"ӘлБаракат": Біздің әрекетімізде қылмыс белгісі жоқ
"ӘлБаракат" құрылыс компаниясы тағы да өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Серіктестікке қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ, фирма басшысы кәсіпорын қызметінде қылмыс белгісі жоқ деп мәлімдеді.
"Біз құқық белгілеуші құжаттардың бәрін ұсынғанымызды хабарлағымыз келеді, біз тергеушімен кездестік, біздің барлық құжатымызды, есеп-қисабымызды көрсеттік, төлемдерімізді көрсеттік, жымқыру туралы сөз болмауы тиіс және біз тергеудің нәтижелерін білуге мүдделі екенімізді атап өту керек, біз өзіміздің құрылыс компаниямыз құқықтық кеңістікте жұмыс істеп отырғанын бірнеше рет мәлімдеген болатынбыз. Инвесторлар тарапынан, бізді айыптағандар тарапынан ешқандай шағым болған емес. Жуық арада қорытынды шығарылады, бірақ қазірдің өзінде, біз күткендей, тергеушілер бізге әрекеттерімізде қылмыс белгісі жоқ екенін айтып отыр", - деді Tengrinews.kz журналистеріне "ӘлБаракат" компаниясының бас директоры Бақытжан Тойымбетов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта тергеушілер құрылыс компаниясының жобалау компаниясына тапсырыс берген жоба эскизіне сараптама жүргізіп жатыр.
"Егер оларда жобаны бекітуде қандай да бір проблема болған болса немесе оларға құжаттарды қолдан жасады деген күдік келсе, біз де олардың үстінен шағымданамыз, өйткені біз ақша төледік, келісімшарт бар, сондықтан олар жауапкершілікті сезінуі керек", - деді ол.
Тойымбетовтің сөзіне қарағанда, жобалау ұйымы жобаны аяқтауға таяғанын мәлімдеген. "Егер сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметтер базасында бұл ұйым жоқ болса, онда бұл ұйымның кінәсі емес", - дейді ол.
"Қазір осы жобалау ұйымы тексеріліп жатыр. Сондықтан біздің атымызға айтылған айыптаулардың бәрі негізсіз, біздің компания эконом класс сегментінде қалай жұмыс істесе, солай жалғастырып жатыр. Әрине, біздің компаниямызға қатысты жасалған қара пиардың барлығы біздің әріптестерімізбен арадағы келісімшарттарымызға соққы берді. Біз инвесторларымызды сабасына түсіру үшін үлкен жұмыс атқардық, бүгін тағы бір ірі инвестормен келіссөз жүргіздік, олар бізден бірден 120 пәтер сатып алмақшы", - дейді Тойымбетов.
Оның айтуынша, қала әкімдігі алға тартқан негізгі мәселе Өнеркәсіп көшесіндегі "Шаржы" құрылыс кешені салынғалы отырған аумаққа қатысты. "Бұл учаске иесіз болатын, ол жерде қараусыз жатқан көл болды. Біз оның суын сорып тазаладық, құрылғылар орнаттық, аумақты құрылыс жұмыстарына әзірледік. Ол заңда қарастырылған", - дейді құрылыс компаниясының басшысы.
Ол бір шаршы метрге белгіленген баға жөнінде де айтты, бұл бағаға әкімдік күмән келтірген болатын. Тойымбетов өз бағасын мемлекеттің "Қолжетімді баспана" бойынша ұсынатын бағасынан жоғары деп есептейді. "Баға әбден негізделген. Біздің көл-көсірді табысты көздемей отырғанымыз, шаршы метріне 100-200 доллар баға белгілеуіміз - екінші мәселе, бұл біздің табысымыз, бұл қалыпты нәрсе деп ойлаймыз", - дейді ол.
Тойымбетов сұхбатына істі қарап жатқан тергеушіні араластырды. Оның ұялы телефонына хабарласып, дыбысын қатты шығарды. Тергеушіге "Сәке" деп сөйлеген ол "ӘлБаракат" компаниясының әрекеттерінде қылмыс белгілері жоқ екенін растауды сұрады.
"Иә, расында әзірше ештеңе көріп тұрған жоқпын", - деді желінің ар жағындағы ер адам. Ол қылмыстық істің "ӘлБаракат company" ЖШС-не қатысты емес, "әкімдіктің хаты бойынша" қозғалғанын нақтылады.
"Жақсы онда, Сәке", - деген Тойымбетов журналистерге "біздің тарапымыздан бәрі таза" дегенді баса айтты.
Еске сала кетейік, Астана қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі департаменттің тергеу басқармасы "ӘлБаракат company" ЖШС-не қатысты "Қаржы жымқыруға әрекеттену" бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған еді.