Ақбөкендер неден қырылды?
«Батыс Қазақстан облысында тағы да киік қырыла бастады» деген суыт хабар Оралға 27 мамыр, жұма күні жетті. Сенбі күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған арнайы комиссия тікұшақпен оқиға орнына барып қайтты. Орал қаласынан 500 шақырым қашықтықта, Ресеймен шекарада жатқан Жәнібек ауданының Борсы және Жақсыбай ауылдық округтері аумағында екі күнде өлген киіктің жалпы саны 442 бас болыпты. Мұның 82-сі – биыл туған лақ. Куәгерлердің айтуынша, былтыр мамыр айындағы 12 мыңдай киік қырғыны да дәл осы жерде болыпты.
«Біз киіктің өлуін 26 мамыр күні түнде алғаш байқадық. Шамамен бір тәулік ішінде 50 шаршы шақырым аумағында өлген. Қазір өлу тоқтады», – дейді оқиға орнында жүрген «Охотзоопром» РМКК-ның Батыс Қазақстан аймақтық филиалының бас инспекторы Нұрлан Тәжіғалиев.
Бас инспектордан білгеніміздей, Жәнібек ауданының Борсы өңірінде биыл 4 мыңның үстінде аналық киік болған. Мамырдың 7-17 аралығында барлығы бір жерге жиналып, лақтаған көрінеді. «Біз алыстан бақылап жүрдік. Он күн бойы үйір бір жерде болды, тіпті су ішуге де барған жоқ. Төлі әбден аяқтанып, үйір орын ауыстырғанда, біз ол жерді барып көрдік. Ешқандай патология байқалмады, өлген киік жоқ, жалғыз лақ қана шетінепті. Оның өзі тірі туған сияқты. Ересек киіктің көбі былтыр қырылды ғой, биыл төлдеген – негізінен былтырғы лақтар. Сондықтан көбінің төлі жалқы болды. Мамырдың 19-дарында киік үйірінің саны лағын қосқанда шамамен 9 мыңға жетті. Биыл маса көп, жиі-жиі желдеп, бір жерге тоқтамайды. Былтыр қырғын болған жерлерге жібергіміз келмей, әрекет жасап көрдік. Бірақ жабайы жануар ғой, қайтаруға көнбейді», – дейді Нұрлан Тәжіғалиев.
Ақбөкендердің ажал құшқан жері – Айдарлы деп аталатын малшы қыстағының маңы. Өлген киіктердің іші кеуіп, аузынан көбік байқалған, тышқақтаған. Тура былтырғы симптом.
– Дәл осы жерден киіктің өлу фактісі былтыр да, оның арғы жылдары да байқалыпты. Сондықтан мен мамандарға мүмкіндігінше бұл маңға ақбөкенді жолатпау жөнінде тапсырма бергенмін. Мұндай оқиғаның бір жерде бір мезгілде қайталануы жануарлар әлденеден уланған жоқ па деген күмәнға жетелеп тұр. Бәлкім, осы жерде дәл осы уақытта жеуге жарамсыз, улы болатын шөп бар шығар. Сондықтан бұл мәселені жете зерттеу керек секілді. Бір тәуірі, биылғы өлген жануарлар саны аз. Жаңа ғана өздеріңіз куә болдыңыздар, жетім қалған лақтарды ересек киіктер іздеп келіп, ертіп әкетіп жатыр. Былтырғыдай қырылмай, олар аман қалар деп үміттенеміз, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Шынында да, өлген енелерін айналшықтап, сенделіп жүрген сегіз лақты көз алдымызда ересек киік келіп, ілестіріп алып кетті. Тағы бір таңғаларлық жағдай, киік өлімі басталысымен-ақ үлкен үйір тез ыдырап, 200-250-ден шағын-шағын топтарға бөлініп кетіпті. «Бұл, мүмкін, киелі жануардың өзін-өзі сақтауы үшін жасалған табиғи инстинкт шығар», – дейді бас инспектор.
Облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Қайрат Қадешев нақты өлген киік саны 441 болғанын хабарлады. Оның 80 шақтысы – биыл туған лақтар. Сараптама бұл жануарлардың ажалына да былтырғыдай пастереллез себеп болғанын көрсетіпті. Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Қазбек Менеев өлген жануарлар түгел жиналып, жойылғанын, киіктің өлуі тоқталғанын, ауыл тұрғындарының мал-басы амандығын жеткізді.
P.S. Былтыр мамыр айында Жәнібек ауданы аумағында пастереллез ауруынан 11 920 киік қырылған. Бұл Батыс Қазақстандағы киік популяциясының тең жарымы болатын. Осыдан бір ай бұрын жүргізілген санақ нәтижесі облыс территориясында киік саны қайтадан 20 мыңға жеткенін көрсеткен еді...
Молдағали УАПОВ, БҚО табиғат қорғау прокуроры:
– Биылғы киіктің өлуіне Капустин Яр полигонының қатысы жоқ. Өлген жануарлардың белгісі тура былтырғыдай, яғни пастереллез деген сөз. Бірақ соңғы сөзді жан-жақты сараптама нәтижесіне сүйеніп, мамандар айтуы тиіс.
Лавр ХАЙРЕТДИНОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі Мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО аумақтық инспекциясы бастығы:
– Пастереллез вирустары малда, жануарлардың бойында, соның ішінде киікте әуелден болады. Тек ағза әлсірегенде немесе қосымша сыртқы факторлар әсер еткенде ғана бас көтеріп, күш алады. Жәнібектегі киік өліміне биылғы ұзақ қыс әсер етуі мүмкін.
Балдай ХОДЖАНОВА, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы:
– Жалпы, жылдың белгілі бір кезеңінде бойына у жинайтын өсімдіктер болады. Батыс Қазақстанда былтырғы киіктің жаппай қырылуы кезінде де осындай болжам айтылып қалған еді. Мұны анықтау үшін арнайы сараптама керек.