Алматыдан 220 шақырымда жер сілкінді
Кеше Алматы облысында кезекті жер сілкінісі тіркелді. Мамандардың мәліметінше, магнитудасы 4,1 болатын жерасты дүмпулерінің әсері Алматы қаласы аумағында байқалған жоқ.
«Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедиция» мекемесі мамандарының хабарлауынша, жер сілкінісі Астана уақыты бойынша сағат 07:40 шамасында тіркелген. Оның эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 220 шақырымда, 10 шақырым тереңдікте анықталды. Жер сілкінісінің сол жердегі энергетикалық класы 9,9 болған. Сейсмикалық тербелістердің сезілуі туралы мәлімет жоқ. Сілкіністі «Алматы» сейсмологиялық обсерватория орталығының жедел операторы алғаш есепке алған. Қазақ ұлттық деректер орталығы жариялаған мәлімет сәл басқаша. Орталық сілтеме жасаған Ұлттық ядролық орталықтың Геофизикалық зерттеулер институтының мамандары жер сілкінісінің магнитудасы 3,6-ға тең және оның эпицентрі 3 шақырым тереңдікте болған деп отыр. Алматы облысында бұдан бір тәулік бұрын да жер сілкінісі тіркелген болатын. Магнитудасы 3,4 болатын дүмпулердің ошағы Алматыдан 230 шақырым жерде анықталды.