Алаяқтардың алдауына түспеңіз!
Қостанай облыстық прокуратура қызметкерлері берген ақпаратқа сүйенсек, соңғы уақыттары облыс орталығында телефон алаяқтарының қылмыстық әрекеті жиілеуде. Прокуратура қызметкері Абат Төремұратұлының айтуынша, бүгінгі күнге дейін ұялы байланысты пайдалану арқылы төрт алаяқтық жасау фактісі анықталған. Алаяқтар әдетте сенгіш азаматтарға қоңырау шалып, оның туысы полиция қолына түсті деген жалған ақпарат тарата отырып, ақша талап етеді. Ал талап етілген қаржы көлемі 2 мың АҚШ долларына дейін жетіпті.
Абат Төремұратұлы, Облыстық прокуратура қызметкері:
– Бір күні алаяқтар зейнеткер әжейге хабарласып, жалған ақпарат беріп, ақша талап еткен. Қатты қорқып кеткен қарт кісі еш ойланбастан қылмыскерлердің есепшотына бар жиған-терген қаржысын аударыпты. Әдетте қылмыскерлер осындай әлсіз жандарды пайдаланып, қаржыларын жымқырып отырады. Мұндай жағдай орын алса, туыстарыңызға немесе құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.
Қазіргі таңда орын алған әрекеттер бойынша қылмыстық істер қозғалып, алаяқтарды іздеу жұмыстары жүру үстінде. Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сәйкес, жуырда қаладағы полицияның оңтүстік бөліміне, 29 жастағы әйел азаматы хабарласып, телефон алаяқтарынан зардап шеккенін айтқан. Оның айтуынша, ұялы телефонға смс хабарлама келіп, абоненттің компания акциясына қатысып, ұялы телефон ұтып алуға мүмкіндігі бар екендігі айтылған. Ұтысты алу үшін аталған нөмірге ұялы бірлік карточкаларын жіберу керек екендігі ескерілген. Сыйлыққа қуанған әйел дереу түрде бірлік карточкаларын сатып алып, аталмыш нөмірге жіберіпті. Осыдан кейін алаяқтар әйелге қоңырау шалып, абоненттің қымбат бағалы автокөлік ұтып алғанын айтқан. Темір тұлпардың кілтін алу үшін абонент банктегі есепшотқа тағы да 60 мың теңге аударуы тиіс екен. Қуанған әйел барлық жиған-тергенін алаяқтардың есепшотына ойланбастан аударған. Дегенмен ұтыстың да, жіберілген қаражаттың да иісі сезілмепті. Тергеу барысында анықталғандай, алаяқтар қостанайлық тұрғынға Павлодар қаласынан хабарласқан екен. Бүгінгі таңда аталмыш факт бойынша тергеу амалдары жүргізіп жатыр. Полиция мәліметтеріне сәйкес, жыл басынан бері осындай қылмыстық әрекеттердің 147 фактісі тіркелген болса, оның 130 қылмысының беті ашылды.