Ақмолалық волонтерлердің игі істері
Қазақстанда Волонтер жылы деп белгіленді. Ақмола облысының волонтерлері тұрғындарға қандай қызмет көрсетіп жатқандығы туралы ҚазАқпарат тілшісіне Жастар ресурстық орталығының жанындағы волонтерлерді қолдау орталығының басшысы Анаргүл Белгібаева айтып берді.
Орталық басшысының айтуынша, жыл басынан бері облыс бойынша волонтерлермен көптеген игі істер жүзеге асырылды. Әсіресе, ауа райының қолайсыздығына байланысты боранды күндері тас жолдардың жабылу себебінен көліктерді құтқару мақсатында өңіріміздің волонтерлері өз көмектерін аямады. Мәселен, Целиноград, Атбасар, Ерейментау аудандары тәрізді бірқатар өңірлерде волонтерлер ерекше көзге түсті. «Өңірлік волонтерлер және Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығымен бірлесіп, инфекцияның таралуына байланысты үйден шықпаулары үшін 300-ден астам үйді аралап, денсаулық жағдайына байланысты есепте тұрған адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізді», - дейді А.Белгібаева. Ақмола облысының жастар ресурстық орталығы және Көкшетау қаласының волонтерлері тұрғындардың денсаулығын қауіпті инфекциядан қорғау үшін сауда үйлерінде ақпараттық жұмыстар жүргізді. Қала тұрғындарына вирустың алдын алу шаралары туралы жадынама таратылды. «Волонтерлер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, қаламыздың барлық аумағында тұратын жалғызбасты зейнеткерлерге материалдық көмек көрсетті. Карантин басталғалы облыстық волонтерлерді қолдау орталығының мүшелері 200-ге жуық денсаулығында кемістігі бар жалғызбасты қарттарды, көпбалалы және жағдайы нашар отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қазіргі кезде медициналық маска тігіп, тұрғындарға тегін таратуда. Солардың ішінде Целиноград, Бұланды аудандары және Көкшетау қаласының волонтерлері ерекше көзге түсті. «Лидер кз», «Рахат» және тағы да көптеген волонтерлік ұйымдар облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп жүзеге асыруда», - деді А.Белгібаева. Сонымен қатар, ол өңір волонтерлері «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде де игі істердің жүзеге асырылуына атсалысып жатқандығын атап өтті.