Ақтауда көпқабатты үй құлағалы тұр
Ақтауда көпқабатты үйдің тұрғындары үйінді астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр. Себебі баспаналарының төбесіндегі бетон бағаналардың арасы ажырап кеткен. Тіпті кейбірі он шақты жыл бұрын құлап қалған. Содан бері тұрғындардың талай табалдырықты тоздырып, бармаған жері қалмады. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бұл туралы Azattyq Ruhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ал жергілікті әкімдік көпқабатты үйді жөндеуге тұрғындардың өздері қарсы болды дейді. Бұл Ақтаудың бесінші шағынауданындағы бірінші тұрғын үйдің шатыры. Тұрғындардың айтуынша, үйді ұстап тұрған мына бетон бағаналардың бірі 2004 жылы, ал екіншісі 2016 жылы құлаған. Алайда содан бері бұл тіреуіштер не түзетілмеген, не алынып тасталмаған. Тұрғындар қатты дауыл тұрса бағаналар шатырдан жерге құлап, арты қайғылы жағдайға апаруы мүмкін деп алаңдайды. Осыны айтып мұндағы жұрт талай табалдырықты тоздырыпты. Тіпті үйді күтіп ұстауға жауапты пәтер иелері кооперативіне де айттық дейді тұрғындар. Бірақ ешқайсысы мардымды жауап бермеген.
«Ол балкаларға әлі күнге дейін жөндеу жүргізілмеген. Біздің бесінші шағын ауданның ЖЭК деп айтамыз ғо. Осы жөндейтін мекеме ол кәсілерге ақша бөлінген, ол ЖЭК-тің төрағасы ақша бөлінді деп айтты әкімдіктен. Бірақ жөндеу әлі күнге дейін жүргізілмей келе жатыр. Білмеймін, ол ақша қайда кеткенін», - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Мақсат Ануханов.
1977 жылы іргетасы қаланған ескі үй әбден тозып тұр. Қабырғасы қақырап, жеделсатысы сықырлап, кәріз жүйесі шіріп кеткен. Бір күні үйіміз құлап қалады ма дейді жиналғандар.
«Осы жерде тұрып жатқаныма сегіз жыл болды, ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ. Жаңағы ремонт подъезде, краскалардың бәрін алып тастады. Сол күйі әлі тұр. Проблема бізде жертөледен шатырға дейін ғой», - деді Ақтау қаласының тұрғыны Перизат Сауытбекова.
Пәтер иелері кооперативі бұл үйдегі барлық проблемадан хабардар. Тіпті құлағалы тұрған бетон бағаналарды алып тастауға демеушілер ақша да бөлген дейді. Бірақ сол жұмысты жасайтын мекеме істі аяғына дейін жеткізбепті.
«2004 жылдан бергі бүкіл құжаттарды ақтарып, қала әкімдігіне қайта хат жазып жібердік. Бетон бағанаға қатысты мәселені әлі назарда ұстап отырмыз. Ал тұрғын үйдің құрылысы бойынша тұрғындардың өздерінің тарапынан құрылыс жүргізуге ниет болмады. Себебі, өздерінің 4 млн теңгеге жуық қарызы бар», - дейді - «Шанс» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Татьяна Вежновец.
Ал қалалық әкімдік тұрғын үйді терможаңғырту бағдарламасымен жөндеуден өткізуді ұсыныпты. Тіпті бірнеше рет жиналыс та болған. Алайда бұл бастама тұрғындар тарапынан қолдау таппады дейді шенеуніктер. Ал, бетон бағананы алып тастауды тұрғын үйге қызмет көрсетуші компаниямен ақылдасып шешеміз деді әкімдік өкілдері.
«Балка мәселесі бойынша қызмет көрсетуші мекемемен алуды қарастыратын болаыз. Жиналыста тұрғындарға қайтарымды қаражат есебінен үйді толықтай модернизациядан өткізу туралы ұсыныс берілген болатын. Алайда тұрғындар тарапынан дұрыс шешімін тапқан жоқ ұсынысымыз», - дейді Ақтау тұрғын үй инспекциясының бас маманы Айдар Бисенов.
Тұрғындардың өміріне қауіп төндірген бетон бағананың қашан бұзылатыны белгісіз. Оған қанша қаражат қажет екені де айтылмады.