Ақшаның қадірін білгенде, Алтын адамның қадірін білмей ме?!

Ақшаның қадірін білгенде, Алтын адамның қадірін білмей ме?!

«Жаны ашымастың қасында балтырың сыздамасын» дейді қазақ. Сол жаны ашымастықтың кесірінен күллі ғаламға Алтын адамымен белгілі болған Есік қорымдарының үстіне қара бұлт үйіріліп тұр. Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, 1980 жылдары 600-ге жуық үлкенді-кішілі оба болған екен. Айналдырған 34 жылдың ішінде сол обалардың 513-інен айырылып қалыппыз. Енді айдың күні аманында аман қалған 87 қорымның 80-інің тағдыры көз алдымызда семіп барады. Оған себеп – мемлекет қорғауында болуы тиіс қасиетті мекеннің 49 жылға жалға және үй салу мақсатында жекеменшікке берілуі. Бұл жайттар қаншалықты заң аясында атқарылды? Бүгінгі айтар ойымыздың өрімі осы бағытта өрілмек.

Қорымды қорлаған көк «трәктір»
Әлеуметтік желілер арқылы «қасиетті Есік қо­рым­дарының айналасы егін салу мақсатын­да жыртылып жатыр» деген хабарды естіп, жол­ға шықтық.  Алдымен ақпараттың рас-өтірі­гіне көз жеткізу үшін ҚР Үкіметінің 2010 жыл­дың 30 қаңтарындағы №43 Қаулысына сәй­кес, ел Президенті Н.Назарбаевтың баста­ма­сымен құрылған «Есік» мемлекеттік тарихи- мә­дени қорық-мұражайына бас сұқтық. Мұ­ра­жай басшысы орнында жоқ болғандықтан, аталған мұражайдың ғылыми қызметкері До­сым Зікіриямен пікірлесіп, аталған ақпараттың рас­тығын естідік. Ол бізді егін егу мақсатында жыртылған қорымдарды көзбен көрсетіп, аралатып шықты. Мамыр айының басында екі бір­дей көк «трәктір» тарихи-мәдени ескерт­кіш­те­рі­міздің айналасындағы топырақты аударып, тіпті бірқатар обаның шетін жырып тастапты.
Досым Зікірия, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қызметкері: 
– Заң бойынша Есік қорғандары тұрған осы алқапты егіндік мақсатта пайдалануға бол­­­майды. Мұндай жерлер мал жайылымы және шабындық мақсатта ғана игерілуі керек. Өзі­ңіз көріп отырсыз, бұл жердің қара топырақ қа­баты өте жұқа, жердің құнары жоқ. Бұл жер­ге егін егіп, мол өнім алу да мүмкін емес. Бұл жайт, біріншіден, топырақты эрозияға ұшыра­т­а­ды, екінші жағынан, тарихи-мәдени ескерт­кіш­терді жойып жібереді.

Талан-таражға түскен 87 гектар жердегі тарихи мұраны кім жоқтайды?
Бұл тарихи обалар тұрған жер Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат ауылдық округіне қарайды екен. Мұндай қорған үш топқа бөлінеді. Олар: патша қорғандары, орташа қорғандар, кіші қорғандар. Ғалымдар сол обалардың ең үлкендерін «нағыз патша қорғаны» деп атайды. Тіпті басқа обаларды былай қойғанда, сондай нағыз патша қорғанының үш-төртеуі Есік қаласына кіре­берісте бой түзеген саяжайлардың ішінде қа­лып қойған. Дәл қазір тек сол патша қорғандары ғана емес, 80 қорған тұрған аймақ тұрғындарға түрлі мақсатта пайдалануға беріліпті. Енді ресми деректерге сүйенсек, Есік обалары орналасқан территория, оның жергілікті маңызы бар ескерткіш ретінде тізімге енгізіл­геніне қарамастан ( ҚР 1992 ж 1992 ж. 2 шіл­деде бекітілген «Тарихи-мәдени мұра объек­тілерін қорғау және пайдалану туралы» За­­ңы­­ның 5-бабына сәйкес, ҚР тарих және мәдениет ескерткіштері «міндетті түрде қор­ғалуға және сақталуға» жатады), 2003 жылдан бастап талан-таражға түскен, яғни 87 га жер телімі 24 жеке тұлғаға сатылып, 76 сектор жеке қожалықтарға 49 жылға жалға берілген. Соны­мен қатар «қорғау аймағына» тиісті жерлерде соңғы екі жылдың ішінде заңсыз 40-тан астам тұрғын үй бой көтерген. Олардың саны күннен-күнге өсіп келеді екен. Бұл жөнінде мұражай қызметкері Досым Зікірия: «Мұндай тарихи-мәдени ескерткіштер тұрған аумақты егістік ретінде пайдалануға рұқсат бергеннің өзінде қорғандарды қорғау үшін жер 50 метр алшақ­тықта жыртылуы қажет. Тарихи-мәдени ес­керткіш аумағында құрылыс салынатын болса, қорғау аумағының ең аз шегі 400 метр болуы тиіс. Ал құрылыс салудың реттеу аймағы осы саннан екі еселенеді, яғни 800 метр арақашықтық сақталуы керек. Қазір обалардың бүйірін кесіп үй салғандар, қорымдардың үстіне әжетхана орнатып тастағандар бар», – дейді.
Әжетхананың «әжетіне» жараған обалар
Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындар отыз шақты обаның бүйірін мүжіп, саяжай салып тастаған. Осы деректің растығын көзбен көрмек болып, Есік қаласына кіре­берістегі саяжайларды араладық. Сол отызды түгендемесек те, көптеген үйлердің арасында «менмұндалап» қалаған обалардың төбесі көрінді. Мұражай қызметкерлері сол үйлердің арасында қалған қорғандарды күл-қоқыстан тазартқандарын айтып, біздің ұлттың тарихи құндылықтарға деген еренсіздігіне күйінді. Ең қасіреттісі – кейбіреулер сақтың жайсаңдары жатқан сол қорымдардың дәл іргесіне, тіпті біреулері үстіне әжетхана салып тастапты. Еуропа жұртшылығы жалаңаш жүрген кезде алтыннан киім киген ата-бабаларымызға көр­сеткен сыйымыз осы болса, не қайыр? Саяжай тұрғындарының осыны түсінуге мәдениеті жетпесе де, аудандық атқамінерлер бар емес пе? Олар мұны неге көрмейді? Әлемнің назарын өзіне аударған Есік обаларына келімді-кетімді шетелдіктер көп екен. Мәселен, былтыр иран­тілді бір ғалым келіп, мұражай қыз­меткер­лерімен пікір таластырған. Ол кеңестік кезеңде еуроцентристік көзқараспен айтылып кеткен (қазір сақтардың біздің бабамыз болғаны толығымен дәлелденсе де) «сақтардың бәрі ирантілді болған» деген деректерді алдыға тартып, «бұл қорғандарда біздің ата-баба­ларымыз жатыр» деп мысқылдапты. Дәл осы­лай сырттағы біреулер мұрамызға таласып жатқан кезде, қолдағы мұрамызды әжетхана әжетіне жарату біз үшін ұят емес пе? Бұл, бірін­шіден, аудан әкімшілігіне, онан кейін облысқа, қала берді мемлекетке сын...
Не істемек керек?
Енді ресми құжаттарға үңілсек... 1981 жылы Алматы облыстық халық депутаттары кеңесінің шешімімен Есік обасы жергілікті маңызы бар ескерткіш ретінде мемлекет тарапынан қорғауға алынып, тізімге енгізілген (Государственный список памятников истории и культуры Казахской ССР республиканского и местного значения. Сб.документов. Алма-Ата,1983,С.23.). Соңғы рет тізімнің толық­тырылған және өзгертілген нұсқасы 2010 жылдың 27 сәуірінде Алматы облысы әкімдігінің №53 Қаулысы бойынша бекітілген (Алматы облысы, Әділет департаменті 2010 ж. 7 маусым №2052. Жетісу /2010. 17 маусым. 2 б.). Еңбекшіқазақ аудандық әкімшілігінің қаулысы (2007 ж. 9 сәуірдегі №1238 Акті ) негізінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы нысанына қызмет көрсету мақсатында 6 га жер телімі тұрақты пайдалануға беріліпті. Сол алты гектар жердің ішінде бар болғаны жеті қорған ғана бар. 80 қорған болашақта бекітілуі тиіс 270 га жерде орналасқан. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің тапсырысы бойынша 2011 жылы «Қазқайтажаңғырту» РМҚ ғылыми-зерттеу және жобалау филиалы дайындаған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының территориясын және қорғау аумағын анықтау» («Проект по опреде­лению границ территории и зон охраны Госу­дарс­твенного историко-культурного запо­ведника-музея») атты жобаның қорытындысы бойынша «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына берілуі тиіс жер телімінің көлемі – 270 га, қорғау аумағының көлемі – 422.7 га деп көрсетілген. Жоба, 1992 жылы 2 шілдеде бекітілген ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 36-бабына сәйкес, Алматы облыстық мәслихатына қарастырып бекіту үшін жіберілген екен ( ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 19. 04.2012 07-04-17/370-12 хаты). Алматы облыстық мәслихатының 2013 жылдың 23 ақпанында өткен кезектен тыс 13-сессиясында осы мәселе қаралып, «Есік» мемлекеттік тари­хи-мәдени қорық-мұражайының территориясы және қорғау аумағын анықтау» жобасы кейінге қалдырылыпты. Егер де осы жоба қолдау тауып, күшіне енсе, мұндай бассыздық болмас па еді?.. Бұл – бірінші мәселе.
Жанама салдар
Екіншіден, қазір мемлекетіміз пайдалан­баған жерді мемлекет иелігіне қайтарып алу мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Содан бері түрлі шаруа қожалықтары тыңнан түрен салып, өздері ұмытып кеткен жерлерді «пайдаланып жатырмыз» деген желеумен жыртқызып, жерден айрылмаудың жолдарын қарастырып жатыр. Есік қаласы маңындағы обалардың жаппай игеріле бастауының бір себебі осында жатқан сияқты. Екінші салдар, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Рахат ауылының қожа­лықтары «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының территориясы және қорғау аумағын анықтау» жобасы бекітілсе, 1990 жылдары жалға берілген жерімізден айрылып қаламыз ба?» деп ойлайтын сынды.
Қайрат Қыдырбаев, Еңбекшіқазақ ауданының жер қатынастары бөлімінің мең­герушісі:
 – Бұл жерлердің көп бөлігі 1990 жылдарда 49 жылға жалға беріліп кеткен. Солар қазір иелігіндегі жерден айрылып қалмау үшін жерді жыртып, игеріп жатыр. Жер кодексінің 127-бабында мәдени мұра ескерткіштері орналасқан жерлер 49 жылға жалға беріліп кетсе, қайтарып алынбайтыны жазылған. Ал саяжайларға келсек, олардың басым бөлігі 1990 жылдарға дейін берілген екен. Тек 20 шақты үй заңсыз салынып кетіпті. Біз қазір оларды сотқа беріп жатырмыз. Бұл мәселені шешудің екі-ақ жолы бар. Бірі – сот арқылы шешілсе, екіншісі тарихи орындарды шаруа қожалықтарына басқа жер беру арқылы ғана қайтарып ала аламыз.

Еңбекшіқазақ ауданының жер қатынастары бөлімінің меңгерушісі Қайрат Қыдырбаевқа осы аймақтан 2004 жылдардан кейін, тіпті 2011-2012 жылдары жер учаскелерін алған азаматтар бар екенін айтып, деректерді алдыға шығарып едік, ол кісі бұл дәйектерді жоққа шығармады. Оған себеп ретінде аудан тарапынан бұл жерлерді пайдалануға бермеу туралы қаулы немесе арнайы құжат болмағанын айтты.
«Мен білмеймін» ойыны
Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Ысқақ Бейнәліге хабарластық. Ол кісінің хатшысы мән-жайды біліп алған соң, қайтадан хабар­ласуымызды өтінді. Бірақ кейінірек хабар­ласқанымызда бұл сұраққа аудан әкімінің кеңесшісі (атын-айтудан бас тартты) жауап беретінін айтып, телефонын берді. Ал ол кісі атын айтудан бас тартып, Рахат ауылдық округінің әкімі Ахмет Жолдыбаевке сілтеді. Ахмет Жолдыбаевтың хатшысы біздің бағыты­мызды ауыл әкімінің орынбасары Нұржан Біржановқа бұрып жіберді. Нұржан Біржанов «мен білмеймін» деген жауаппен қайтадан ауыл әкіміне хабарласуымызды өтінді. Әйтүп-бүйтіп жүріп, қайта-қайта хабарласып, ауыл әкімі Ахмет Жолдыбаевпен тілдестік. Бірақ ол кісінің алдында адамдар отыр екен. Осындай желеумен біздің сұраққа жауап беруден бас тартты. Мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселенің басы ауданмен басталып, соңы сиырқұйымшақтанып барып осылай үзілді.
ЮНЕСКО-ның қорғауына алынбай қалатын болды
Мамандардың айтуынша, бұл обалар ЮНЕСКО-ның қорғауындағы тарихи орын­дардың тізіміне енгізілуге дайындалған екен. Ол тізімде Есік қорғандары, көне Талғар қаласының орны, Түрген маңындағы бірнеше обалар бар. Бірақ ЮНЕСКО-ның талабы бойынша, мұндай тарихи нысандардың көз жетер аумағы бос жатуы тиіс. Ал мұндағы көз жетер аймақ емес, қорғандардың өзі сая­жайлардың арасында қалып қойған. Аудандық әкімдік пен проку­ратура бас болып қазірше құрылыс жұмыс­тарын тоқтатып қойды. Бұл жайт бар мәселені шеше ала ма? Ешкім де жауап бере алмайды.

P.S.
Айтпақшы саяжайларды аралап жүрген кезімізде қорғанды мүжіп, қос бөлмелі баспана тұрғызып алған, әжетхананы да обаны жағалата салған сегіз балалы жарлы отбасын көріп қалдық. Асығыс шешім қабылдаған құмар біздің атқамінерлер сол сегіз баланың көз жасына қалмаудың да жайын ойлауы керек. Кезінде әкімдіктің кінәратынан беріліп кеткен жерлерді қайтарып алу жолында да қарапайым халықты жылатпауға тиіспіз.

Түйін
«Алтын адам» – Тәуелсіз Қазақ елінің бренді. Алтынмен апталған баба­ларымыздың рухы бізге әрдайымда жігер сыйлауы керек. Сондай Алты Алаштың баласының жүрегіне ұлттық рухты құйып, мақтаныш сезім ұялатуы тиіс қасиетті мекенді табанға таптап, қадірсіз етуіміз – бізге сын. Сол сыннан нәтиже шығарып, еліміздің бүгінгі жетістігін кешегі тарихпен астастыра білсек қана ертеңіміз баянды болмақ. Бұл бір ғана Есік обаларына қатысты мәселе емес. Жалпы, ел аумағындағы тарихи мәдени ескерткіштерге атүсті қарауды тоқтататын кез келді. Біздің айтпағымыз – осы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста