Желтоқсаншыларға арнап ескерткіш ашылмақ
Тәуелсіздік ықылым заманнан келе жатқан қазақтың арманы еді. Тәуелсіздік – бұл кешегі Желтоқсан көтерілісіне қатысқан өндірдей жастардың, бүгінгі елуді еңсерген жандардың намысын тұтатқан алау. Осынау орны бөлек, қастерлі де қымбатты мереке тұсында Райымбек ауданының әкімі Жанат Тәжиев 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан бір топ өңір тұрғындарын қабылдады.
Аудан әкімі мұз жастанған «желтоқсаншылармен» емен-жарқын әңгімелесті. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, Елбасымыздың саясатын қолдау, жас ұрпақ келешегін қамдау, ауданның болашағы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылармен бірлесе жұмыстар жүргізу осынау жылыжүзді жүздесудің әңгіме өзегіне айналды. Желтоқсандықтарға арнайы сый-құрмет көрсетілді. Ізгі тілек-ниеттер айтылды.
Басқосуда Тоқан Достарбеков, Бақытгүл Раева, Майрагүл Қайырбекова секілді Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жандар арнайы қабылдау жасап, құрмет көрсеткен, ыстық ықылас білдірген аудан әкіміне ризашылықтарын айтты. Алда атқарар шаруаларын, ойларын, ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында келер жылы аталып өтілер Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығында аудан орталығынан арнайы ескерткіш орнату, мектептер мен мұражайлардан бұрыш ашу, ел-жұртпен, жас ұрпақпен түрлі кездесу ұйымдастыру мәселелері қозғалды.
Қанат БІРЖАНСАЛ.
Райымбек ауданы.