Төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңызы зор
Апаттың өзімен емес себебімен күресіп, алдын алу шараларын атқару өте маңызды. Өйткені апаттың шығынын өтеу, қалпына келтіру өте қиынға түсіп, тіпті орны толмас өкініштерге ұласып, қайғылы жағдайлармен аяқталуы да мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құзырлы мекемелер үнемі қауіп-қатердің алдын алу жұмыстарын үздіксіз жалғастырып келеді. Апат айтып келмейтінін ескерсек бұндай алдын алу шаралары жылдың әр мезгіліне орай туындайтын қауіпке байланысты дәл сол уақытта ғана емес, одан бірнеше ай бұрын жасалғаны жөн. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде алты мыңға жуық төтенше оқиға тіркеліп, мыңға жуық адам зардап шегіпті. Оның ішінде 341 адам ажал құшқан. Осы уақыт аралағындағы төтенше жағдайлардың өзі екі жарым миллиардқа жуық материалдық шығын келтірген.
Жыл сайын құзырлы мекемеде атқарылатын жұмыстардың жоспары алдын ала жасалып отырады. Оның ішінде тасқын мен селге қарсы жасалатын жұмыстар, шомылу маусымы басталысымен өзен-көлдерді бақылап, адам өлімін болдырмау үшін алдын алу шаралары, күннің ысуына байланысты болатын табиғи немесе адамдардың қателігінен өршитін өрттің алдын алу, болған жағдайда өрттің бетін қайтаруға дайындық мәселесі, мемлекеттік маңызы бар нысандардың қауіпсіздігі, ғимараттардың сейсмологиялық жағдайын тексеру, қысқы жылыту маусымына байланысты тексерулер, қар көшкіні салдарынан болатын адам өлімін болдырмау үшін жасалатын жасанды көшкін тудыру жұмыстары, өндіріс орындарының қауіпсіздігі, қоршаған ортаға тигізетін зияны сияқты көптеген түйткілді, қауіп-қатері көп мәселелер қарастырылады.
Мысалы биылғы жылдың өзінде келесі жылға дайындық жасалып, су тасқынының алдын алу шаралары жасалып жатыр. Ал туалы аймақтарда алдағы қыста болатын қар көшкіні, сел жүру қауіпіне дайындық жасалып өзен арналары тереңдетіліп, кеңейтіліп, тазартылу үстінде. Су қоймаларының кемеріндегі бетон бөгеттердің шыдамдылығы тексерілуде. Бұндай жұмыстар су тасқыны бола қалған жағдайда жағасында отырған елді мекендерге қауіп төндірмеу үшін және тосын апаттардың болмауы үшін маңызды. Алдымен республика көлеміндегі қауіпті аймақтардың тізімі жасалынып, алдын ала зерттеліп, олардан келетін шығындар есептеліп отырады.
Биылғы екінші жартыжылдық басталысымен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин облыстарды, қалаларды жеке-жеке аралап осы бағыттағы дайындық жұмыстарын тексеріп, талқылап, жауапты мекемелердің мамандарымен келелі кеңестер өткізіп, төтенше жағдайлар қызметінің техникалық жабдықтарымен танысу үстінде. Өткен аптада Алматы қаласына барып біршама жұмыстардың барысымен танысып қайтқан болатын. Ал кеше Қарағанды облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп өңірдің дайындығымен жіті танысу үстінде. Іс-сапардың алғашқы күні министр Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты жауынгерлік бөлімшенің жеке құрамымен кездесу өткізді. Сонымен қатар, облыста салынып жатқан шина шығаратын өндірістің құрлыс нысандарын аралады және автобус шығаратын заводтың жұмысымен танысты. Өндіріс орындарындағы өрт және басқа да қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Өңірдегі су тасқынына дайындық барысын тексеріп, Шет, Абай, Бұқар жырау аудандарын басып өтетін Шерубайнұра өзені арнасын, тағы да көптеген өзен арналарын кеңейту, тазарту және Топар бөгетінің қалпына келтіру жұмыстарын қадағалады. Жұмыс барысында облыс аумағанда келесі жылғы су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанына көз жеткізді.
Ал арнайы сапардың екінші күні министр облыстағы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің жеке құрамымен кездесу өткізді. Жиын барысында қызметтік борышын атқаруда көзге түскен мамандарды және төтенше жағдайлардың алдын алуға үлес қосып жүрген облыстағы жекелеген лауазымды басшыларды алғыс хатпен марапаттады.
Сапар аясында министр «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның бас директоры Наир Биджумен кездесу өткізіп, кәсіпорындардағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау шараларын талқыға салды. Сонымен қатар, өндірісте жұмыс істейтін адамдардың жағдайын жақсартып, оларға әлеуметтік қолдау көрсету керегін баса айтты. Осы ретте облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне қауіпті жағдайлардың санын азайту үшін кәсіпорындарға қажетті әдістемелік көмектің барылығын жасауды тапсырды. Ал өз кезегінде кәсіпкерлер қауымы қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарайтын болса, заң жүзінде ол мекеменің жұмысын тоқтату секілді қатаң шараларды қолдану керек деген талап қойды. Сондай-ақ, министр арнайы мекеме басшыларымен бірге тау-кен құтқарушыларына әлеуметтік жағынан қолдау көрсетіп және апаттан құтқару қызметтерін заманауи техникалармен, арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Одан кейінгі кезекте Юрий Викторович облыс тұрғындарымен, белсенді азаматтармен кездесу жасады. Жиынға өңірдегі алыс аудандар мен қалалардың тұрғындары да бейнеконференцбайланыспен қатысты. Министр атқарылып жатқан жұмыстар туралы және құзырлы мекеме қызметінің негізгі бағыттары жөнінде сөз қозғады. Баяндамада Юрий Ильин министрліктің қоғаммен өзара тиімді жұмыс жасауы үшін халықпен кері байланыс орнатудың маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар азаматтардың өтініштері арқылы тұрғындардың күнделікті мәселелерін нақты және түбегейлі білетінін жеткізді. Кездесуге қатысушылар министрге көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, түйткілді мәселелерді шешу жөніндегі өз көзқарастарын жеткізді.
Жиын барысында облыс тұрғындарын мазалайтын негізгі мәселелер дала өрттері мен су тасқынына қатысты екені байқалды. Сондай-ақ өңірдегі тегін жағажайлар туралы да айтылды. Кездесу соңында министр азаматтарды жеке-жеке қабылдап, өтініштерін тындады.
Апатты жағдайларды болдырмай алдын алу еліміздегі ең өзекті және кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз. Әр аймақтағы қауіп-қатердің түрлері де әркелкі болатыны белгілі. Сондықтан осылай өңірлерді жеке-жеке аралап, облыс халқымен, құзырлы мекеме мамандарымен кездесу өткізу көптеген мәселелердің оңынан шешілуіне ықпал етері анық.
Нұрлы Еділов