«9,5 адам COVID-19 жұқтырды»: Денсаулық сақтау министрлігі Ажар Ғинияттың желіде дау тудырған видеосына пікір білдірді
Денсаулық сақтау министрлігі желіде шу туғызған Ажар Ғинияттың видеосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сұхбатынан үзінді тарады. Ол кейінгі төрт айда елімізде 9,5 адам COVID-19 жұқтырғанын айтқан.
Ведомствоның баспасөз қызметінің айтуынша, әлеуметтік желілердегі видео Денсаулық сақтау министрі айтқан ақпараттың бастапқы мағынасын бұрмалау үшін қолданылып жатыр.
"Сондықтан КВИ-мен сырқаттанушылық статистикасы келтірілген арандатушылық видеоны одан әрі таратпауларыңызды сұраймыз. Нақтырақ айтқанда, министр 9,5 мың адам туралы айтқан. 2023 жылдың басынан бастап Қазақстанда 9086 КВИ+ жағдайы және 435 коронавирус пневмониясы жағдайы тіркелді, жалпы бұл - 9,5 мың науқас. Министр эпидемиологиялық мониторингіге, сырқаттанушылық статистикасына және науқастарды емдеуге байланысты барлық мәселені тұрақты бақылауында ұстайды", - деді министрліктің баспасөз қызметі өкілі.
Сондай-ақ Ажар Ғинияттың тағы бір сөзі дау туғызды.
"Бір жыл ішінде өмір сүру ұзақтығы төрт жылға өсті", - деді министр.
Денсаулық сақтау министрлігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі Агенттіктің Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2022 жылдың қорытындысы бойынша өмір сүру ұзақтығы 2021 жылмен салыстырғанда 4,21 жылға өсіп, 70,23 жылға қарағанда 74,44 жылды құрады деп жауап берді.
"Бірақ бұл біздің деректеріміз емес, Ұлттық статистика бюросының деректері. Біз өмір сүру ұзақтығын есептемейміз. Журналистер көп, шулы болғаннан кейін ол "өмір сүру ұзақтығы" деді, "күтіледі” деген сөзді жіберіп алды", - деп түсіндірді ведомстводан.