Алматыда жанармай бекетіне шабуыл жасағандар ұсталды
26 ақпанда қара бетперде киген екі жігіт Жетісу ауданында орналасқан жанармай құю бекеттерінің біріне кірді, деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
 Қаскөйлердің біреуі бірден тапаншаны шығарып, кассир-операторға бағыттаған. Қарақшылар ақшаны алып, қылмыс орнынан жаяу қашып кеткен.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында Түркістан облысының тумалары  20 мен 24 жас аралығындағы үш ер адам анықталды. Барлық күдіктілер қамауға алынды. Тергеу әрекеттері ҚР ҚК-нің 192 бабы, 2 бөлігі бойынша тіркелген сотқа дейінгі тергеу шеңберінде жүргізілуде.  Олар мүлкін тәркілеумен қатар 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  Ұсталғандар Алматы қалалық ПД  уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Қаскөйлер кассадан 135 мың теңгені алып шыққан», - деді, Жетісу аудандық басқарма бастығының м.а., подполковник Асхат Дәулетияров.