Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді
Төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы үнемі қауырт. Өйткені кез келген уақытта күтпеген жерден оқыс оқиға болып, тұрғындарға, қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін. Қауіптің әр түрімен күресудің жолдары да сан түрлі. Төген қауіптің бетін қайтару үшін төтеншелік мамандардың барлық жағынан дайындығы, батылдығы, біліктілігі, білімі жоғары болуы керек. Небір қиын жағдайда жол тауып, адамдарды құтқарып, қауіпке тойтарыс беру үшін мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады. Өйткені маман біліктілігін дамытып отырмаса, соңғы заманауи техниканы қолдана алмасы анық.
Осындай дайындық жұмыстарын жасап, біліктілігін арттыру бағытында, бүгін Өскенмен қалалық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары көп қабатты үйде өрт бола қалған жағдайда қандай әркеттер жасау керектігін пысықтау үшін өртке қарсы тактикалық жаттығулар жұмысын жасады. Бұл оқу-жаттығу арқылы өрт сөндірушілер бөлімшелері жеке құрамының қызыл жалынды тұңшықтырып, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшірудегі дайындықтары тексерілді.
Өскенмен қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы Әуез Талғатұлының айтуынша биылғы жылдың басынан бері осы өңірде отыз екі көп қабатты үйде өрт болған екен. Оқыс оқиғаға тұрмыстық электр құралдарын пайдаланған кезде арнайы өрт қауіпсіздігін сақтамау және отты дұрыс пайдаланбау себеп болған. Сондықтан өрт сөндірушілер көп қабатты үйлерде оқу-жаттығу дайындығын үнемі жасап отырады. Өйткені қауіпті жағдайдан адамдарды құтқарып қалуға, олардың денсаулығына зақым келтірмей апатты аймақтан алып шығуға осындай дайындық жұмыстарын жасау, шеберліктерін шыңдау мамандар үшін аса қажет.
Ал Өскемен қалалық №7 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Серік Нұрғалиев көп қабатты үйдегі өрттің бетін қайтарып, оны сөндіру көп қиындық тудыратынын, өйткені қызыл жалын басқа қабаттарға жылдам тарайтынын айтып өтті. Бөлім бастығы орынбасарының айтуына қарағанда өрт сөндірушілер үшін ең басты қиындық өрт болып жатқан үйдің ауласына техникамен кіру екен. Өртенген тұрғын үйге жету үшін автотұраққа қойылған көліктер көп кедергі келтіретін көрінеді. Сондықтан өрт сөндіру құбыртүтіктерін бүкіл аула арқылы айналдыра созып, өршіген жалынға әзер жетуге тура келеді, ал әр минут санаулы сәтте бұның өзі қаншама уақытты алады дейді маман.
Бүгінгі оқу-жаттығуды өткізу үшін алдын ала дайындалған сценарий бойынша көп қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерде өрт пайда болды. Қызыл жалынға оранған пәтердің ішінде адамдар болуы әбден мүмкін. Төтенше жағдайлар қызметіне өрт туралы хабар түсе салысымен қалалық құтқару бөлімшелерінің күштері мен техникалық құралдары жылдам келді. Дереу іске кіріскен мамандар оқиға орнынан зардап шеккен тұрғындарды алып шығу үшін ғимаратқа автосатыны және өрт болып жатқан қабаттан секірген адамдарды құтқаруға ішіне жел толтырылған жұмсақ кубик текшелерді жерге орналастырды. Мамандардың кәсіби шеберлігінің арқасында көп уақыт өтпей-ақ тұрғындар құтқарылып, пәтердегі өрт сөндірілді.
Оқу-жаттығу дайындығынан кейін Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сол үйде тұратын адамдарға өрт қауіпсіздігі тәртібін қалай сақтау керектігі жөнінде әңгіме өткізіп, ережені сақтамау қауіпті екенін ескертті.
Міне осындай дайындық жұмыстары облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда да өткізіліп тұрады.
Шілденің аптап ыстығында болған өрттің қаупітілігі өте жоғары. Өйткені барлық заттар кеуіп өртке бейім тұрады. Қазір жер-жерде аптап ыстықтан түрлі апаттар болып жатыр. Соның көпшілігі адамдардың жауапсыздығынан, балалардың білместігінен болады. Азаматтардың тартқан темекісін толық сөндірмеуі, сіріңкені әбден өшірмей тастай салуы, демалушылардың кәуәп, тамақ пісреміз деп жаққан оттарын сөндірмей кетуі, тіпті кейбір көлік жүргізушілерінің тартқан темекісін сөндірместен терезеден лақтыра салуы, бензин сүрткен майлықтарды бейберекет тастауы орны толмас өкініштерге әкелуі мүмкін. Сәл ғана шоқтың өзі алапат өрттің себебі болатыны анық. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қаншама түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі буклеттер мен парақшалар таратып, ақпарат құралдары арқылы, ұялы байланыс номерлеріне хабарлама жолдау арқылы ел тұрғындарының есіне қауіптен сақтану жолдарын салып отырады. Бірақта негізгі жауапкершілік азаматтардың өзінде екені анық. Сондықтан адамдар өздерінің, отбасыларының, бала-шағаларының қауіпсіздігі үшін мойнында үлкен міндет барын терең түсінуі керек.
Нұрлы Еділов