11 жыл бойы бір бөлмеден шықпаған: 18 жасында жоғалып кеткен қыз көршісінің үйінен табылды
Үндістанда 2010 жылы жоғалып кеткен 18 жастағы қыз Саджита он бір жыл бойы көршісінің үйінде жасырынып келген деп жазады Life.ru.
Бұл оқиға 2010 жылдың ақпан айында Айлур ауылында болған. Жас қыз өз еркімен көрші тұратын суретші Рахманның үйіне көшіп кеткен. Бірақ жігіт сүйіктісін туыстарымен таныстыра алмапты. Ол Саджитаның отбасы басқа дінді ұстанатындықтан, ата-анасы қарсы болады деп ойлаған.
Осылайша, Рахман сүйіктісін өзінің шеберханасына орналастырып, бұл туралы ешкімге жақ ашпаған. Жас қыз үнемі бөлмеде отырып, ер адамның отбасы жұмыста болғанда және бәрі ұйқыға кеткен кезде ғана сыртқа шыққан.
Жоспар жүзеге асып, Рахманның шеберханасында қыздың бар екенін ешкім білмеген. Жігіттің ағасы Баширдің сөзінше, інісі өзгеше болғандықтан, ата-анасы оның шеберханада бар уақытын өткізетініне көндіккен.
Он бір жыл бойы Саджита бір бөлмеде өмір сүрген. Осы уақыт аралығында ол 28 жасқа толған. Қос ғашық құпиясын тағы бірнеше жыл сақтауы мүмкін еді. Алайда Рахман жыл басында ата-анасымен ұрысып қалып, қызымен бірге үйден кетіп қалған.
Үш ай өткеннен кейін жігіттің отбасы ұлдарын тауып беруін өтініп, полицияға барған. Бір күні Башир інісін аяқ астынан көріп қалып, жалдамалы пәтеріне дейін аңдып, жастарды көріп қойған. Жергілікті сот Саджита мен Рахманға бірге тұруға рұқсат берген. Алайда ер адам ортаға ата-аналары түсе ме деп алаңдайды.