10 тамыз ұлы Абайдың туған күні
Бүгін Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күні, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Ол ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда дүниеге келген. Біртуар тұлғаның мұрасымен елі ғана емес, жер жаһан түгел сусындап жүр.
Абай... Ұлт тарихындағы қайталанбас тұлға. Ол жазба әдебиеті қалыптаспаған ортадан шықса да, 170-тен аса өлең, 56 аударма, 45 «қара сөз» жазды. Жай жазбады. Түбірін, тамырын, ішкі сырын һәм қадір-қасиетін қармай жазды. Тұманға кірген қазаққа сәуле, адасқан жұртқа бағыт болды.
Тек әдебиетте ғана емес, жалпы ұлттың қалыптасу жолында үлкен қызмет атқарды. Содан болар, тарихшылардың бір парасы Абайды Алаш ардақтыларының ұстазы деп таниды.
ҒАРИФОЛЛА ЕСІМ, абайтанушы:
- Алаш десеңіз, оның түптамыры абайда жатыр. Алаш деген Абайдың айнасы. Абай тамыр - содан өсіп шыққан Алаш. Абай болған соң, олар соншама терең идеяларға кетті. Қалың елім, қазағым, қайрай жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан болып, бірі май екі ұртың дегенді Әлихандар алып кетті әрі қарай.
Ал Абайдың қара сөздері адам болмысы үшін күні бүгінге дейін баға жетпес азық. Оны бүкіл әлем мойындады. Күңкілі, күңшілі көп заманда туған тұлғаның ойы өлеңге, сезімі қара сөзге сіңді.
Арада ғасырдан аса уақыт өтті. Абай жазған жазбаны шаң баспады, мәні мен өзектілігі әлі жойылмады.
ҒАРИФОЛЛА ЕСІМ, абайтанушы:
- Жалпы қазақтың мәдениет, тарихын, өмірін Абайсыз айтуға болмайды. Абай солай сіңіп кеткен. Ауа сияқты сіңіп кеткен.
ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ, абайтанушы:
- Абайды біз көз жүгіртіп оқып, өзіміз тереңіне сүңгімей, көбігін қалқығанда малдан көбік деп ойлаймыз. Түсінбеген адамның өзіінң саңлауы әлі ашылмаған деп есептеймін.
Абай ағартушы. Оның "Толық адам" тұжырымдамасын бала бойына ерте жастан сіңіру керек деген әңгіме жиі айтылып жүр. Ал жарым адамнан толық адамға өту үшін не істеу керек? Ұлы ақын білім, иман, ар-ождан һәм әділдікті жоғары бағалаған. Әрине, бұл қасиеттерді толық игеру оңай емес, бірақ Абай айтпақшы: "Болмасаң да ұқсап бақ..."
ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ, абайтанушы:
- Шариғат. Одан кейін шариғатқа түсетін тариқат жоқ. Одан кейін мағрибат. Ғылым мен жүрек. Содан кейін ақиқат шындыққа көз жеткізу. Осы 4 ойлау жүйесінен өткен адам толық адам деп аталады. Осы 4 сатыдағы ең басты талап - ар ождан. Мектеп баласына, шәкірттерге, азаматтарға мына пайғамбар жасынан асқан бізге де сол ар-ождданның шекарасын ұстану керек.
Абайды оқу, оның ілімін, білімін бойға сіңіру, өмірлік ұстанымға айналдыру ел тұтқасын ұстайтын жастардың парызы. Ахмет айтпақшы, "Абай қазақтың бас ақыны. Бұрын-соңды қазақ баласында одан асқан ақын болған жоқ." Болмайды да...
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz