А гепатитіне шалдыққандар көбейіп кетті
Екібастұз қаласындағы гепатит ауруына шалдыққан оқушылар саны 20-ға жетті. Осының салдарынан алдымен сары ауру жұқтырған балалардың саны жағынан алдыңғы орында тұрған №11 мектеп, кейін өңірдегі барлық мектептер, тіпті музыка және көркемсурет мектептері де карантинге жабылды.
Екібастұздық балалар үшін биылғы оқу жылының алғашқы каникулы басталып та кетті. Оқушылар қараша айының 1-і мен 9-ы аралығында демалатын болады. Ал бұл уақытта індет шыққан мектептерде зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, балалар сары ауруға қарсы егілмек. Бүгінгі таңда балалары гепатитке шалдыққан №№11, 12, 18 мектеп оқушыларына гепатитке қарсы вакцина салынды. Айта кетерлігі, сары ауруға шалдыққандардың дені 4-7 сынып оқушылары және олар гепатиттің А түрін жұқтырған. Олардың арасында тиісті емін қабылдап, ауруханадан жазылып шыққандар да бар.
Сағындық СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Екібастұз қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалу басқармасының бастығы:
– Гепатитке шалдыққан оқушылардың 18-і бірдей – №11 мектептен. Олардың бәрі де аурудың А түрін жұқтырған. Тексеріс кезінде олардың осы аурумен ауырған көршілерімен қарым-қатынаста болғаны анықталды. Мектеп асханасында су ішетін ыдыстардың жеткіліксіздігі де аурудың таралуына әсер еткен факторлардың бірі. Гепатиттің А түрі басқасына қарағанда, соншалықты қауіпті емес, емдеуге де жеңіл. Қазірдің өзінде балалардың бесеуі жазылып, үйлеріне қайтты. Қалғандары ауруханада, олардың жалпы жағдайлары жақсы.
Маржангүл ҚАЙЫРБАЕВА, Екібастұз қаласы әкімдігі білім беру бөлімінің бастығы:
– Мектептердің карантинге жабылуына байланысты бүгіннен бастап Екібастұз өңірі мектептерінің оқушылары каникулға жіберілді. Ал мектептерде зарарсыздандыру, індетке қарсы күрес және алдын алу шаралары жүргізілуде.