«Альянс банк» акциясы енді 700 теңге тұрады
Дүйсенбі күні Қазақстан қор биржасында «Альянс банк» жай акциялары 30 пайызға арзандап, сауда тоқтатылды. Бастапқыда 1000 теңгеден сатылып жатқан құнды қағаз 700 теңгеге дейін түсіп кетті. Қаржылық қадағалау агенттігі талабына сәйкес, акция құны алдыңғы мәмілемен салыстырғанда 30 пайызға төмендеп кетсе, сауда тоқтатылатыны белгілі.
Руслан Дзюбайло, Қазақстан қор биржасы талдау бөлімінің бастығы:
Мамырда «Альянс банк» жай акцияларының 30 пайызға арзандап кетуі трейдердің техникалық қателігі немесе KASE сауда жүйесіндегі ағаттық кесірінен болды деуге келмейді. Сондай-ақ бұл банктің қаржылық жағдайын бағамдаған инвесторлардың шешімі деуімізге де объективті негіз жоқ. Бұл құнды қағаздардың өтімділігі нашар, бағасы біртіндеп түсе береді, яғни инвесторлардың қызығушылығы азайды деуге болады. 4 мамыр күні «Альянс банк» акцияларына қатысты екі мәміле ғана бекітілді.
Борыш иелері «Альянс банкке» мұрсат берді
Кредиторлармен ұзақ келіссөз жүргізген «Альянс банк» борышты қайтару шарттарын өзгерту және банк капитализациясын арттыру жөніндегі келіссөздерді жүргізетін Үйлестіруші кеңестің құрылғанын хабарлады. Алпыстан астам борыш иесінің мүддесін жеті халықаралық банк қорғайтын болады. Банктің жалпы сыртқы қарызы – 3,9 миллиард доллар, биыл мұның 500 миллионы төленуі керек. Қаржы ұйымы 19 наурызда кесте бойынша 66 миллион долларды төлей алмай, техникалық дефолт жіберді. Борышты қайтару мерзімін ұзартуға келіскен кредиторлар банк қарауындағы қайта бағаланып жатқан активтер туралы, осы мәміле туралы толық ақпарат беруді талап етті. Бұдан бұрын банк таратқан баспасөз мәлімдемесінде «2005-2008 жылдары бірқатар қаржы операцияларына кепіл болғанбыз. Кепілге 1,1 миллиард доллар шамасындағы АҚШ қазынашылық облигациялары қойылған. Осы активтер арзандауға қарай қайта бағаланады» деп бұлыңғырлау мәлімет таратқан еді.
Қаржылық қадағалау агенттігі банкке сыртқы қарызды қайтарудың жаңа ережесі мен капитализациясын арттыруға байланысты жоспарын көрсетуге үш ай мерзім берді. Бұл уақыт 9 шілдеде түгесіледі. Кредиторлармен келесі кездесу мамыр айының соңына белгіленген.