«Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры құрылды
Үстіміздегі жылы бүкіл дүниежүзін дүр сілкіндірген Семей ядролық сынақ полигонында алғашқы сынақ өткізілгеніне – 29 тамызда 60 жыл, ал «Невада-Семей» қозғалысының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Семей сынақ полигоны дегенмен, бүкіл Абыралы өңірін қайғы-қасіретке орап, өшпес жара салған Кеңес Одағының сынақ алаңындағы халықтың қазіргі жай-күйі мәз емес.
Сол себепті Семей қаласында үстіміздегі жылдың сәуір айының 7-сі күні «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры Семей қаласының әділет басқармасынан заңды тұлға ретінде тіркеуден өтті.
Қордың негізгі мақсаты – Семей қаласы Абыралы өңірі тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, оларды сапалы медициналық көмек түрлерімен қамтамасыз ету үшін жағымды жағдайлар жасау, сондай-ақ Абыралы елінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени-сауықтыру, экологиялық мәселелерін шешуге қолғабыс ету және де тұрғындардың өз мәселелерін өздері шешуі үшін ақпараттық, ағартушылық, медициналық, әлеуметтік, қайырымдылық және бәсекелестікке қабілеттілігі қолайлы ауылшаруашылық өнімдерін көтеру, ақыл-кеңес беру бағдарламаларын іске асыру.