Әлем суға зәру болып отырғанда, елдегі суға ие таба алмай отырғанымыз қалай?
Жер шарының үштен бір бөлігі судан тұрады. Алайда жалпы су қорының 97,5%-ы тұзды су деседі. Тұщы су көлемі 35 млн текше шақырым аумақты алып жатса да, ауызсу тапшы. Мамандардың айтуынша, әлемдегі орасан зор су қорының тек 1 пайызы ғана ішуге жарамды. Халықаралық сарапшылар болашақта су тапшылығы елдер арасында қарулы қақтығыстарға әкеліп соғуы мүмкін деседі. Ал 2025 жылға қарай су әлемдегі ең қымбат ресурсқа айналып, Жер шары тұрғындарының үштен екісі су тапшылығынан зардап шекпек. Халықаралық экономистер мен саясатшылар болашақта тек мұнай мен газ ғана емес, ауызсудың әлемдік рынокта басты тауарға айналатынын болжап отыр. Мамандар Жер шарының әр тұрғынына қазір 750 текше метрден келетін су 2050 жылға қарай 450 текше метрге дейін азаятынын айтады.
Ресми деректер қазірдің өзінде дүниежүзінде 1 миллиардқа жуық адам ішуге жарамды суға зәру екендігін айғақтап отыр. Тағы 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың салдарынан пайда болатын дерттерден зардап шегеді екен.
Бұл жағдай қазір әлемдік деңгейде үлкен мәселе ретінде көтеріліп отыр. Біріккен ұлттар ұйымы ХХІ ғасырды тұщы су дәуірі деп жариялады. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның: «Әлем тұщы су үшін соғыс жағдайына жақындады» деп алаңдаушылық білдіруі тегін емес. Сарапшылардың айтуынша, су тапшылығы, ең алдымен, Африка, Қытай елдерінде қатты білінеді екен.
Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елде де үлкен проблема деңгейіне көтерілді. Қазақстан – су қорына қатысты ТМД елдері арасында ең соңғы орында. Республика тұрғындарының үштен бір бөлігі ауызсуға зар болып отыр. Сапалы ауызсу жетіспейді. Кей өңірлерде су тапшылығының салдарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру көлемі қысқартылып, суармалы жерлер аңғары да тарыла түскені жасырын емес.
Орталық Азия өңіріндегі су мәселесі ең өткір мәселе болып отырған Қазақстандағы су жағдайы туралы «Қазақстан-2050» стратегиясында да айтылды. Елбасы Н.Назарбаев әлем елдері алдындағы су тапшылығының қатерін ерекше атап өтті: «Су — барынша шектеулі ресурс және оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр. Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауызсу жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда. Бұл проблеманың геосаяси астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз».
Қазақстанға келетін су қорының 55 пайыздан астамы шетелдерден бастау алатын өзендерден келеді. Олар әуелі су көздерін өз қажеттеріне жаратып, бізге тек «сарқындысын» жібереді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың «келешекте ауызсу проблемасы ұлттық қауіпсіздік деңгейіне дейін көтеріледі» дейтіні сондықтан. Сол себепті суды үнемдеуді әркім өз ауласынан, өз ауылынан бастауға тиіс.
Наталья КАШИРИНА, «Батыс Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаменті» мемлекеттік мекемесі жетекшісінің орынбасары:
— Елдің минералды-шикізат кешенін дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы міндеттерінің бірі – тұрғындарды жерасты көздерінен алынатын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету.
Жерүсті сулары, өкінішке қарай, біркелкі орналаспаған және көп жағдайда ластанған, осыған байланысты жерасты сулары елді сумен қамтамасыз етудің шешуші ресурсына жатады.
«Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыруға министрліктер мен ведомстволар, облыс және аудан әкімдіктері қатысады.
Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджет қаржысымен Батыс Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаменті Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары кіретін Батыс аумағы бойынша жерасты сулары кен орындарын анықтау үшін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы, Батыс Қазақстан бойынша мемлекеттік баланста шаруашылық-ауызсумен және өндірістік-техникалық сумен қамтамасыз ету үшін 200-ден аса жерасты кен орындары есепте тұр, олардың тең жартысы қолданыста, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында барланған қордың –25%, Ақтөбе облысында – 49%, Атырау облысында – 43%, Маңғыстау облысында-83% пайдаланылады.
Көп жағдайда елді мекеннен алшақ орналасуына байланысты кен орындары қажетсіз болып қалған. Бұдан басқа, жерасты сулары кен орындарының басым бөлігі өткен ғасырда, 50 жылдан астам бұрын барланған. Сондықтан қазіргі кезде облыс және аудан орталықтарын сумен қамтамасыз ететін қолданыстағы жерасты сулары кен орындарының кейбірі бойынша қорды қайта бағалау және су сапасын нақтылау жұмыстарын жүргізу қажет, бұл тұрғындардың тіршілік қарекетін жақсартуда өте маңызды. Аталмыш кен орындарына Ақтөбе қаласы үшін – Елек, Тамды, Құндақтықыр; Ақтөбе облысының Шалқар, Темір, Қандыағаш, Ембі қалалары үшін – Үлкен Борсық, Темір, Қандыағаш, Ембі; Батыс Қазақстан облысы үшін – Искра және Орда; Маңғыстау облысы үшін – Кетік; Атырау облысы үшін Миялы және Тайсойған жатады.
2004-2011 жылдарда іздестіру-барлау жұмыстары Батыс Қазақстанның 180 елді мекенінде жүргізілген. Нәтижесінде сумен қамтамасыз ету мәселесі Ақтөбе облысының 50 елді мекені үшін, Атырау облысының 32 елді мекені үшін, Батыс Қазақстан облысының 77 елді мекені үшін және Маңғыстау облысының 20 елді мекені үшін табысты шешілген. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Атырау облысының Қарасу ауылында, Маңғыстау облысының Бостан, Құланды және Бекі ауылдарында ауызсу үшін сапалы жерасты сулары табылмапты. Ақтөбе облысының Велиховка аулының жерасты сулары құрамында ауызсу мақсаттары үшін рұқсат етілетін көрсеткіштен артатын шамада нитраттар анықталған. «Жалпы алғанда, Атырау және Маңғыстау облыстары сенімді су көздері жетіспейтін, су балансы шектелген аймақтарға жатады. Сондықтан көп жағдайда барланып бекітілген жерасты сулары қорларын тұщыту қондырғыларын пайдаланып қолдану ұсынылады. Биыл Батыс өңірдің — 75, оның ішінде Ақтөбе облысының 24, Атырау мен Маңғыстау облыстарының 12, Батыс Қазақстан облысының 27 елді мекені үшін жерасты суларын іздестіру, сонымен қатар Ақтөбе облысының Елек, Тамды, Құндақтықыр, Алға, Үлкен Борсық, Темір, Қандыағаш, Ембі; Батыс Қазақстан облысында Искра және Орда; Маңғыстау облысындағы Кетікте жерасты суларының пайдаланылатын қорын қайта бағалау жұмыстары аяқталады», — дейді Н. Каширина.
Бүгінде еліміз бойынша 1552 жерасты су көздері барланған. Ақтөбе облысы тәулігіне 1,9 миллион текше метр сумен қамтамасыз етілген. Деректерге қарағанда, су тапшылығынан елімізде шөбі мол жердің 15 пайызы пайдаланылмай отыр. Үкімет 2013 жылдан бастап, 2020 жылдар ішінде 8 миллион гектардан астам жайылымдықта 4 мың құдық қазып, малды сонымен суаруды көздеп отыр. Құдық дегенде, жай құдық емес, сақина таспен шегенделіп, су тартатын тартпа мен мотор орнатылып, астау қойылған құдықтар. Арасында 40 құлаш немесе кісі бойы қол созым құдықтар болады. Мұндай құдықтарға қыруар қаржы қажет.
Құзырлы министрліктің деректеріне қарағанда, 2020 жылға дейін инвестициялық субсидия үшін 22 миллиард теңге бюджет қаржысы қажет. Бұған қоса, шалғайдағы қосалқы шаруашылықтарды ынталандыру үшін мемлекет есебінен барлық керек-жарағымен құдық қазу көзделіп отыр. Үкімет өз кезегінде мұндай құдықтар үшін мал иелерінен төлем алатын болады.
Кезінде Су шаруашылығы министрлігі болды, ол суға қатысты барлық мәселеге жауап беретін еді — өзен, көл, бөгет, тоған, құдық, жайылымды суландыру, су құбырлары және оны елді мекендерге тарту, күту мен жөндеу мәселелерін реттеп отыратын. Министрлік таратылып, су мәселесін реттеу жұмыстары басқа министрліктерге берілгесін, оның облыстық және аудандық құрылымдары да су түбіне кетті. Қазір бөгет, құдық, су құбырының әрқайсысының өз қожайыны бар.
Аманкелді БАҚТЫБАЕВ, Ырғыз ауданы әкімдігінің су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры:
— Су құбырларын коммуналдық меншікке беру дұрыс емес. Себебі мұнда маман жоқ. Маман болмағасын, ол сорғының, құбырдың не екенін білмейді. Мәселен, ондаған шақырым жерден, Үкіметтің миллиондаған теңгесі жұмсалып, су құбыры тартылған соң, оның ендігі қожайыны коммуналдық меншік иесіне тапсырылды делік. Бір ай өтпей, құбырдан су тамбай қалады. Көпшілік болса, «ақшаны жеп, тайып тұрды» деп құрылысшыларға айып тағады. Ал бұл арада құбыр тартушылардың кінәсі жоқ. Су құбыры – күрделі құрылыс. Жүйе үнемі бақылауда болуға тиіс. Ал оның жаңа иесінің бұл саладан мүлде хабары болмаса, оның ешқандай техникасы мен мамандары болмаса, ол қалай жұмыс жасайды?
P.S.
Мамандардың айтуынша, елді мекендерге су құбырын тарту секілді жұмыстарды жүргізу, жөндеу жұмыстарын жасау әкімдікке қарасты кәсіпорынның мойнында болғанымен, оның бәріне Үкімет тарапынан қаржы бөлу мәселесі заңда қарастырылмаған. Ақша табу үшін су төлемін көтеру ұсынылады. Ал тарифті көтеру арқылы су мекемесін ұстап тұру тағы мүмкін емес. Еліміздің барлық өңіріндегі жағдай осындай. Су шаруашылығы таратылғасын жағдай тым күрделеніп кетті деседі мамандар. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар. Бір ғана су құбырының сапасы үшін Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігінің қайсысы жауаптырақ деген сұраққа жауап табу қиын. Сондықтан дүниежүзілік мәселеге көтеріліп отырған ауызсу тапшылығын реттейтін «су аяғы құрдымға кеткен» Су шаруашылығы министрлігін қайта «дүниеге әкелу» қажет болар...