«AMANAT»-та «Капитан Qazaqstan» комиксінің тұсауы кесілді
«AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институтының «SocioExpert Club» алаңында «Жаңа саяси мәдениет және креативті индустрия» тақырыбы аясында «Капитан Qazaqstan» комиксінің тұсауы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынға Мәжіліс депутаттары, министрліктердің өкілдері, зиялы қауым, саясаттанушылар, сарапшылар, блогерлер, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
«Бүгінде әлем жұртшылығының алдында тұрған маңызды мәселенің бірі – кез келген шешімді дұрыс қабылдау, ойлану, оны жаңаша форматта ұсына білу. Өз басым, комиксқа қарағанда манганы көп оқимын. Мәселен, «Наруто», «Атака титанов» сынды мангалар – осы салада сілкініс жасаған жобалар. «Нарутоның» пайда болуы Жапонияда жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларын айтарлықтай азайтты. Сондықтан, мұндай туындылар қоғамға ауадай қажет», – деді партия Хатшысы Дәулет Кәрібек.
Өз кезегінде, Сенат депутаты Геннадий Шиповских креативті индустрияны дамытудың мәні мен маңызын атап өтіп, комикстердің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесіне тоқталды.
«Бүгін біз отандық креативті индустрияның дамуына қатысты тарихи сәтке куә болып отырмыз. Осы мәселені Парламент Мәжілісі қабырғасында да көтерген едім. Аталған саланы әлі де өрге сүйреу қажет. Себебі, әрбір комикстің тәрбиелік мәні, жас ұрпаққа берер өзіндік пайдасы бар. Комикс қаһармандары – әдетте патриотизмнің, адамгершіліктің, ізгіліктің жаршысы. Олар сын сағатта Отан үшін, елі мен жері үшін жан қиюға әзір тұрады. Сондықтан, тек комиксті ғана емес, жалпы креативті индустрияны дамытуға барынша мән беру қажет», – деді халық қалаулысы.
Ал «Kitap.kz» жобасының авторы, медиасарапшы Мақпал Жұмабайдың айтуынша, ел жастарының шығармашылық, зияткерлік әлеуеті өте жоғары. Тіпті, шетелдік жобаларға қатысып жүрген қазақстандық жастар да бар.
«Комикс – қоғамдық мәдениетті қалыптастырады. Өкінішке қарай, отандық комикстер өте аз. Саусақпен санарлық. Бұл – еліміз үшін мүлдем жаңа сала, тың қадам десе де болады. «Капитан Qazaqstan»-ды елімізде жарыққа шыққан саяси тақырыптағы тұңғыш комикс деуге толық негіз бар. Тіпті, бұл еңбекке тек балалар ғана емес, ересектер қауымы да қызығушылық танытады деген сенімдемін», – деді Мақпал Жұмабай.
Аталған туындының авторы – партия жанындағы Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди. Бұл оның алғашқы туындысы емес. Бұған дейін оның «21 ғасыр шешені. 77 кеңес» кітабы және «Власть. Серый кардинал» атты саяси романы жарық көрді.
«Бүгін тұсауы кесіліп отырған комикстің нобайын оқушы кезімде жасай бастадым. «Marvel»-дің, «DC»-дің киносын, мультфильмдерін көріп өстім. Заманауи Қазақстанның қаһарманы, саясаткері қандай болуы керек деп көп ойландым. Оның жемісі – осы «Капитан Qazaqstan». Ол отбасылық құндылықтарға басымдық беріп, отансүйгіштікті, әділеттілікті ту етеді. Біз жас отандастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз керек», – деді Ерлан Ахмеди.
Айта кетейік, комикстің бас кейіпкері Дінмұхаммед Қасымхан күндіз әділеттілікті ту ететін саясаткер, түнде әділетсіздікпен күресетін суперқаһарман – «Капитан Qazaqstan». Комиксті Астана қаласындағы «Алаш» және «Абай» дүкендерінен сатып алуға болады.