Аялдамаларды аямай тұр
Қызылжарда жолаушыларға сая болады деп қойылған жаңа аялдамалар аяусыз қиратылып жатыр. Осы жазда қала әкімдігі шаһарды көркейту мақсатында және қоғамдық көлік жолаушыларына ыңғайлы болуы үшін көше бойындағы аялдамалардың біразын жаңартқан болатын. Отырмақ түгіл, маңына жақындаудың өзі мұңға айналған, темір мен бетоннан жасалған аялдамалардың орнын көк сырмен сырланған, келе жатқан автобустарды бақылап отыру үшін екі жанына терезе қойылған жаңалары басқан-ды.
Бірақ олардың ғұмыры ұзақ болмады. Жазда қойылған 20 аялдаманың жартысының әйнектерінің күлпаршасы шыққан. Әзірге тәртіп сақшылары бұзақыларды таба алар емес. Ал жауапты кәсіпорын күтіп отырмай, аялдамаларды қайтадан жөндеуге кірісіп те кетті.
Жамбыл көшесінің бойына қойылған 18, Жеңіс паркінің жанындағы екі жаңа аялдама ыңғайлылығымен қоса, қалаға едәуір сән беріп тұратын. Сол әсемдігі ұнамады ма, қаскөйлер қолдарына түскен затпен ұрып, пластик терезелердің түгін қалдырмапты.
Аяулым ЖҰМАЖАНОВА, Қызылжар қаласының тұрғыны:
– Жаңа аялдамалар өте ыңғайлы еді. Бұрынғыларымен салыстыруға келмейтін. Аялдамаларды сындырып жүрген жастар деп ойлаймын. Олар бұған қанша қаржы мен жұмыс күші жұмсалғанын білмейді ғой. Білсе, бүйтпес еді. Аялдамалар қаланың көркін де ашып тұратын. Осындай жақсы бастаманы қолдаудың орнына, кесірін тигізетіндері өкінішті. Сәнді бірдеңе көрсе, сындыруға дайын тұрады. Қала көшелері мен саябақтарға қойылған шағын ескерткіштерді де сындыруға кірісті.
Александр ИВАНОВ, Петропавл қалалық әкімдігінің «Мүлікті тізімдеу» МКК директоры:
– 20 аялдаманы жасауға 8 миллион теңге жұмсалды. Әрбіреуінің құны 368 мың теңгеге түсті. Алайда оны ойлап жатқан қала тұрғындары жоқ. Соңғы екі айдың ішінде он аялдаманың әйнектері күлпарша етілген. Есептеуімізше, шамамен 80 мың теңге көлемінде шығын келген. Қазір бюджет қаржысына жөндеп жатырмыз, шығын бұзақылар ұсталған кезде өндіріліп алынар.