Алматы метросында «ОҢАЙ» электронды жол жүру билеттері толығымен іске қосылды (ФОТО)
Алматы метросында «ОҢАЙ» электронды жол жүру билеттері толығымен іске қосылды. Бұл туралы бүгін «ОҢАЙ» баспасөз қызметінен хабарлады.
«Алматы метросында «ОҢАЙ» электронды жол жүру билеттері іске қосылды. Онда барлық азаматтарға арналған Бірыңғай электронды жол жүру билетін, Алматы қаласының аумағында орналасқан жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналған Оқушының электронды жол жүру билетін, Алматы қаласында техникалық және кәсіби білім алушы студенттерге, ЖОО-ның күндізгі бөлімде оқитын студенттеріне арналған Студенттің электронды жол жүру билетін және Алматы қаласының зейнеткерлеріне арналған Әлеуметтік электронды жол жүру билетін пайдалануға болады. Сонымен қатар, «ОҢАЙ» карталарын барлық метро бекеттерінен сатып алуға мүмкіндік берілді. Алматыда «ОҢАЙ» электронды билеттендіру жүйесі енгізілгеннен бері, метро тарифінен 50% жеңілдікпен жүруге тек 7 жас пен 15 жас аралығындағы балалар ғана емес, сонымен қатар 15 жастан асқан Алматы қаласының жалпы білім беретін мектеп оқушыларына, Алматы қаласында техникалық және кәсіби білім алушыларға, Алматы қаласы ЖОО-ның күндізгі бөлімдерінде оқитын студенттеріне және Алматы қаласындағы көп балалы аналарға (18 жасқа толмаған 4 немесе одан да көп баласы бар) да мүмкіндік туды.
Ал Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне, 75 жастан асқан қарттарға, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға, бірінші және екінші топ мүгедектеріне және Алматы қаласының он сегіз жасқа толмаған, мүгедектігі бар балаларына жол ақысы тегін. Бұл жеңілдіктер сәйкес жеңілдігі бар «ОҢАЙ» көлік картасы бар болған жағдайда жарамды.
Бірыңғай көлік каратысның құны 400 теңге тұратынын ескертеміз. Бұл сомаға кіретіндер:
Бірінші, картаның кепілдік құны, ол - 320 теңге тұрады. Бұл дегеніміз, картаны алған күннен бастап жарты жыл ішінде қайтадан қайтарып беріп, кепілдік құны 320 теңгені қайтарып алуға болады деген сөз. Картаны Рысқұлбеков көш., 33/1 мекенжайы бойынша және теміржол вокзалдары мен «Сайран» авто бекетінің «ОҢАЙ» белгісі көрсетілген арнайы кассаларына чексіз қайтарып беруге болады.
Екінші, бір рет жол жүрудің толық құны - 80 теңге. Яғни, жаңа картаның теңгерімінде қоғамдық көлікте бір рет жол жүруге арналған сома бар. Бұл жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жасалған. Ары қарай, көлік картасының теңгерімін қолданушы өзінің қалауына қарай толтырады», - делінген хабарламада.