Ақын зиратында мал жайылып жүр
Биыл қазақтың біртуар ақыны Сәбит Дөнентаевтың туғанына 115 жыл толады. 1933 жылы ұзаққа созылған науқастан көз жұмып, Семей топырағында жерленген қаламгердің зираты Шығыс елді мекенінен шыға берістегі ескі зираттардың ішінде. Плиталары ескіріп, сырланған жерлері сыр берген бейіт бүгінде апатты жағдайда тұр. Мазардың темір қоршаулары да қолды болыпты. Маңайының барлығын бос бөтелкелер мен күл-қоқыс жайлаған зиратты көргенде, жүрегі елім деп соғатын әр азаматтың көзіне жас келіп, көңіліне қаяю түсері анық.
Тіпті моланың дәл ортасынан тұрғындардың ұзын төте жол салып алғанына не дерсіз!? Жайы келсе, кейбірі төрт түлігіне жайылымды да осы мазар ішінен тауып жатады. Өлкетану мұражайының қызметкерлері: «Ақынның зиратын қадағалау кеңес заманы кезінде «Рембыттехника» ЖШС-іне тапсырылған. Содан бері сол мекеме жыл сайын сенбілік өткізіп, жөндеу жұмыстарын жасайтын. Аталған мекеме басшысы Күлбарам Құдайбергенова болса: «Біз биылғы жылға дейін көктем бастала бере жұмысшыларды жалдап, зиратты қалыпқа келтіретінбіз. Тіпті күні бүгінге дейін бояулар мен әк үшін жауапты орындардан бір тиын ақша да сұраған жоқпыз. Маңайды тазалауға жалдап әкелген жұмысшыларға да ақыны өзіміз төлеп отырдық.
Сөйтіп жүргенде 20 жылдан астам уақыт зыр етіп өтіп кетіпті. Бір қызығы, соңғы бес-алты жыл ішінде ақынның басына тәу етіп жан баласы келген жоқ. Тіпті билік өкілдері бейіттің қандай жағдайда тұрғанын сұрап, қадағалаған емес. Қазір барып қарасаңыз, ақынға орнатылған ескерткіштің маңы ластанып кеткен. Осындай көрініске қарап жүрегің сыздайды» – дейді. Ал биыл қаламгердің бейіті тіптен жетімсіреп, құлазып тұр. «Рембыттехника» ЖШС директоры: «Әлемдік қаржы дағдарысы біздің мекемеге де әсер етпей қоймады, сондықтан Сәбит Дөнентаевтың зиратына биыл жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз екіталай» дегенді айтады. Ал «Алтай» газетінің бас редакторы Рахат Алтай болса: «Еліміздің біртуар азаматының зираты осылай қараусыз жатқаны көңілге кірбің түсіреді. Менің ойымша, бейітті қала орталығына қарай әкеліп, қайта орналастырса. Сонда шаһарымыздағы тұрғындар мен қыдырып келген меймандардың көзіне ескерткіш оттай басылар еді. Бұған қарап өскен ұрпақ өткеніне құрметпен қарары анық. Сәкеңнің аруағына тағзым етушілер катары көбейер еді», – деді. Бірақ қаладағы Әнет-баба атындағы қос мұнаралы Орталық мешіттің имамдары «Зиратты бір орыннан екінші бір жерге көшіру шариғатта дұрыс емес. Ол кісі сол жамбасы тиген жерде жатуы керек. Ал халық білу үшін ақын зиратының Татар ауданына жақын жердегі ескі зират арасында екенін жазып, халыққа мағлұмат ету керек» деп санайды. Алайда семейліктердің ішінде ақынның зираты түгіл, Сәбит Дөнентаевтың кім екенін де білмейтіндер бар болып шықты. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», демекші, өткен тарихты білмей жатып, болашаққа қол созу мүмкін емесін кейбіріміз әлі де түсіне қоймағандаймыз. Қаламгердің 115 жылдық мерейтойы қарсаңында билік тізгінінде отырғандардың бұл жайтты ескерусіз қалдырғандары – ақылға сыймайтын жағдай. Әйтеуір қалай болған күнде де, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді ұмытпасақ жарар еді...
Осы материал дайындалып жатқанда «Үмітсіз шайтан» дегендей, «Рембыттехника» ЖШС-не тағы бір хабарласып, биыл тым құрығанда сенбілік өткізуге мүмкіндік бар ма екенін сұрап білген едік. Мекеме басшысы Күлбарам Құдайбергенова: «Өкінішке қарай, биыл дағдарыс қолбайлау болып, Сәбит Дөнентаевтың ескерткіші маңына тазалық жұмыстарын жүргізуге еш мүмкіндігіміз жоқ» деп тоқетерін бір-ақ айтты. Ол осыған қоса, мерейтойы қарсаңында билік өкілдерінің сілкініс танытып, бірде-бір рет қоңырау шалмағанына таң-тамаша екенін жасырмады. Сонымен, Абайша айтсақ, «Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп» тұрған Сәбит ағамыздың аруағына жанашыр жандар табылса, нұр үстіне нұр болар еді.