Әлиевтің үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды
ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, Бас прокуратура Рахат Әлиевтің кітабына байланысты қылмыстық іс қозғады.
Шетелде қашып жүрген экс-елші Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабының жарыққа шығуына байланысты Бас прокуратура 15 мамырда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 143-бабы, 2-ші тармағы және 172-бап бойынша «қызмет бабын пайдалана отырып, мемлекеттік құпияларды жариялап, хат жазысудың, телефон сұхбаттарын, пошталық, телеграфтың және басқа да хабарлардың құпиясын, ақпаратты астыртын алуға арналған арнайы техникалық жабдықтарды заңсыз қолданғаны үшін» қылмыстық іс қозғады деп хабарлады Алматы прокурорының орынбасары Бағбан Тәйімбетов.
Оның сөзінше, қылмыстық іске кітап заттай айғақ ретінде қарастырылып отыр. Сондай-ақ ол жақында Алматы прокуратурасына «Республика – деловое обозрение» және «Взгляд» газеттерінің бас редакторлары шақырылып, оларға аталмыш кітаптың жарық көруіне байланысты қылмыстық іс қозғалғаны ескертілгенін растады. Бұл қылмыстық іспен айналысу Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелді.
Айта кетейік, 1990 жылдары күштік құрылымдарда, 2002 жылдан 2007 жылдың көктеміне дейін дипломатиялық қызметте істеген Рахат Әлиев Отанына опасыздық жасағаны, мемлекеттік төңкеріс әзірлегені және адам ұрлағаны үшін 40 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.