Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев қамауға алынды
Ақтөбе облысының экс-әкімі Ермек Имантаев қамауға алынды. Ол қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
Ақтөбе мамандандырылған сотының 10 ақпандағы қаулысы бойынша, Ермек Имантаевқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Қылмыс бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жаза қарастырады.
Ермек Имантаев 2002 жылдың сәуірінен 2004 жылдың шілдесіне дейін Ақтөбе облысының әкімі, одан кейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты бөлімінің, Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болған.
2019 жылдың қарашасынан 2021 жылдың наурызына дейін "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ны басқарды.