Айдын Айымбетов ғарышта өткізген 10 күні жайлы әңгімелеп берді
Үшінші қазақстандық ғарышкер Айдын айымбетов Алматыда өткен «Алдыңғы қатарлы ғарыш зерттеулері мен технологиялары» тақырыбында өткен семинар барысында өзінің ғарышқа шеккен сапары жайында айтып берді. Оның ғыршқа саяхаты 2015 жылғы 2 қыркүйектен 12-сіне дейін жалғасты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Станицияға келіп жеткенде адамның ағзасы бірден ғарыш жағдайына үйреніп үлгермейді. Негізгі фактор – адам ағзасындағы қанның сәйкессіздігі мен қайта реттелуі. Өздеріңіз байқаған боларсыздар, алғашқы телесеанстарда барлық экипаж мүшелерінің – Волковтың, Могенсеннің, менің басым футбол добына ұқсас домалақ болды. Қан дененің төменгі бөлігінен, аяқтан, басқа қарай айналды. Яғни, барлық жұмсақ тіндер ісініп, тіпті, дауысымыз жіңішкеріп кетті, себебі тамақтағы бұлшық еттерге дейін ісініп, ішкі қан қысымы күшейді, көзге түскен қысым күшейді. Міне, осындай күйде біз сынақ жұмыстарын жүргіздік», - деп әңгімеледі «Алдыңғы қатарлы ғарыш зерттеулері мен технологиялары» тақырыбында өткен семинар барысында мінберге шыққан Айдын Айымбетов.
Сынақ жұмыстарының ішінде ең қызықтысы ғарышкер үшін Арал мен Каспий теңіздерін мониторингтеу болған екен.
«Иллюминатордан объективке қажетті аймақтарды түсіріп үлгеру қажет болды. Ал Халықаралық ғарыш стансасы секундына 7,8 километр жылдамдықпен жылжыды. Сондықтан станса астындағы қажетті нүкте жылдам өтіп кететін. Мынандай уақытта Арал теңізінің үстімен ұшамыз, мынандай аудандарды түсіріп алу керек. Арал теңізі көрініп тұр, бірақ құбыр жолдары мен мұнай кен орындарын табу қиынға соқты. «Қайда?», «Мен көрмей тұрмын!», ал жігіттер: «Міне тұр ғой», - деп көрсетіп әлек. Кеш, өтіп кеттік», - деп жымиып еске алды Айымбетов.
Сондай-ақ, ғарышкердің айтуынша, құрал-жабдықтарды дайындаудың өзі көп уақыт алады екен. Себебі жерде тұрғанда тіреп қоюға болатын құралдар ғарыштағы салмақсыздықтан үнемі қозғалып кете береді.
Ал ғарышта тамақтану мәселесі жеке әңгіме. Адам иммунитетін көтеріп, жұмыс қабілетін арттыратын және шаршағанын басатын құрғақ сүт, нәрлі саңырауқұлақтар қоспасы – ғарышкерлердің ас мәзіріндегі басты тағам болды десе болады.
«Біз экипажбен сауалнама ұйымдастырып, олар қазақ тағам академиясы ұсынған өнімдерге өз бағасын берді. Олардың бағасы жоғары болды. Мен ол тағамдардың әрбіріне түсініктеме бердім, мәселен, құрт – көшпенді халықтың ежелгі тағам түрі. Ол кептірілген әрі тұз қосылған ірімшік. Сүзбе. Шетелдіктер біздің сүзбеге өте дәмді деген баға берді», - деп әңгімеледі ғарышкер.
Айдын Айымбетов өз әңгімесін ұлттар арасындағы татулық пен шекарасыз достық тақырыбымен аяқтады.
«Иллюминатор арқылы орбитадан жерге қарағанда, ешқандай шекара байқалмайды. Халықаралық экипажда жұмыс істедік: 5 елдің атынан келген 9 адам. Олардың өркениеті де тарихы да әртүрлі. Әлбетте, ғарышкерлердің өз мінезі, қалыптасқан өз тәртібі бар, бірақ бәріміз өте тату болдық. Ағайындар тәрізді. Ешқандай құпия жоқ, бірге жұмыс істеп, бір дастархан басында отырып тамақтандық. Болашақта Жер шарының әр ұлты осы достықты түсініп, бағаласа екен деймін. Тек бірнеше мемлекет бірігіп, бір мақсатта жұмыс істегенде таяу және қиыр ғарышты игеруге мол мүмкіндік болады», - деді Айымбетов.
Естеріңізге сала кетейік, Айдын Айымбетов ғарышқа ұшып, Жерге сәтті оралды. Осы ерлігі үшін оған Елбасы «Халық қаһарманы» құрметті атағын берді. Елі мен Елбасына ризашылық білдірген ғарышкер Мемлекет басшысына Жер шарын 150 рет айналып шыққан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұсынды.
bnews.kz