Әлиевтің кітабын Қазақстан аумағында таратуға тыйым салынды
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Рахат Әлиевтің жарыққа шыққан кітабының таралуына тыйым салынатын жақтары бар екендігін анықтап, соған байланысты мамырдың 15-інде екі қылмыстық іс қозғады және осыған қарасты істерді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуіне тапсырды. Бұл туралы кеше өткен апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті.
Өз кезегінде ҰҚК-нің тергеушілері кітаптың ішіндегі мемлекеттік құпия ақпараттарды, шындыққа жанаспайтын және адамның жеке басына нұқсан келтіретін тұстарды ескеріп, оның Қазақстан аумағында таралуына тыйым салу жөнінде қаулы шығарған.
«Бұл кітаптың таралуына тыйым салатын Қазақстанның заңдық нормалары бар. Сондықтан барлық таралымы, мәтіндері қылмыс заты және заттық дәлел деп танылды. Ал Қазақстан заңнамасы бойынша заттық дәлел тәркіленіп, қылмыстық іске қатыстырылады», – деді ресми өкіл.
«Бұл кітапта азаматтардың құқығына нұқсан келтіретін бұрмаланған фактілер, жалған ақпараттар жарияланған. Ең бастысы, жеке адам өміріне қол сұғу, жеке бастың құпиялығы аяқасты етілген. Сондай-ақ онда жеке азаматтардың мүліктік құқығын бұзу фактілері анықталды», – деді өз сөзінде Сапарбек Нұрпейісов. Оның айтуынша, аталмыш кітапта мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер жарияланған.
«Кітапты тарату немесе мәтіндерін қолдану қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке соқтырады. Бұл Қазақстан сотынан қашып жүрген Рахат Әлиевке, қылмыскерге жақтасу ретінде қарастырылады», – деді ресми өкіл.
No comment...