48 мың көл құрып кетуге жақын тұр
Табиғат туралы айтқанда неге тосылып қала береміз? Өйткені кезінде қоршаған ортаны пайдалануда көп ағаттық кетті. Оны көзіміз көрді. Бұрын жайнап тұрған көрініс қазір ертегі секілді. Сүреңсіз табиғат кімге ой салмайды? Кезінде сулы жерлер көп еді. Әрбір ауылдың іргесі сусыз жатпайтын. Көлдер бар-тын. Аққу ұшып, қаз қонған дегендей... Бүгін басқаша. Көлдің көбісі тартылып қалды. Табанында ылғал жоқ. Құмды далаға айналды. Жел тұрса, шаң борайды. Бұл – біздің қателігіміз. Су айдынын пайдалануда ағаттық жібердік. Көлдер күтімсіз күйге түсті. Сосын құлазыған далаға айналды. Оның маңы да көріксіз күй кешті. Ілгеріде жасыл желек жайқалып тұратын-ды. Есепке жүгінеміз осындайда. Жоғалтқанымыз көп екен. Ертеде қазақ даласында су айдыны көп болыпты. Осы уақытта олар бірнеше есе кеміп кеткен. Бүгінде елімізде 48 мыңға жуық көлдер бар екен. Былай қарағанда, аз емес. Дегенмен олардың жағдайы мәз деп айта алмайсың.
Бұрын Арал теңізі ең ірі көл саналды. Теңіздің экологиялық жағдайы белгілі. Ара-тұра Балқаштың ахуалы да алаңдатып отыр. Өзге де ірі көлдердің проблемасы жетерлік. Айтпақшы, келбеті көркем Көкше жеріндегі 80 көлдің жағдайы қазір еріксіз жаныңды ауыртады. Бүгінгі күні онда сол су айдындарының жартысына жуығы ғана қалған. Қалғаны құрғап, табанын лай басқан. Жаратылыс қолмен қалап қойғандай әсем өңірдегі бұл мәселенің өзі талайды ойлантады. Кезінде Сәкен Сейфуллин «Сексен көл Көкшетаудың саясында, әрқайсы алтын кесе аясында» деп жырға қосқан еді-ау... Оған қоса, тұмса табиғатты тағы бір өңір – Жетісу жеріндегі Қапшағай көлінің де күні қараң болып барады. Жасанды көл тартылса, жағасындағы жұрттың жағдайы не болмақ? Қазір бұл жерді туризм аймағына айналдырамыз деп өрекпіп жүрміз. Себебі бастауын Қытайдан алатын Іле өзені Қапшағайға әрең жетіп жатыр. Оған Қытай Үкіметінің елдің Батыс аймағын ауылшаруашылық өңір ретінде дамытуға ден қоюы айтарлықтай әсер етуде. Егер жағдай осы қалыпта қала беретін болса, өзендерден бөлек, Балқаш, Қапшағай, Алакөлімізден әп-сәтте айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Бұл жайында «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында:
– Қапшағай суын бөгеп тастаған. Қазір Іле өте аз су беріп жатыр. Біз қанша шуладық, қанша айттық. Алайда Қытай қазірге дейін халықаралық конвенцияға қол қойған жоқ, – дейді.
Мамандар біздің Қытаймен келісім жүргізуіміздің негізгі факторы Балқаш көлін сақтау екенін айтады. Себебі бұл көл табиғатты қалыптастырады. Қазақ География институты Су проблемалары мәселелері бөлімінің бастығы Жақыпбай Достайұлы егер Балқаш құрыса, Алматы облысының қоршаған ортасына орасан зор зиян тиетінін көлденең тартады.
Біздің даламыздағы көлдердің 94 пайызға жуығы шағын екен. Көлемі 1 шаршы шақырымға да жетпейді. Ал олардың жағдайы мүлдем қиын. Жауын жауса, көлдер толғандай болады. Қалған уақытта олардың суға толып жатқанын көру арман. Еліміздің аумағында көлдер жүйесі біркелкі тарала қоймаған. Теріскей өңірлерде олардың саны басым. Көлдердің көбісі көктемгі мезгілде толады. Кейде су деңгейі шұғыл өзгереді. Осының салдарынан көлдердің біршамасы кеуіп қалып жатады. Әрине, оны табиғат құбылысы дейміз. Әйтсе де, көлдер жүйесіне тиісті деңгейде көңіл бөлінсе, су айдындары тартылып қалмас еді. Әсіресе, бұл көрініс шөл және шөлейтті өңірлерге тән. Олар біртіндеп шөгінді жыныстарға толып жатыр. Өсімдіктер қаптап өскен. Оның салдары бар. Тұз тез байланады. Одан арғысы белгілі. Көлдер сорға айналып кетеді. Сортаң жерлерде ылғал тұра қоймайды. Осының салдарынан көлдердің көбісі жойылуға жақын тұр.
Сыр өңірінде кезінде судан таршылық көрмеген. Мыңнан астам көл болған. Беріде көлдер тартылды. Аймақ табиғаты сұрқай тартты. Сүреңсіз күйге түсті. Бүгінде облыста 100-ден астам көл қалған. Рас, Арал экологиясы оған аз зардап тигізген жоқ. Сонау бір жылдарда дария толып жататын. Ернеуіне сыймайтын еді. Көктемде «еркелеп» те алатын. Бұл уақытты жергілікті жұрт тиімді пайдаланатын. Көлдерді суға толтыруға мән берілді. Оның пайдасы да тиетін. Балық шаруашылығы дамыды. Келіп түсетін су мөлшерінің азаюы тайыз көлдерге кері әсерін тигізді. Осының салдарынан Қостам-Қаракөл және Ақирек маңындағы су айдындары кеуіп кетті. Ал Қараөзек, Ақсай, Қуаңдария көл жүйелері көзден жоғалды.
Зауырбек ЕРМАХАНОВ, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Арал филиалының директоры:
– Өткен ғасырдың 70-жылдарының аяғы мен 80-жылдарының басында Сырдарияның төменгі ағысындағы Қамыстыбас, Ақшатау және теңіздің құяр сағасындағы көлдер сақталып қалды. Алайда қалған ірі көлдер жүйесі кеуіп кетті.
Көл дегенге көз жұмып қарауға болмайды әсте. Өйткені көл бар жерде тыныс-тіршілік жалғасады. Жағалауы жасыл желекке толады. Қаншама жан-жануар мекен етеді. Онда балық қоры да молаяды. Қысқасы, қоршаған орта қайта жасанып, жаңғыра түседі. Байқасаңыз, Сыр өңіріндегі көлдер жүйесі Сырдария өзенінің деңгейіне тікелей қатысты болып тұр. Себебі аймақта одан басқа айдынды су көзі жоқ. Дария толса, көлдерге жан бітеді. Әсіресе, көктем мезгілінде оларға су жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Сырдарияның мінезі де қызық. Кейде арнасына сыймай жатады. Ал ендігі бір жылдарда таязданып қалады. Соңғы жылдары көктемде дариядан мол су ағып жүр. Су тасқынының алдын алу мақсатында түрлі шаралар жасалады. Десе де сол уақытта арнасы бос қалған көлдерді толтыру мәселесі ұмыт қалып жатады. Егер осы жұмыс жасалса, аймақтағы көлдер жүйесінің көпшілігін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туатын еді. Қызылорда жер көлемі жөнінен төртінші орында тұр. Өңірде ірі су айдындары бар. Бір Аралдың өзінде қайсыбір кезеңде балық шаруашылығы дүркіреп тұрған. Сарықұрлықтағы ең ұзын өзен – Сырдария тағы бар. Дегенмен облыстағы балық қоры еліміз бойынша ауланатын балықтың небәрі 3,4 пайызын ғана құрайды екен. Бұл да – ойланатын мәселе. Сыр өңіріндегі көлдерді қайта қалпына келтірсе, ол қазіргіден біршама өсетіні анық.
Исатай АЛДАБЕРГЕНОВ, су шаруашылығы саласының ардагері:
– Қазақстанның барлық өңірінде де осындай жағдай кездеседі. Жалпы алғанда, әлемде су ресурстары қат дүние екені белгілі. Десе де біз қолда барды ұқсата алмай жүрген секілдіміз. Жылма-жыл Қазақстанның бірқатар аймақтарындағы өзендер арнасына сыймай, тасып жатады. Сондай кезде артық суды құйып алатын көлдер жүйесін тиімді пайдаланған артық емес. Ол әрбір аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға оң септігін тигізеді.
Кейбір елдерде су ресурстарына ерекше мән беріледі. Табиғаттың сұлу көрінісін тамашалап, көңілің көтеріліп қалады. Сарқырай аққан мұхит, теңіз, өзендер бар. Ондай су айдындары болмағанында, ең кем дегенде көлдер кездеседі. Оған айрықша мән беріп, күтімсіз қалдырмайды. Бізде осы мәселе әзірге жетіспей жатыр...