Төтеншелік мамандар күшейтілген режиммен жұмыс істеуде

Төтеншелік мамандар күшейтілген режиммен жұмыс істеуде

Жаз қарбалас тіршілік мезгілі. Сондықтан төтенше жағдайлар да көбінесе жаз мезгілінде кездесіп жатады екен. Ең алдымен жаздың аптапты ыстық күндері төтенше жағдайларға ықпал етсе, сол ыстықтан қашып тауға, суға демалуға барғандар қауіпсіздік ережелерін сақтамай төтенше жағдайдың тууына екі есе әсер етіп жатады екен. 

Еліміздің төтеншелік мамандары жаздың ыстығына орай күшейтілген режиммен жұмыс істеуде. Еліміздің Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жағажайларда демалып жатқан халыққа тек рұқсат етілген жерлерде ғана шомылуға, қауіпсіздік ережесін сақтауға, ал тауда демалып жатқан жандарға от жағу кезіндегі қауіпсіздік ережесін сақтауға, орман өрттерінің алдын алуға шақыруда. Сондай-ақ жер үйде тұратын тұрғындарға қурап тұрған шөптердің өрт тудыруға бейім екені туралы арнайы рейдтерге шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, төтеншелік мамандар қауіпсіздік ережесін түсіндіруде.


Былтырғы жылмен салыстырғанда суға кеткен балалар саны үш есе артқан

Былтыр жарты жылдың ішінде еліміз бойынша15 бала суға кетсе, биыл осындай кезеңде 46 баланың суға кетіп қайтыс болғаны белгілі болып отыр. Мамандар «суға шомылатын аймақтарда ата-аналардың баласын қараусыз қалдыруы осындай қайғылы жағдайлардың көбеюіне әсер етіп отыр» дейді. Ал жалпы жыл басынан бері суға кетіп жүзден астам адам қайтыс болса, соның ішінде балалар үлесінің артуы төтеншелік мамандарды алаңдатып отыр. Төтеншелік мамандардың арнайы суға түсуге болатын жерлерді саралап бергеніне, күн сайын арнайы жағажайларда рейдтер жүргізгеніне қарамастан суға кетіп қаза табушылардың санының азаймай отырғанына қарап, «судағы қауіпсіздік ережесін сақтамаған тұрғындарға қатысты жауапкершілікті жоғарылату керек» деген пікір айтушылар көбеюде. Өйткені қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қоймай, төтенше жағдайлар саны азаймайды. Төтенше жағдайлар қызметі ұсынған статистикаға сенсек, биыл жарты жылдың ішінде еліміздегі су қоймаларында 99 адам суға батып көз жұмыпты.

Дегенмен қалыптасып отырған жағдайға қарамастан төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жасөспірімдер арасында, балалар сауықтыру лагерлерінде, мектеп жанындағы лагерлерде профилактикалық бағыттағы сабақтар өткізіп, тұрғын үйлерді аралап, судағы қауіпсіздік ережелерін кеңінен насихаттауда. Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының алдын алу шараларына қарамастан қайғылы жағдайлардың азаймай тұруына орай осы саланың маманының пікірін де сұрап көрген едік.

Сандуғаш Қайырбекқызы, Төтенше жағдайлар қызметінің өкілі:

- Жүргізілген зерттеу нәтижесінде көбінесе ересектердің біле тұра қауіпсіздік ережесін сақтамайтынына куә болып отырмыз. Жағажайларда демалғанның жөні осы екен деп, спирттік ішімдіктер ішкен демалушылар суға түсуге барып, суға кетіп қалып жатқандарын байқамай қалады. Сондай-ақ, қайықты пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан да ажал құшатындар аз емес. Жағалаудан алыс кетіп қалып, жағаға жете алмай қалып жататындар да жетерлік. Олар өздерінің мүмкіндіктерін асыра бағалап, жаңалаудан тым алыс кетіп қалады. Нәтижесінде құтқарушылар судан мәйіттерін алып шығып жатады. Сондай-ақ жағалаудағы ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмаса екен. Биыл осындай қараусыз қалған балалардың өлім дерегінің көп тіркелуі алаңдатып отыр. Жағажайлардағы қауіпсіздік ережесінің сақталуына қанша көп көңіл бөлсек те, қайғылы жағдайлар азаяр емес. Сондықтан тұрғындардың жауапкершілігін көтеру үшін заңдық тұрғыдан жұмыстар жүргізілуі керек секілді. Биыл балалардың Түркістан, Алматы, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында суға ағып кету оқиғалары көп тіркелді. Сондықтан осы аймақтардағы қауіпсіздік ережесін күшейту үшін тырысып жатырмыз. Суға түсуге рұқсат етілмеген аймақтарда арнайы белгілер қойып, осы аймақтағы құтқарушылар санын көбейту туралы да тапсырмалар берілуде. Суға шомылу маусымы басталғаннан бастап 25000-нан астам адамды қамтитын 220 рейдтік іс-шаралары ұйымдастырылыпты. Арнайы лекция жүргізілген 25000 адамның 8414-і балалар. Жалпы ерелерге келер болсақ су жағасында демалып жүрген жандарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 18797 жадынама таратылды. тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге; жүзу шегін білдіретін қалтқы белгілерден асуға; жүзуге арналмаған заттармен жүзуге; су айдындарын ластауға және қоқсытуға; жағалауда және киім ауыстыратын орындарда демалушыларды жарақаттауы мүмкін қоқыстарды қалдыруға; жалған дабыл беріп айғайлауға; техникалық және алдын алу белгілерінің, қалтқы белгілерінің үстіне шығуға; балаларға ересектердің қарауынсыз суға кіруге рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, жүзу құралдарын алған кезде, оның бірнеше үрлеу бөліктері барын тексерген жөн. Себебі, бір бөлшегі жарылып кеткен жағдайда, басқа бөлшектері арқылы су бетінде тұрады. Резеңкелі жүзу құралдары желге қозғала кететінін ұмытпағандарыңыз абзал, сондықтан матрастарда немесе үрмелі шеңберлерде ойнап жүрген балаларды көзден таса қылмау керек.


Алматы қаласы бойынша төрт жерде ғана суға шомылуға рұқсат берілген

Алматы қаласында биыл жағасында құтқарушылары бар, барынша қауіпсіздік ережесі сақталған Үлкен Алматы каналының жағасындағы «Прахач, «Гүлдер» және «Роща Баума» шомылу алаңдары мен Сайран көлінің қос жағалауында ғана шомылуға рұқсат берілген. Әйтсе де өзіне жақын аумаққа бара салып, суға сүңги салатын, қауіпсіздік ережесінің бар жоғына мән бермейтін тұрғындар жетерлік. Тілсіз жау саналатын судың сақтық шараларын сақтамаса, аяқ астынан қайғы әкеліп жататыны рас. Дәл қазір алматылықтар шомылуға көп келетін Сайран көлінің жағасында бес құтқарушы демалушылардың қауіпсіздігін бақылап тұр. Сондай құтқарушылардың бірі Арсен Күлімханов «Қарапайым суға түсу ережесін сақтау көп қатердің алдын алады. Мәселен, жүзіп жүрген қайықтың үстінде тұрып тұруға болмайды. Тек отыру қажет. Демалушыларға суға мас күйінде шомылуға да тыйым салынған. Оларды жағалаудан суға жібермеуге тырысамыз. Рұқсат етілген аймақты қызыл белгілермен қоршап қойғанбыз, содан әрі асып кетуге болмайды. Асып кетсе алдымен ауызша ескертеміз, тыңдамаса қайықпен жанына жетіп барып, кері алып қайтып жатамыз. Алыс кетіп қалсаңыз, жағаға қайтуға шамаңыз жетпей қалуы әбден мүмкін. Әйтсе де демалушылар сол сақтық шараларын сақтағысы келмей жатады. Негізі суға түсуге болмайтын аумақтарда төтеншелік мамандары тыйым салу және ескерту белгілері қойып қойған. Алайда кейбір демалушылар соларды көре тұра сол жерлерге суға түсе береді» дейді.

Осы орайда айта кетер жайт алматылық құтқарушылар суға кетіп қалып, жүзуге шамасы жетпей жататын талай адамды дер кезінде құтқарып қалып жатады екен. Алматы қаласы Құтқару қызметіның мамандары «қызметкерлеріміз мықты физикалық дайындықтан өткен. Жақсы жүзе біледі, күштері де мығым. Сондықтан дер кезінде суға кетіп қалу дерегі анықталса құтқарушыларымыз ара түсіп үлгере алады» дейді. Демек суға түсуге рұқсат етілген аймақтардағы құтқарушыларға толық сенім артуға болады.

Алматылықтар шомылу үшін қала іргесіндегі Қапшағай көліне жиі барып жатады. Әйтсе де аталмыш орын жыл сайын суға кетіп қалушылардың көптігімен көзге түседі екен. Мәселен былтырғы шомылу маусымында ондағы жағажайларда 23 адам суға батып өлген. Оның басым көпшілігі рұқсатсыз салынған жағажайларда шомылыпты. Сондықтан, мамандар биыл Алматы облысында тынығушыларға тек 11 жағажайды қауіпсіз деп белгілеп берген. Олардың қатарына Қапшағай су қоймасының 7 аумағы кіреді екен. Сондықтан егер шомылу үшін Қапшағайды бетке алып жатсаңыздар, ол аумақта суға шомылуға қаншалықты рұқсат бергенін есепке алыңыз. Мамандар тек рұқсат етілген аймақтарда шомылу қажеттігін айтып, қанша жерден дабыл қаққанымен, тұрғындар қалтаға тиімді жағын ойлайды. Көпшілігі ақша үнемдеу үшін тегін, яғни «жабайы» жағажайларда шомылады. Ал ол жерлер құтқарушылармен қамтамасыз етілмеген. Сондықтан суға кеткен жағдайда құтқарып қалатын адам болмай қалуы әбден мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Осы орайда дәрігерлердің де суға шомылуға қатысты өз ескертуі бар.


Айдос Дүйсембаев, Алматы қаласы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Адамдардың қарапайым қауіпсіздік ережесін елемеуі салдарынан суға кетуінің өкініші зор. Жүргізілген жұмысқа қарамастан, халық құтқарушылардың ескертуін елемейді, ескерту және тыйым салу белгілерін алып тастайды және салдары туралы ойламастан, жабдықталмаған жерлерде шомылуын жалғастырады. Созылмалы аурулары бар, тырыспасы бар аурулар, эпилепсиясы бар, бар аурулар, бас миында ақауы бар аурулар, созылмалы өкпе және жүрек жетіспеушілігі бар науқастарға суға түсуге болмайды», - дейді.

Қуаныш Ерсұңқар 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста