Аймақтық жеке телеарналар бәсекеге лайық па?
Республикалық деңгейдегі біраз телеарна таяуда сандық стандартқа өтіп, еліміздің барлық аймағына дерлік таралу мүмкіндігіне ие болған. Осы мүмкіндікке енді аймақтық жекеменшік телеарналар да қол жеткізгісі келетін сияқты. Алайда талпыну бір басқа да, тиісті талап үдесінен табылу бір басқа екенін ескерсек, олар бұған қаншалықты дайын? Әрі-беріден соң, аймақтық деңгейдегі телеарнаны республикалық ауқымға шығарудың қажеттілігі бар ма? Осы және басқа да түйткілді сауалдар кеше Астанада талқыға түсті.
«Жаңа технологияға көшу барысында аймақтық жеке телеарналарды қалай сақтап қалу керек, оның келешегі қалай болмақ?» деген тақырыпта өрбіген дөңгелек үстелге Байланыс және ақпарат министрлігінің, Әділет министрлігінің лауазымды тұлғалары, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, жергілікті билік өкілдері, отандық телеарналардың жетекшілері қатысып, пікір алмасты. Дүрліккен мәселені екі жақ болып шешу үшін бетпе-бет сөйлесуді жөн көріпті.
– Бүгінгі таңда Қазақстанда 40-тан астам аймақтық жеке телеарналар жұмыс жасап келеді екен. Өздерінің студиялары, тұрақты ұжымы бар. Олар да өздерін контент өндірушілерміз деп есептейді. Жергілікті халықтың сенімін алып, өмірін жақсарту мақсатында атсалысып жатқан бірден бір ақпарат көзі деп санайды. Сондықтан да жаңа технологияның мүмкіндігін пайдалануға олар да құқылы.
«Олар мемлекеттік телеарналарға қарағанда жергілікті биліктің кемшілігіне әлдеқайда сынмен қарап, жергілікті халықтың жағдайын ойлайтын ақпараттың қайнар көзі болып табылады. Мәселен, Шымкенттегі балалардың СПИД жұқтырғанын тек қана жекеменшік телеарналар айтты. Сондықтан да неге оларды да жаңа технологияның ағымына ілестіріп алмасқа», – деп есептейді «Қазақстан» ұлттық телеарнасының атқарушы директоры Шолпан Жақсыбаева. Ол жалпы, әлемде жаңа стандартқа көшу барысында нарықтағылардың барлығына тең құқық берілетінін алға тартып отыр. Ендеше, Қазақстанда да бұл үрдіс көрініс табу керек деп есептейді аймақтық жекеменшік телеарналар.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Аймақтық телеарналар да сандық жүйеден дәмелі
Не керек, сол үшін аймақтық телеарналардың тапсырысымен Сорос-Қазақстан қоры жобасы аясында жергілікті телеарналардың рөлі мен маңыздылығы және оларды сандық телевидениеге көшіру жайында сауалнама жүргізілген екен. Сауалнаманың нәтижесі бойынша мынадай қорытынды шыққан: жалпы аймақтық арналарды халықтың басым көпшілігі көреді екен. Көрермендердің үлесі 79 пайыздан асқан. Оның үстіне, жергілікті тұрғындардың жартысынан көбі (52 %) аймақтық телевизияның бағдарламаларын күн сайын үзбей қарайды. Зерттеушілер сондай-ақ аймақтық арналардың маңыздылығын және жергілікті жердің оқиғаларынан хабар беретін ақпараттық қайнар көз ретінде жоғары бағалаған. Сұралғандардың 77 пайызы жергілікті жерлердегі арналардың жабылуына үзілді-кесілді қарсы боп шыққан. Сонымен қоса, жұрт аузынан Семейдегі ТВК-6 телеарнасы, Қостанайдың ОТРК Алау, Оралдағы ТДК-42 және Шымкенттің Отырар арналары түспейтіні байқалған. Сондықтан да халықтың осындай сұранысын неге қанағаттандырмасқа?
Олар «аймақтық телеарналар бүкіл республикаға таралмаса да, ең құрығанда, сандық жүйенің «құдіретімен» облыс бойына жетсе болғаны» деп сұрап отыр. Себебі аймақтық телеарналардың жиілігі төмен болғандықтан, бұлар қаладан сырт облыстағы елді мекендерге жете бермейді. Сондықтан да «Байланыс және ақпарат министрлігі сандық стандартқа көшу барысында аймақтық телеарналардың мүддесін ойлап, құқығын шектемей, сандық стандартқа өткізсе» деген талап қойып отыр.
Министрлік мұны «бос даурығу» дейді
Министрлік бұлардың бұлай даурығуына негіз жоқ деп отыр. Себебі «сандық стандартқа кіруде «танысы бардың шансы бар» деген ұғым жоқ» дейді олар. Бұған тек бәсекеге қабілетті болу керек. Яғни жұрттың сұранысына ие, рейтингісі жоғары, нарыққа бейімделген болсаң, онда жаңа технологияға да жол ашық. «Нарықта бәсекеге қабілеттілер ғана өмір сүріп кете алады. Ал сандық стандартқа кіру үшін байқаудан сүрінбей өту керек. Байқау, сөзсіз, әділетті өтеді. Сол үшін арнайы комиссиясы да сайланған. Бірінші мультиплекске көрермендердің зор сұранысына ие болғандар, ең қызықты, рейтингісі жоғары деген арналар таңдалады. «Бұл таңдауға аймақтық немесе жаңа телеарналарға қатысуға болмайды» деген шектеу жоқ. Бәрі бірдей қатыса алады», – дейді байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов. Былайша айтқанда, «ескекшің мықты болса, мұхитта да еркін жүзе аласың» деген тәрізді ғой. Оның айтуынша, телеарналарды сандық стандартқа өткізу 2015 жылға дейін жалғасады. Оған дейін әлі талай телеарналар өтуі мүмкін, ол кезде аймақтық телеарналардың да сапасы артып, сұранысы көбейер деген үмітте. «Ал сандық стандартқа өткен, кейін сапасы сұйылып кеткен телеарналарды комиссия сандық жүйеден алып тастай алады», – дейді вице-министр. Вице-министрдің бұл сөзінен кейін «аймақтық телеарналар неге сонша дабыл қақты?» деп ойладық.
Депутат қарсы...
Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл аймақтық жеке телеарналарды республика деңгейіне шығаруға қарсы. «Олардың басым көпшілігі Ресейдің не шетелдің арналарын трансляциялайды. Болмаса, жарнама арқылы ақша табумен айналысады. Өз басым ондай арналарды республика көлемінде таратуға қарсымын. Себебі олардың республика көлеміндегі көрермендерге сай бағдарламалары жоқ. Олар бізге емес, өздеріне талап қойсын. Шығармашылығы жағынан республикалық деңгейге көтерілсін», – дейді ол. Бұл сөздің де жаны бар. Жоғарыдағы сауалнама көрсеткендей, жұрттың 49 пайызы «жергілікті арналарда қызықты бағдарламалар жоқ» деп жауап берген. Сондықтан депутаттың ойынша, бұл шектеу емес және сөз бостандығы жоқ деген мағынаны білдірмейді. «Себебі кез келген мемлекет ақпарат саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге құқылы».
Міне, сандық жүйенің «сандығы» ашылған сайын әркімнің дәмесі зорайып, сарқыт күтетін сыңайлы. Алайда бұл «сандықты» қоқыс жәшігімен шатастыруға болмайтынын да ескеру керек секілді.