Алматы облысының аумағында көктемгі аңшылық маусымы ашылды
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/157 «Аң аулау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, Алматы облысының аумағында бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында шалшықшы, қасқалдақ, құр және олжалауға рұқсат етілген үйректер мен қаздардың аталықтарына көктемгі аң аулау маусымы ашылды. Көктемгі аң аулау мерзімдері 15 күнге, яғни 2023 жылғы 01 наурыздан бастап 15 мамыр аралығында, аңшылық шаруашылықтарының ауа райы (климаттық) ерекшеліктеріне байланысты белгіленді.
Аңшылық, жануарлар дүниесін пайдалаушылардың, шаруашылықтың ішкі аңшылық ісін ұйымдастырудың негізінде құрылған аңшылық шаруашылығын жүргізу жоспарымен немесе аңшылық шаруашылықтың белгіленген ішкі тәртібіне сәйкес жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурызындағы №18-03/271а «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы нормативтерді бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, жалпы лимиттен аталық үйректі алып қою мөлшері 5% -дан аспауы тиіс. Көктемгі аң аулау кезіндегі аталық үйрекке еліктіруші үйрексіз немесе тұлыпсыз аңшылық жасауға тыйым салынады.
Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, заңсыз аңшылық жасауға тиым салынатынын және аң аулау кезіндегі қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс екенін ескертеді.
Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Н.Орманбеков.