Алматы облысында ер адам төбелес кезінде танысын өлтіріп алды
Қонаев қаласында ауыр жарақат алған 52 жастағы ер адам жергілікті ауруханаға жеткізілді. Полиция тергеу шараларын қолға алып, жәбірленушінің мас күйде жергілікті тұрғындардың бірімен төбелес кезінде жарақат алғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. 32 жастағы ер адам бір күн бұрын жәбірленушімен бірге дастарқандас болып, ащы сусыннан алған соң төбелескенін мойындады.
Ұсталған азамат жәбірленушіге екі ұялы телефонын ұрлады деп күдік келтіргенін айтты. Осыған байланысты екеуінің арасында жанжал басталып, ақыры кісі өлімімен аяқталған.
«Күдікті қамауға алынды. Аталған фактіге сәйкес, ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі ("Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша тергеу амалдары қолға алынды», - делінген хабарламада.