақытта әр номинация бойынша екіден артық емес ізденушіге берілуі мүмкін, бұл жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты қайта беруге жол берілмейді. Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды.
Сыйлық алуға кандидатуралар ұсынуды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргiзедi.
Сыйлық алған адамдарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табыс етiледi.
Сыйлықтар салтанатты жағдайда беріледі, марапаттау рәсiмi Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiне орайластырылады.
Үміткерлердің құжаттары 2017 жылдың 19 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінде қабылданады.
Айта кетейік, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын тағайындалады. Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті қаулыға қол қойды. Бұған дейін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы номинациялар бойынша екі жылда бір рет ғана тағайындалып келді.
Дайындаған Таңат Жайлау