Айнұр Исина: Әлібимен жыныстық қатынаста болмағанымды дәлелдей аламын
Жақында атышулы «Әліби ісі» аяқталып, кәсіпкер Қайрат Жамалиев 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Аталған істегі басты кейіпкерлердің бірі, Қайрат Жамалиевтің тоқалы Айнұр Исина сұхбат беріп, біраз жайттың басын ашты.
Бұл туралы ztb.kz сайтына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
«Мен дәулетті отбасында дүниеге келдім. Жоғары экономикалық білімім бар. Қызыл дипломды магистрмін. Жасым 26-да. Өзім мүлде қаламасам да, елге атым шығып кетті. Мен, ағам және әпкем өте жақсы, тәрбиелі жанұяда өстік. Менің жақында 5 жасқа толатын ұлым өсіп келеді. Ұлым өзіме өте жақын болғандықтан, ешқандай да тәрбиеші жалдамай, сәбиімді өзім тәрбиеледім. Ол бүгінде балалар бақшасына барып жүр», – дейді Айнұр Исина.
Сұхбат барысында Айнұр Исина өзінің Қайрат Жамалиевпен ара қатынасы туралы айтты.
«Қайрат туралы айту үшін онымен бірге тұрып, оның қандай жан екеніне көз жеткізу керек. Ол өте сауатты және жауапкершілігі мол адам. Қайраттың жақсылығын білгіңіз келсе, ол көмектескен балалар үйінің тәрбиешілерімен тілдесіңіз. Қандай адам екенін айтып береді. Ол – нағыз еркек. Ол ешқашан да босаңсыған емес, үнемі еңбек етіп жүреді», – дейді Айнұр.
Сонымен қатар, ол кішкентай ұлының әкесін сағынып жүргенін де жасырмады.
«Ұлым әкем қайда деп көп сұрайды. Алыс қалаға кетті, жақында келеді деп алдап қоямын. Тіпті, әкесін іздеп, сәл нәрсеге ашуланытынды шығарды. Мен бұл туралы айтқым келмейді. Қайрат өз балаларын өте жақсы көреді», – дейді ол.
Ол Қайрат Жамалиев қамауға алынғалы бері онымен кездеспегенін, қатты сағынып жүргенін айтқан. Сондай-ақ, Әліби Жұмағұловпен қалай танысқанын да баяндады.
«Әлібимен мүлде танысқым келген жоқ. Құрбыммен кофеханада отырғанымда, менің мазамды алып, танысқысы келетінін айтты. Орнымнан тұрып кеткенде, ұялы телефонымнан өзіне телефон соғып, нөмірімді біліп алған. Осыдан соң ол қыр соңымнан қалған жоқ. Алдымен өзін Алхан деп таныстырды. Тұлдыр жетім екенін, көшеде түнейтінін айтты. Кейін сенімге кіріп алған соң, Қайрат туралы әңгіме айта бастады. Осыдан соң, талай рет телефонды көтермесем де, басқа нөмірден телефон шалуын тоқтатқан жоқ. Ол нағыз өтірікші. Екі адамды қалай өлтіргені туралы елдің бәріне айтып берген шығар. Осылай өзін күшті қылып көрсетпек болады. Менің Әлібимен ара қатынасым болған емес. Ал жыныстық қатынас туралы мүлде айтпасақ та болады. Әліби әкесі екеуі әлеуметтік желіні пайдаланып, халықтың сеніміне әбден кіріп алды», – дейді Айнұр.
Сөз соңында Айнұр Исина қалайда Қайрат Жамалиевтің босап шығуына күш салатынын айтқан.