Қуатты, қазыналы Маңғыстау
Маңғыстаудың алдында тұрған негізгі міндет – «2015 жылға дейін Маңғыстауды дамыту» бағдарламасы. Ол бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі: мұнайгаз өндіру секторын дамыту, өлкенің транзиттік әлеуетін арттыру, құрылыс индустриясын, туризм мен ауылшаруашылығын дамыту, тұрақты даму жобаларын дамыту секілді тармақтардан тұрады.
Республикалық бюджетке донор болып отырған үш облыстың қатарына жататын Маңғыстау бұл күнде экономикалық әлеуетінің жоғарылығымен ерекшеленіп отыр. Нақтырақ айтқанда, Ішкі өнімнің өсуі соңғы 3 жылда 1 трлн 600 млрд теңгеге жетті. Салықтың түсімі жағынан да Маңғыстаудағы өндіріс ошақтары ел қазынасына айтарлықтай қаржы беруде. Мәліметтерге сүйенсек, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 145,9 млрд теңге, «Өзенмұнайгаз» АҚ – 118,2 млрд теңге, «Каражанбасмұнай» АҚ – 62,4 млрд теңге салық төлесе, «Бозашы Оперейтинг», «Қарақұдұқмұнай» – 76,1 млрд теңге салық төлеген. Маңғыстауда соңғы 9 айда 13,4 млн тонна мұнай алынған. Ал республикадағы өндірістің 13 пайызы Маңғыстауда шығатынын ескерсек, соңғы 3 жылда өндіріс өнімдері 2 трлн170 млрд теңгеге жетіпті. Бұл – Маңғыстау экономикасы деген алдымен ауызға ілінетін цифрлар тізбегі. Тарқатып айтатын болсақ, мұнайлы өлкеде бұдан бөлек ауыз толтырып айтарлықтай орасан көп атқарылған жұмыс бар.
Мұнай және Маңғыстау
Маңғыстау дегенде ауызға алдымен мұнай-газ ілігеді. Маңғыстауда елдегі мұнай қорының 23,4 пайызы, табиғи газдың 8 пайызы бар. Көмірсутек шикізатында 702,5 млн тонна мұнай, 157 млрд текше метр газ, 4,7 млн тонна конденсат қоры бар болса, ашылған 70-ке тарта кен орнының 27-сінен еліміздегі мұнайдың үштен бір бөлігі өндіріліп келеді.
Қаламқас, Жетібай, Өзен, Қаражанбас, Қарақұдық, Құрманғазы, Доңға, Жемчужина, Блок Н, Арман, Тасболат, Қарамандыбас кен орындары тек маңғыстаулықтардың ғана емес, еліміздің төрт қиырынан келіп жұмыс жасап, нәпақа айырған қазақ баласының игілігіне жарап тұр. Мұнайлы Маңғыстауда отандық және өңір байлығын бірге игерісуге ынтызар шетелдік ірі компаниялар шоғырланған. «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Каспий өңірлік машина құрастыру кешені», «Ақтау порты», «Қазтеңізтрансфлот», «Қаражанбасмұнайгаз», «Қарақұдықмұнай», «Бозашы оперейтинг», «Каспий меруерті оперейтинг», «Н оперейтинг», «Құрманғазы петролеум», «Хазар», «Ерсай», «ҚазАзот», «Маңғыстау атом-электр комбинаты», «Keppel Kazakhstan», «Теңіз сервис» секілді ірі компаниялар облыстың экономикалық қана емес, әлеуметтік салаларының еңсе тіктеуіне қолдау көрсетіп, ел өміріне белсене араласқан құрылымдар. Бұл мекемелердің демеушілігімен облыста жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, мұқтаж тұрғындарға материалдық тұрғыда жәрдем беріп келеді. Екіжақты бірлескен жұмыстар нәтижесі облыстың экономикалық әлеуетінің аз уақытта біраз серпілуіне жол ашты.
Статистикалық көрсеткіш бойынша, былтырғы 10 аймен салыстырғанда Маңғыстау өнеркәсіптері 1,9 пайыз артық жұмыс жасағаны анықталып отыр. Ол негізінен мұнай өнімдерін өндірумен байланысты екенін белгілі. Астанада өткен брифингте облыс әкімі Алик Серікұлы Мұнай-газ өндiру секторы мемлекеттiк бюджет пен Ұлттық қорға құйылатын түсiмдердiң үлкен бөлiгiн құрайтынын, 2013 жылдың 9 айында түсiмдердiң жалпы көлемi 662 млрд теңгеге жеткенін айтты. Ағымдағы жылдың 9 айында өңiрде 13,4 млн тонна мұнай өндiрiлген. Осы 10 айдың көрсеткіші бойынша, 1,810 млн куб табиғи газ өндірілді.
Сөз арасында айта кету керек. Аймақта еліміздегі ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорындар, яғни өңірдегі өндірістің 31 пайыздан астамын, республика бойынша 8 пайызын қамтамасыз ететін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ-тың 100% еншілес компаниясы болып табылатын «Өзенмұнайгаз» АҚ, Маңғыстау облысындағы алдыңғы қатарлы мұнай өндіруші кәсіпорындардың үздік үштігіне кіретін «Қаражанбасмұнай» АҚ, Ақтау маңындағы Доңға кен орнының 60 пайыздық үлесі мен операторлық құқығына ие «MaerskOil» компаниялары бар. Бұлардың барлығында да жаңа технологиялармен жабдықтау жұмыстары жүзеге асуда.
Бағдарламалар жеміс бере бастады
Маңғыстау түбегі тек мұнайға ғана бай емес. Оның қойнауында байлық жеткілікті. Менделеев таблицасындағы элементтердің кез-келгенін осы өңірден табуға болады. Тек ұлутастың өзі Маңғыстау емес, көрші облыстардың құрылыс нысандары үшін де таптырмайтын материал болып отыр.
2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2010 жылдан бері барлығы 34 жоба ұсынылды. Оның ішінде 23 жоба нақты қаржыландырылды. Бұл 23 жобаға барлығы 131,4 млрд теңге инвестиция тартылды. 1861 адамға жұмыс орны ашылды. Бірақ осы жобалардың ішінде, 9 жоба нақты іске асырылып, бүгінгі күні өз күшіне енген. 9 жобаға 94,5 млрд теңге жұмсалды. Барлығы 1254 адамға жаңа жұмыс орны ашылды.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – аймақтардың алға басуына, сол арқылы еліміздің нығаюына серпін берген бастама. 2010-2012 жылдары облыста 23 жоба аяқталды. Оның біреуі Республикалық картаның еншісінде, қалғаны – өңірлік деңгейдегі жобалар. Бұған дейін «ҚазАзот», «Бейнеу элеваторы» пайдалануға берілсе, Ақтау қаласындағы «Caspi Bitum» БК» ЖШС-ның «Ақтау пластикалық массалар зауытында жол битумдарын өндіру» жобасы, «Каспий Цемент» ЖШС-нің Шетпе ауылындағы цемент зауыты биыл пайдалануға берілмек.
«Каспий Цемент» ЖШС-ның зауыт құрылысы қазір межеге жақындап қалды. Зауыт оңтүстік Шетпе, Аусар кен орындарының шикізаттарын пайдаланады. Кен орындарынан шикі өнімді алу үшін жол салынып, жобалау-іздестіру жұмыстары жүруде. Зауыт маңының инфрақұрылымы жасақталған. 6 шақырымдық теміржол төселіп, стансы беттегі теміржол желісі жөндеуден өткен. Электрмен жабдықтау орталығының құрылысы салынуда. Жеті ұңғыма қазылып, артық су қоры шамаланып, су дайындау нысанының құрылысы қолға алынбақ. Зауыттың құрылыс жұмыстары 800 адамды жұмыспен қамтып отыр, ал өз күшіне енген сәтте 300 жанның жұмыс орнына айналмақ. Кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталады деп күтілуде, бұл өз кезегінде цемент өндірісіне қуат көзінің әдеттегіден аз жұмсалуына мүмкіндік береді екен. Құрылыс жұмыстарына арналған цементтің жылына 1 млн тоннасын өндіруді жоспарлап отырған «Каспий Цемент» ЖШС басшылығы оны Ақтау халықаралық теңіз сауда порты арқылы Әзербайжан, Ресей елдеріне экспорттамақ. «Каспий Цемент» ЖШС-ның қызметкерлері өткен жылдан бастап, Ресейдің Белгород, Тула, Стерлитамак, Брянск қалаларындағы зауыттарда, техникалық жоғары оқу орындарында, өзіміздің Өскемен қаласындағы цемент компаниясы базасында түрлі тақырыптарда тәжірибе жинақтап, білім алуды тұрақты дәстүрге айналдырған.
Цемент зауыты қолданысқа 2013 жылдың желтоқсан айында тапсырылуы тиіс.
Жол-көлік саласын дамыту, жол сапасы мен бағыттарын арттыру бойынша серпінді жұмыстарды қолға алған елімізде жол құрылысы үшін қажетті материалдың бірі – битум. Осы бұйым енді Маңғыстауда өндіріледі. Республикалық индустрияландыру картасы аясында осыдан үш жыл бұрын іргетасы қаланған зауыт құрылысы жобасының құны 43,5 млрд теңге болса, зауыттың құрылысы 38,3 млрд теңгені құрайды. Еліміздің «Мұнай және газ» институты жобалаған жобаның құрылыс жұмыстарын «КазСтройСервис» мемлекеттік құрылыс компаниясы» АҚ мен CITIC Kazakhstan компаниясы жүргізіп жатыр. «КазСтройСервис» Ұлттық мемлекеттік құрылыс компаниясы» АҚ құрылыс-монтаж жұмыстарын, жалпы, зауыттық құрал-жабдықтарды жеткізуге міндетті болса, CITIC Kazakhstan компаниясы ЭЛОУ-АВТ технологиялық құрал-жабдықтарын жеткізу, битумдарды түрлендіру, оларды өлшеп, бөлшектеумен айналысады. Шикізат көзі қашық емес – Қаражанбас кен орны. Жаңа зауыт жылына 1 млн тонна мұнай пайдалана отырып, жыл бойы 406 мың тонна жол битумын өндіруді межелеген. Оның ішінде 161 мың тонна түрлендірілген битум, бензин-дизель фракциясы 255 мың тонна, вакуумдық газойль көлемі 330 мың тоннадан кем болмайды деп отыр. 300-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ұсынып, ел экономикасының дамуына үлес қосатын бұл зауыт та жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Биылғы жылы 64 млрд теңге тұратын 1036 жаңа жұмыс орны бар, 11 жоба аяқталуы жоспарланған. Мұнай өңдеу және мұнай-газ секторы инфрақұрылымы саласында «Ақтау пластикалық массалар зауытында жол битумдарын өндіру», «Мұнай мен мұнайлы қалдықтарды өңдеу жөніндегі шағын зауыт», «Мұнай мен мұнай өнімдерін сақтау жөніндегі терминал», медицина саласында «Сұйық дәрі-дәрмектік формалар мен медициналық бағыттағы бұйымдарды өндіру жөніндегі фармацевтикалық кешен», агроөнеркәсіптік кешен және ауылшаруашылық саласында «Тауарлық бекіре фермасын салу және пайдалану», энергетика саласында «Жел электр стансысын салу», құрылыс саласында «Бетоннан бұйымдар өндіру», «Газ және суға арналған полиэтилен құбырлар зауыты», химия өнеркәсібінде «Аммиак, азот қышқылы және аммиак сілтісі өндірісін тұрақтандыру және жаңғырту» жобалары іске асырылмақ.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 106 жоба мақұлданып, 39,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал, жалпы, соңғы үш жылда 1,4 млрд теңгеге шағын несиелер берілген. Мұнымен екі мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Ірі жобалар
Ал облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 110,8 млрд теңгені құрайды. Оның негізгі бөлігі «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы мен «Атырау-Ақтау» автокөлік жолын қайта құрылымдау құрылысы сияқты ірі жобалар есебінен қамтамасыз етілуде.
Қытай, Ресей, Шығыс және Батыс Еуропа сияқты ірі сауда рыногына қатысушылардың ортасында орналасқан Қазақстанның Ақтау порты – Каспий, Қара теңіз бен Жерорта теңізі және Балтық бассейндері, Парсы шығанағы, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия елдері порттарына шығуды қамтамасыз ететін ТРАСЕКА және Солтүстік-Оңтүстік халықаралық дәліздерінің құрамдас бөлігі. Халықаралық төрт көлік дәлізінің екеуі үстінен өтетін Маңғыстау автокөлік, теңіз, әуе, теміржол тасымалы арнасының кеңеюімен тоғыз жолдың торабы болған бағзы қызметімен қайта қауышты. Өткен жылы аяқталған «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» жаңа теміржол желісі Түрікменстан жағының теміржол құрылысын аяқтады. Тұсауы кесілген «Бейнеу-Жезқазған» теміржол құрылысы еліміздің тауар айналымы қуатын арттыратын желі болмақ.
Тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру шеңберінде соңғы үш жылда 1,5 млн шаршы метрден астам немесе 11 672 тұрғын үй мен пәтер пайдалануға берілген. Оның 180,8 мың шаршы метрі немесе 1751 пәтері мемлекеттік қаржы есебінен салынды. Биыл 340,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бюджет есебінен тас жолдарды салуға биыл 3,5 млрд теңге бөлінген.
Осы орайда айта кету керек, өңірде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдеріне деген сұраныс өте жоғары. «Күні бүгін осы мәселе бойынша әкімдіктерге берілген арыздардың саны 146 мыңнан асады» – дейді қалалық жер бөлімі басқармасы. Алайда жер телімдері тек тиісті инфрақұрылым, бас жоспар және егжей-тегжейлі жоспарламалар болғанда ғана берілетіндіктен, жоғарыдағы арыздар әзірге қаралмаған. Осыған биыл жергілікті бюджеттен 178 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жыл аяғына дейін 21 ауылдық елді мекендердің даму жоспарлары жасақталатын болады.
Ауыл шаруашылығының ауыр шаруашылығы
Өңір шығаратын жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі мардымсыз, яғни 0,3 пайызды құрайды. Бұған тұщы судың тапшылығы, қатал табиғи жағдай, жайылымдардың аздығы сияқты объективті себептер бар. Әлем бойынша су мәселесі ХХІ ғасырда өте өткір бола бастады. Ал шөлді Маңғыстау үшін судың құны неден болса да, артық болары сөзсіз. Ауызсу, оны үнемдеу, жаңа су көздерін ашу, тұрғындарға таза су беру мәселелері күн тәртібінен түсуге тиіс емес.
Осыған қарамастан, соңғы үш жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6 есеге (4,4 млрд теңгеден 7,2 млрд теңгеге дейін) артты.
Жылдан-жылға мемлекет қазынасына түсім көлемі бойынша оң динамика байқалып келеді.
Өткен жылмен салыстырғанда түсім қарқыны республикалық бюджет бойынша 14 пайызға, жергілікті бюджет бойынша 43 пайызға көбейді.
Жаңарған Жаңаөзен
Мұнайлы Жаңаөзен – еліміздің мұнай өндірісі саласындағы айтулы нүктелердің бірі. Ақтаудан оңтүстік-шығыс бетте 150 шақырым қашықтықта орналасқан қаланың іргетасы 1968 жылы Өзен мұнай кенінің игерілуіне байланысты қаланған. Тұрғындар саны 120 мыңнан асатын қалада бірқатар әлеуметтік мәселелер шиеленіске түскен еді. Жаңаөзенде 60 мың адам тұрғыны бар кезінде 16 млн тонна мұнай өндірілетін, ал қазір 120 мың адам тұрады, 5 млнтонна мұнай өндіреді. Осыған қарап жағдайды байқауға болар, алайда соған қарамастан, қала өркендеп келеді. Қазір қаладағы әлеуметтік мәселелер мен тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымның мәселелері белсенді дәрежеде шешіліп отыр деп сенімді түрде айтуға болады. Балабақшалар саны өсуде. Апаттық жағдайдағы мектеп жоқ. Көп жылдан кейін жазда ыстық және суық су берілетін болды. Қала жылумен тұрақты қамтамсыз етіліп тұрғаны – соған дәлел.
Елбасының шағын қалаларды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Жаңаөзен қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы жасалып, экономикасы мен өндірісіне, әлеуметтік және инфрақұрылымдық ахуалына көңіл бөлініп келеді. Биылғы жылға республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа қаладағы бірқатар шағын аудандардың көшелерін абаттандыру, автокөлік жолдарын жаңарту, жаяу жүргіншілер жолдары мен автотұрақтар салу жұмыстары жасалған. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының акционерлік қоғам боп қайта құрылуы тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуы секілді мәселелерге оң серпін бере бастады.
Қосымша дерек:
1973 жылы құрылған Маңғышлақ облысы 1988 жылы таратылып, 1990 жылы тарихи Маңғыстау атауымен қайтадан жеке облыс болып құрылды.
1960-шы жылдары мұнай табылып, Маңғыстаудың жаңа тынысы ашылды. Бұл тарихи сәтті жазушы Әбіш Кекілбай «Ұйқыдағы арудың оянуы» деп суреттеді. Соңғы жылдары халық санының артуымен де көзге түскен Маңғыстау облысында бұл күнде алты жүз мыңға жақын халық тұрады. 2007 жылы Тәуелсіз еліміздегі алғашқы аудан – Мұнайлы ауданы құрылды. Бүгінде Бейнеу, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы аудандары мен Ақтау, Жаңаөзен қалалары секілді жеті аймақтық әкімшілік бөлініске бөлінген, 6 кент, 55 ауылдық елдімекен, 43 ауылдық округтен тұратын облыс экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамып, индустриялық-инновациялық өркендеудің орталығына айналғандай. Маңғыстау экономикасымен ғана емес, тарихи-мәдени, әдеби байлығымен де ерекше. Маңғыстауда Республикадағы мәдени-тарихи ескерткіштердің 70 пайызы орналасқан.
Ақтау порты – Каспий теңізіндегі ірі порт
Каспий теңізінің Маңғыстауға қараған жағалауы 1400 шақырымға созылып жатыр. Тереңдік тұрғысынан кеме тоқтауға қолайлы орын да осында. Бұл құрлық және әуе, сондай-ақ құбырлар жолы дамыған Қазақстанның сырт мемлекеттерге шығып, сауда-саттығын айыруына, экономикалық қуаттануына мүмкіндік берді.
1963 жылы Каспий теңізінің шығыс жағалауынан Маңғышлақ өңірінде уран өнеркәсібінің өрістеуі, мұнай кен орындарының өнімдерін тасымалдау және шеткі аймақтардың экономикасын көтеру, Кеңес Одағының қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында салынған порттың жылына тасымалдаған жүгінің басым бөлігін мұнай, қалған бөлігін құрғақ жүктер құрады. Жұмысы маңызды сипатпен қарқын ала жөнелген порт Одақ тараған соң аз уақыт тоқырауға түсіп, 1995 жылы Тәуелсіз еліміздің металын экспорттауға және мұнай тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты қайта жанданды. Ақтау порты жыл өткен сайын алдына жаңа мақсат қойып, алға ұмтылған Қазақстанмен бірге түледі деуге болады. 1999 жылы порттың қайта жаңғырту жұмыстарының бірінші кезегі аяқталып, ол салтанатты сәтке Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қатысты. Жаңғыртудан соң порттың құрғақ жүктерге қызмет көрсетуі 2,0 млн тоннаға, мұнайды аударып-тиеу 11,5 млн тоннаға жетті. Өндірістік мүмкіндіктері артып, инфрақұрылымдық әлеуеті күшейген порт маңызы халықаралық деңгейге жетті. Еліміздегі бірегей теңіз порты жүктерді сақтайтын кең алаңдары, контейнерлер паркі, жүктерді өңдейтін әмбебап үш, кемелер өңдейтін бір айлағы, теміржол вагондарын кіргізетін паром кешені, бір мезгілде 12 мың тоннаға дейінгі сыйымдылықтағы төрт танкерді өңдеу мүмкіндігіндегі төрт мұнай айлағы, жүктерді ауыстырып тиейтін құралдары бар көп мақсатты терминалға айналды.
Ақтау порты – Каспий теңізіндегі ірі порт, теңіздегі жалпы жүк айналымының 30 %-ы осы порттың үлесінде. Жыл сайын Қазақстан арқылы шамамен 16 млн тонна транзиттік жүк тасымалданады, ол 1 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс әкеліп тұр.
Ақтау портынан аттанған кемелер су жолы арқылы Астраханьға, одан Еділ-Дон каналы арқылы Қара теңізге, одан Жерорта теңізіне, мұхиттарға шыға алады. Ақтау портынан шығатын теңіз жолдарының екеуі Иранға, біреуі Бакуге жүк жеткізеді. Ақтауға келіп түскен жүк құрлық жолдары арқылы өз еліміздің әр түкпіріне, Сібірге, Шығыс елдеріне тарайды. Қазақстан шетелдерге шикізат, соның ішінде мұнай мен астық өнімдерін жөнелтсе, сырттан түрлі жабдықтар мен тауарлар қабылдайды. Порт қазіргі таңда еліміздің су көлігі жүйесінің дүниежүзілік көлік жүйесіне интеграциясын қамтамасыз ету, өзінің стратегиялық рөлін күшейту, Қара теңіз және Иранның солтүстік порттарына шығу арқылы баламалы көлік бағыттарын дамыту, Қазақстанның халықаралық саудаға қатысуы секілді маңызды міндеттерді алдына қойып отыр. «Ақтау портында контейнер терминалын дамыту Әзербайжан мен Грузия арқылы транзитпен Еуропадан, Иран арқылы Біріккен Араб Әмірліктерінен, Қытайдан, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінен Еуропаға жүк тасымалдаудың жаңа ағымын ашады» деп бағалайды мамандар. 2006 жылы портты солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары басталып, бүгінге дейін 86,2 млн АҚШ долларының жұмыстары іске асырылды. Жобаның бірінші кезегінде кемелерді теңіз толқындарынан қорғайтын арнайы қабырға, толқын тойтарғыш нысан салынып бітсе, екінші кезең аясында теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүруде. Сондай-ақ үш құрғақ жүк терминалы салынады. Порттың солтүстік бағытта кеңейтілуінен соң жылына 2,5 млн тонна жүк айналымын құрауға қол жеткізіледі және Қазақстанның барыс-келіс көкжиегі кеңейіп, халықаралық деңгейдегі сауда-саттық ел экономикасының дамуына қызмет ететін болады. 2015 жылға дейін жүк тасымалының жалпы көлеміндегі үлесін 11,5 млн тоннадан 15 млн тоннаға, 2020 жылға қарай жүктердің транзиттік ағысын 10 есе өсіріп, 170 млн тоннаға дейін ұлғайту және соған орай мемлекеттік бюджетке түсетін табысты сонша есеге арттыру межеленген. Қазақстан үшін әлемге ашылған қақпа атанған порттың Каспийдегі көшбасшылық орнын сақтап қалу үшін өндірістік қуатты арттыру, жұмыс тиімділігін көтеру, көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру, дербес веб-портал және интернет-портал құру, жүкті жеткізудің мерзімі мен құнын оңтайландырып, өзге көлік дәліздерімен бәсекелестікке төтеп беру бағытында жаңашыл жұмыстар қолға алынуда.
Елбасы Н.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды дамыту бағытындағы маңызды бағдарламалары Маңғыстау өңірінде кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Осы құжаттар негізінде облыста экономиканы сапалық тұрғыда өсіруге, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі іске асыруға, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Маңғыстау өзінде бар мүмкіндікті кең көлемде кәдеге жарату бағытындағы жұмыстарды қолға алған.
Жасалған ерен еңбектерді сараптай келе, мұнайлы Маңғыстау қазыналы қуатты Маңғыстауға айналды дей аламыз.