Төлеген Айбергенов: Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте...

Төлеген Айбергенов: Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте...

Төлеген Айбергенов (1937–1967) - 8 наурызда Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында туған. Ташкент педагогикалық институтын бітірген (1959).

1959–1962 жж. Қоңырат ауданындағы орта мектепте мұғалім, 1962–1965 жж. Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар мектебінде директор, 1965 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет істеді. Өлеңдері республикалық баспасөзде 1957 жылдан жарияланды. Туған жерге деген албырт сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта басылды. Қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары: «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970), «Аманат» (1975), «Бір тойым бар» (1981), балаларға арналған «Бақшаға саяхат» суреткітапшасы (1985) жарық көрді. Сондайақ орыс тілінде «Мир созвездия» (1987) деген атпен таңдамалы өлеңдері аударылып басылды. «Ақерке Жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар», т.б. өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал.

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1974 жылы, қайтыс болғаннан кейін). 1997 жылы ақынның «Таңдамалы өлеңдер» жинағы мен ол туралы жазылған «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітап, 2001 жылы «Бір тойым бар» атты жыр кітабы жарық көрді. Жастарға арналған Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлық бар.

 

САҒЫНЫШ
Мұхтар Шахановқа

Сағындым жаным, мен сені!
Көркіңді жүрген қуаныш қылып,
мендей ме екен бар ағаң...
Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным, өсек-ғайбатқа бораған.
Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек, десек те,
Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте.
Онсыз сен, тіпті, тұлпар да болсаң, қосыла алмайсың қатарға.
Әуелі әбден сағынып алмай, шығушы болма сапарға.
Сағынбай барсаң теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай.
Бұлбұлдың даусын ести алмайсың,бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап...
Үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай,
Сағынбай жүрсе, қалуы мүмкін жамырасуға да жарамай.
Биікте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған,
Сені мен менің ғасырлап күткен сағынышымнан оянған.
Балалар бізді сағынған, жаным, арманның аңсап биігін,
Әжелер бізді сағынған, жаным, талдырып асқар иығын.
Көкірегіңде сағыныш барда мұрат та сенде бар, жаным,
Алдыңда тұрған қыраттың саған көрінбей жатқан ар жағын.
Жазира белдер қуанышыңды болмасын мәңгі шектемек,
Алдыңнан орман кес-кестеп шықса,сағынышыңмен көктеп өт!
Мен бұны саған жазып отырмын, арманымды орап сезімге,
Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезімде.

II
Сағыныш жайлы қайтадан толғау болар да, бәлкім, қолайсыз,
Дегенмен, жаным, көгілдір дүние сағынбағансын арайсыз.
Өмірде мынау сағынбағандар – бақытсыз,бақсыз, талайсыз,
Қазақтың жыры Абайсыз!
Өткелі қыруар жолдарда жанға батқан да шығар сан ызғар,
Бір қасық суды аңсатқан шығар сан тарам – сарша тамыздар,
Бірақ та, жаным, өледі қыран қияға самғап баратып,
Болғасын бейбақ өз жүрегінің сағынышына қарыздар.
О, шіркін, менің сағынышымдай көлемі шексіз болса аудан,
Ондағы жандар көз ашпас еді-ау, қуану менен шаршаудан.
Сүйем мен сені, сүйем мен сені көкірегі ыстық дүние,
Тұратын түгел сағыну менен аңсаудан!
Сағыныш деген – молшылық қазына, бола да берер артық-кем,
Ал, нағыз асқақ сағыныштарда араның балы бар, тіптен.
Мен мынау ыстық жүрегіммен қара тасты да сағынам,
Қаланып қалса тәртіппен!
Сағыныш деген алдыңда тұрған ақ ала басты көк заңғар,
Бақытың сенің – бағытын солай бара жатсаалып пәк жандар.
Заманым менің жанарымда алып сағыныш болып жарқылдап,
Ағады тынбай күңіреніп-сыңсып аэропорттар мен вокзалдар.
Сағыныш шалғай сапарларыма жасаған шақта иелік,
Кеудеме менің сан рет кеткен табан астынан күй еніп.
Қойнымда менің қалғиды бүгін ақ жүпар әлем қыз-өмір,
Сол сағыныштың кірпіктеріне сүйеніп...
Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын,
Бірге қақ қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген, қарағым,
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жабылып кетсем егер мен
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын.
Қараңғы түнде қамығып жүрсең, қанатына алып қаусырар,
Бұл өзі, жаным, әйбат-ақ дүние, күні жоқ тіпті таусылар.
Сағыныштар да төбеңнен өтер түйдек те түйдек көш болып,
Көктемдегі барлық тырнаның онда даусы бар!
Зулайды ол бүгін – тұсымда менің жаңғырып барлық ендікпен,
Сұрша құмдарға, қүм шағылдарға таңдайы кеуіп, сел күткен,
Егер сен жарық жанарыңды алсаң қайғы мен мұңға қаптатып,
Сағынып жүрмегендіктен!
Сағыныш деп ұқ жүйткісе поезд босағасына әнді іліп,
Сағыныш деп ұқ далалар жатса, қалалар жатса жаңғырып.
О, сәлем саған, шартарап қырға жұлдыз боп ағып баратқан,
Өз жүрегімнің түкпіріндегі тұңғиық, түпсіз мәңгілік!

III
Ей, адамдар !
Айналайын туғандар,
Жалғыз минут тыңдаңдар!
Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің!
Шартарапқа жүргеніммен жүз аттап,
Бұрын мұндай кермеп едім ұзақтап.
Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен,
Қазір мені жұлып алды төсектен.
Жатыр екем оянсам,
Көкірегімде астаң-кестең басталып,
Жастығыма жас тамып!
Шырт ұйқымнан жұлмалап,
Сағындырып оятты үш нәрестем.
Иә, кәдімгі ұшан-теңіз арманның
Ұшындағы үш-ақ түйір тал өскен.
Басқа дүние шығып кеткен бәрі естен.
Ұзақ жолдан шаршап келгем,
Жыр жазатын халде емен,
Жындандым ба әлде мен?!
Мұндай түстер бұрын маған енбеген,
Онсыз да мен сағыныштан кенде емен.
Мұндай халді шерткен бір кез өртене,
Жұмағали жырына да сенбегем.
Саясында болдым мен сан шынардың,
Мен жүз қызға ғашық болған шығармын.
Адаммын ғой, шын сағыныш тән маған,
Бірақ, менің тамды бүгін көз жасым,
Сол қыздардың біріне де тамбаған.
Қазір менің ессіз шөлім басталды,
Еш қайнардан қанбаған...
Ей, адамдар!
Айналайын жыр кені,
Менің осы қайнарымнан қанып іш!
Әкем өлген кезінде де бұл мені
Өртемеген сағыныш!
Мен сағынбас адамдармен дос емен,
Сан ағынға келдім толған кесемен.
Жүрмін қазір көрінгеннің баласын
Ұстап сүйіп көшеден.
Мен осынау азын-аулақ жасымда,
Сан заңғарлар төсінен,
Сан дария кешіп ем.
Құштарлығым бермегесін тіпті бой,
Бәрі бұдан терең болмай шықты ғой.
Ешқашан да менің мынау кеудемде
Ешбір теңіз мұншалықты тасқан жоқ.
Мен бармаған аспан жоқ,
Бәрі мұның биігінен асқан жоқ.
Мен осынау азын-аулақ жасымда,
Жүрегімнің лапылдаған отымен,
Сан жолдардан өтіп ем.
Сан орманның ұшар басын идіріп,
Сан тұлпардың құйрығын шарт түйдіріп,
Сан жарыққа өз шұғыласын сүйдіріп.
Бірақ менің мына мөлдір өз дертім,
Бара жатыр тиген жерін күйдіріп...

IV
Сағыныш!
Көбірек жүріп кеттім-ау, деймін көшеңнен,
Жиірек тартып кеттім-ау, деймін кесеңнен.
Артық та болар ма екен-ау, осынау зымыран жылдар ішінде,
Күн сайын сені жүз рет көрдім десем мен!
Көріндің маған түнекте – жарық, өкпе түс болып түстіктен,
Сөйлейді сенің тіліңде барлық құс біткен
Махаббатымсың сен менің
Сан рет лаулап күйдіріп ала жаздаған
Жүрегімдегі ыстықпен.
Жолықтың ару армандар болып алысқа тартқан жолда кең,
Босатып қайта қоя да бергем, қондырып алып қолға әрең.
Орамал сыйлап Оралда қалдың, қара бұрымды қыз болып,
Сағынып кеткем сонда мен.
Кірпігімді ілмей қарадым саған, найзағай болып көк тілсең.
Жұлдызды күндер, басымнан талай өттің сен!
Көзтаңбақ ойнап көгілдір Ертіс кешінде
Омырауымның түймесін үзіп кеттің сен...
Болдың сен маған күндерде қиын дос сенген
Сен барда, жаным, еш сөнбен.
Жердегі барлық арбалар,
Вагондар, платформалар
Тарта алармысың жабылып
Осынау байтақ Сағынышыммен көшсем мен?!
Осылай да бір өссем мен!
Қарар еді онда әлем де маған көз қанбай,
Сағыныштардың керуеніндегі саз қандай!
Көшер еді онда дүние түгел, Жер түгел,
Ормандар, таулар жүпар иісімен қозғалмай...
Соңғы бір жылдар есімнен кетпей, түсіме сен ең көп енген,
Ағып та жүрсің ракеталар керуені болып төбемнен.
Жолдарың сенің осал да маған соққан жоқ,
Сағынып өттім дегенмен!

ОРТАҢА КЕЛДІ ӨЗ БАЛАҢ
Жансын деп жақсы орталарыңда маздап ән,
Қалсын деп жақсы көңілдер ойды қозғаған.
Тік тұрып қарсы ал, о, туған елім тілектес,
Тілектестікпен қойныңа кірді өз балаң.
Сағына келді қайтпаққа сені бір көріп,
Жанына жібер жасампаз жарық нұр беріп.
Ақтарыл алдан сырларға толы сыр болып,
Жасарған жерім, дүниеге бүгін бір келіп.
Келді ол саған белдермен сансыз қыр басып,
Төбесін көкке тигізу үшін сырласып.
Күн санап, сенің көркеюіңді тілеген,
Жүрек қой саған, жүрек қой саған бұл ғашық.
Арманның жүгін алысқа тартқан нарың бұл,
Ортаңнан шыққан орта түспейтін дарын бұл.
Сен — көлсің үлкен, қайықтағыңды тербеткен,
Аяулы, іңкәр, ақмаңдай, ақсұңқарың бұл.
Бүгінгі күні қанатын қомдап, пәк түлеп,
Шөмшіден ұшты сендерге деген ақ тілек.
Алыста жүрсе сүю де жақсы аңсаумен,
Жақынға келсе құшақтап сүйген тәттірек.
Құшағыңдағы сүйікті сенің жан еркең,
Оянады әр күн жан еркеменен таңертең.
Балаңа ойлар қазынасын бер, қазынам.
Ұлыңның ынтық ықыласын ал жан өлкем.
Көңіліменен өмірі мәңгі шуақ ел,
Әр көрген сайын сендерді қайта туады ол.
Азамат дала, куә бол, ыстық құшаққа,
Азамат таулар, сендер де бұған куә бол!

***
Қыстың күні күлмейді,
Көктемде күлмеген.
Жақындықты білмейді,
Қашықтықты білмеген.
Болмас саған бақталас,
Арманыңды аңғарған.
Құлағанды даттамас,
Құлағандар заңғардан.
Қайсарлардан қашан да
Күдеріңді үзбе сен.
Қарсы алдыңнан сол шығар,
Қараңғыда іздесең.
Шыдағандар сындарға,
Аңсағандар жарықты.
Өрмелеуден шыңдарға,
Қорқатындар қауіпті.

***
Мен марттағы найзағай күркірімін,
Құрманғазы күйінің бір тілімін.
Менің жаным саясын паналаған,
Дүниедегі бар қыздың кірпігінің.
Құшағыңды жаясың ба,
Кес-кестеп тоқтасам мен.
Кірпігіңнің саясында
Бір қанып ұйықтасам мен.

***
Енді несін айтайын бұл шақта мен,
Құшақ-құшақ өзіңе гүл сақтап ем.
Омырауымда жарылған ақ барабан,
Қайда жүрсің тас-талқан бұршақты әлем.
Сені іздедім көк теңіз кешерде мен,
Көк желкен боп алдымнан көшер деп ем.
Бір көруге зар қылған ақ дидарың
Дүние, нөсерлеген.
Құдірет болсаң жүректі,
Тебірентіп күйден күй ақтар.
Осындай болса керек-ті
Тұлпардан қалған тұяқтар.
Қасында сенің бұлқынған,
Тайбурыл да әлі тай шығар.
Қырық жыл салған қиқудан,
Бабында келген Байшұбар.
Осындай болса керек қой,
Сөнбеуге тиіс соқпақтар.
Тастарға жанып табанын,
Жарқылдап аққан шақпақтар.
Қиялын қырдан қуалап,
Арманын баққан қармаған.
Риза да саған шығар-ақ
«Нартау» тартқан
нар бабаң.
Қаһарлы құрман,
бай тасқын,
Әруақты дала еркесі.
Азаттық атты шайқастың
Қайрат тартқан өлкесі.
Арқаңмен сенің бақтардан,
Шулайды бұлбұл мазамды ап.
Кезінде сырлар ақтарған
Дәулеткерей мен
Қазанғап.
Риза да саған заңғары,
Таулардың мынау тозбаған.
Тәттімбет,
Мәмен жолдары
Жоғалып кете жаздаған…

***
Менің халқым қашаннан ұлы болған,
Менің кеудем қашаннан жылы болған.
Соғыс өртін қоздатқан дауылдардан,
Қақсатқан ауыр зардан,
Көкірегімде бостандық жыры қалған.
Менің халқым ұлыны аз туған ба,
Басқалардай басында жаз тұрғанда.
Олардың да дауысы жетер еді,
Бұл ғасыр құлағына
Бірақ бұған ұлылар кінәлы ма?
Бұның үшін жылдардың өкпесіне
Қандай адам кепілдік берер еді.
Дауысы олардан бүгінге жетпесіне
Қаншама жұлдыз туды ол,
Жарқырар көк төсінде!

ӘЗИЗА НҰРМҰҚАНОВАҒА
Мен туған жердің ардағы,
Жарқылдап жүрген жақсы апам.
Ризалығым бар-дағы,
Тағатын кінәм жоқ саған.
Әкелмек елге ырыс бір,
Сендегі жарқын пәк талант.
Кешегі сайлы министр,
Бүгінгі ойлы докторант.
Бір болғай алғы мақсаттар,
Гүл болғай шыққан әр төбең.
Нұр болып жаусын жақсы аттар,
Шырқалып шыңға мәртебең.
Бұл ғасыр бейне ертегі,
Теңі жоқ жыр ғой асылы.
Әз інілердің ертеңі
Әзизалардың ғасыры.
Қиындықтардан тайсалма
Тоқтайтын түк жоқ бас алға,
Шын бақыт адал маңдайдың
Терлерінен жасалған.
Талайдың көсегесін де
Көгертіп жатқан сол ғасыр.
Бүгініңді ал да есіңе
Ертеңің жайлы толға сыр…

***
Мен-дағы сөз келген соң төзем бе енді,
Сарқырар ақпа бұлақ кезең келді.
Алатау ақ бұлтынан сәлем саған,
Арқаның жамырауық өзендері.
Тыңдасын енді мені заңғар атам,
Мен енді қара өлеңнен қар боратам.
Алатау басы болып міз бақпай қап,
Атырау толқыны боп жардан атам.
Мына Ертіс шарапатты тұрақ саған,
Жағады шырқау жұлдыз шырақ соған.
Сол Ертіс ернеуінен күмбірлесең,
Құймайтын дария бар ма жырақ саған.
Теңіз жоқ түпте маржан тұңдырмаған,
Дария жоқ бір сырлы ақын тудырмаған.
Бар сенің бүгін қазақ жырында атың,
Павлодар орманынан судырлаған.
Қалайша биіктемес жарқын еңсең,
Арналар дүрліккенде алқымы сен.
Әлемді алдыңа алып жыр жазасың,
Қаламы Аманжолдың арқылы сен.
Арқадан бір арманның сыр ақтарып,
Даусыңды бара жатыр жыраққа алып.
Далаңда белдеу-белдеу жолың жатыр,
Көктемгі кемпірқосақ сияқтанып…
Өзгеге өміріңді мектеп етіп,
Кеудеңді гүл — жазира көктем етіп.
Жеттің сен, мұнаралы ғасырларға,
Жетпістің қарлы шыңын көктеп өтіп!
Елеусіз еркін болып, Қайкен болып,
Ондаған шамшырақты бай кен болып.
Бүгін сен аспан аунап жанарыңнан,
Отырсың жиырма бесті қайта өңгеріп.
Апайлар, қарындастар, даңқты ағайлар,
Гүл жарған алма бақтар аппақ айдар.
Бір сезім шымырлатып жүрегімнен
Шыбығы солқылдаған көк тоғайлар.

ЖАЗ ҚАҚПАСЫ
Шертті дала сырларын,
Жамыраған жаз келді.
Қанатында тырнаның,
Қалықтаған саз келді.
Жырлап теңіз жырақтан,
Бұрқыратып бу атты.
Былдыр-былдыр бұлақтан,
Сылдыр-сылдыр су ақты.
Жусан аңқып белдерден,
Жер сімірді шуақты.
Сұқсұр ұшты көлдерден,
Сұрау белгі сияқты.
Қолтығына баулардың,
Қонды бұлбұл елеңдеп.
Дәптерінен таулардың,
Төгілді өзен өлең боп.
Қанатын қаз суларға,
Әлі қағып барады.
Балбыраған нуларға
Балық ағып барады.
Қармақтарын саптасын,
Айтайыншы досыма.
Көктем ашқан қақпасын,
Жаз дегенің осы ма.

***
Көктем болсам қайран қып қыздар елін,
Көкірегімнен талай күй қозғар едім.
Сезімдегі ізгілік жырға сыймай,
Дөңбекшіген түндерім аз ба менің.
Аз ба менің түндерім қиналмаған,
Қашан тағдыр мұхит жыр сыйлар маған.
Айтсам деп ем бәрін де шағымда мен,
Дүниеден төсегім жиналмаған.
Сырлатып көп дүние қиялдай-ақ,
Бірақ тегін қағазын сиям бояп.
Беріп келген өмірге түк те бермей,
Алып келем әлі мен ұялмай-ақ.

КӨКТЕМДЕ
Әуеден алтын сәуле қарға құлап,
Жанданды жазды көріп жарғақ лақ.
Жүгірді айдын-айдын айна бұлақ
Орғылап ойдым-ойдым ойға құлап.
Бұлт жөңкіп айдалаға аспан көшкен,
Тынымсыз дүние тулап астан-кестен.
Сенің де дәл осындай күндерің бар,
Адамзат көктемі үшін бастан кешкен.

АДАМДАР
О, адамдар, біргемін мен сендермен,
Ықыласыңа еш нәрсені теңгермен.
Сендер менің бақытымның бұлағы,
Сендер менің дарыныма жел берген.
Өздеріңмен өмір шыңын бірге астым,
Жарты құртты бөліп жедім, сырластым.
Дүниеге келгенім жоқ шет жүріп,
Рақатын ойлау үшін бір бастың.
Гүлстанға айналдырған тақырды,
Болат қолдар, алғыр милар ақылды,
Сүйемін мен, сүйемін мен сендерді
Алар демім қалғанынша ақырғы.
Менің үшін бірдей тілің, жынысың,
Көбің ана, көбің аға-інісің.
Достық өскен, ерлік өскен ортаңа
Енген сайын кеңи түсер тынысым.
Не кездессе өздеріңмен көрмекпін
Қарапайым адамдары еңбектің!
Барлығын да бағыштар ем сендерге
Махаббатын маған берсе жер-көктің.
Қолыңнан қала тұрса тас қаланып,
Құдіретіңе табынса аспан алып.
Сен жасаған бақытты көріп тұрып,
Сені сүймеу не деген масқаралық.
Алдымнан көрген емес жол кесіліп,
Келемін демеуіңмен өрге шығып.
О, адамдар, ғапу ет, шалыс бассам,
Кешіріңдер,
Менікі пендешілік.

ОЙЛАЙ БЕР МЕНІ...
Тағатсыз күткен ыстық үн,
Жаралы хал ғой - ғашық хал.
Күйсандық көрсең, бір тілін
Мені ойлап бар да, басып қал.
Тек қана көзге жас алма,
Ойлай бер мені күніге.
Махаббаттардың қашанда
Ойламау жеткен түбіне.
Жаныма қап ең жақын боп,
Жүректе бүгін сыздау көп.
Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп...
Жолығар болсам қайта мен
Сағыныш толы сол шақпен.
Бәрін де саған айтар ем
Жалғыз-ақ тамшы моншақпен.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста