130 жыл жасаған самауыр – Қарағандыда
Қарағанды аймағында 130 жыл бұрынғы самауыр бар. Бұл жайт Теміртау қаласының өлкетану мұражайы өткізген ашық аспандағы көрмеде мәлім болды.
«Самауыр мен шәйнектер» аталған көрмеге өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған самауырлар мен шәйнектер әр жылдардағы тарихтан хабар берді. Соның арасында көрмеге келген көпшілікті елең еткізгені – 130 жыл бұрын Туладан келген «қария» самауыр. Самауырдың иесі Шахан қаласының тұрғыны – Әзілхан Төлеубаев. Ғасыр жарымға жуық «ғұмыр» кешкен самауыр көрмедегі құнды жәдігердің қатарынан табылды. Иесі жез самауырдың отбасындағы қадірі – алтындай ардақты, күмістей салмақты екенін айтады. 130 жылдан бері жасап келе жатқан самауырдың талай тарихтың куәсі екеніне дау жоқ.
Әзілхан Төлеубаев, самауырдың иесі:
– Бұл – анамның сыйы. Отбасымыздың ерекше, қадір тұтатын бұйымы. Біз оны отбасымыздың көзіндей ерекше сақтап, қастер тұтамыз. Барлық отбасылық отырысымызда осы самауырдан шай ішуіміз дәстүрге айналған.
Самауырлар шеруінен бөлек, өлкетану мұражайы шайға қатысты түрлі байқаулар ұйымдастырды. Ал мұндай көрме Теміртауда тұңғыш рет өтіп отыр.