13 жыл құжатсыз жүрді
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданы Тоқболат елді мекеніндегі төрт жетімнің жағдайы ауыл ақсақалдарының жанына бататын.
Балалардың әкесі қайтыс болған. Анасы Темірлан ауылындағы мектеп-интернатқа балаларының көзін жәутеңдетіп тастап кеткен. Бүгінде қашқын анаға құқық қорғаушылар іздеу салуда. Төрт баланың туу туралы куәлігі мүлде болмаған. Балалардың үлкені биыл 9-сыныпты тәмәмдап отыр. Ауыл ақсақалы Келдібек қария өткен жылы Облыстық балалардың құқығын қорғау департаменті осы ауданда қоғамдық қабылдау өткізгенде балалардың басындағы қиын жағдайды қынжыла жеткізген еді. Арада бір жыл өткен соң департамент балалардың құжатты болуына септігін тигізді. Батырхан, Бақытжан, Шырынкүл, Нұржамал өздерінің алғашқы құжаттарына араға 13 жыл салып барып қол жеткізді. Бүгінде балалар аудандағы әлеуметтік сауықтыру орталығына орналастырылды.