Арқада қыс жайлы болса да, ақбөкен ауып келмей тұр
Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Арқаның Бетпаққа ұласар тұсындағы ауылдар кешке мал өрістен қайтар тұста тайлы-тұяғы қалмай сыртқа шығатын. Құрық, бишік ұстаған ересектермен бірге балалар да қора-там үстіне шығып, құба қыр жақтан үдере келе жатқан малмен аралас-құралас ауылға екпіндей шауып жетіп қалатын қызыл-қоңыр тасқынға алаңдап қарап тұрар еді. Бұл сол жылдары қазақ даласында саны 1,5 миллионға жетеғабыл болып өскен ақбөкендер тасқыны еді. Даланы тұтаса қаптап мекен еткен киіктер ауылдарға да еніп кететұғын...
Қазір мұның бәрі аңыз тәрізді. 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардағы бұлғақ тұсында мыңдаған киік жойылып кетті. Биылғы ресми мәліметтер бойынша, қазақ сахарасындағы киік саны 80 мыңның үстіне шығыпты. Өткен жылы қырылып қалған Үстірттегі және Арал-Маңғыстау аралығындағы популяцияны қоспағанда, Бетпақдала киіктерінің саны 49 мыңға жетеді екен. Бұрынғы атақ-айбар, даңқ-дақпыртынан жұрнақ-жұқана ғана қалған маң даланың маңғаз перзенттерінің жойылып кетуі онсыз да құлазып жатар Бетпақдаланың әрін қашырғаны анық. Ал ғалымдардың зерттеулері бойынша, киіктің жойылуы қазақ даласының тозуына, топырақ қыртысының құнарсыздануына әсер ететін фактор екені анықталып отыр. Мәселен, мыңдаған киік жүріп өткен даланың топырағы қопсып, жануардың тұяғына ілінген өсімдіктер тұқымы шашылып, жер жаңарып отырған. Оның сыртында жүз мыңдаған киіктің құмалағының өзі Бетпақтың құмына сіңіп, тыңайтқыш рөлін тұрақты атқарып келген ғой.
Бір қызығы, киіктер далалық аймақта өсетін өсімдіктердің ішінде 82 түрлі (!) шөппен қоректенеді екен. Киіктердің арқасында дала жыртқыштарынан бастап, ұсақ шыбын-шіркейге дейінгі аралықтағы қоректік тізбек реттеледі.
Соңғы он жылда ақбөкендердің азайып кетуі мәселесі халықаралық деңгейде көтеріліп, 2002 жылдан бері түрлі үкіметтік емес ұйымдар Бетпақдалада жорықтар ұйымдастырып келеді. Ауқымды экологиялық қордың (АЭҚ — GEF) шағын гранттар бағдарламасы бойынша арнайы жоба ұйымдастырылып, қазір «Арлан» ұйымы тұрақты зерттеулер жүргізуде. Зерттеушілер Бетпақтың бұйраттары арасынан бір топ киікті қуалап отырып, арнайы құрылған жүз метрлік тор аранға қамайды-мыс. Киіктер торға енгізілгеннен кейін осы сәтті күтіп, жасырынып жатқан ғалымдар небәрі төрт минут ішінде жануардан қан алып, мойнына арнайы құрылғы орнатылған тұмар тағып жіберуі керек екен. Егер бұл шаруа төрт минуттың ішінде орындалмаса, торға кіргенше аласұрып, денесі қызып келген жануардың тәніндегі зат алмасу процестері арқылы бүкіл қалпы өзгеріп кетеді екен. Жақында қарағандылық ғалым Аманай Мырзабаев GEF-тің қолдауымен «Дала экожүйесі» атты ғылыми еңбегін баспадан шығарды. Аталмыш кітапта ақбөкендердің далалық аймақтың экологиялық жүйесіне әсері жайлы жан-жақты жазылып, ғалым киіктердің саны соңғы бірер жылда өсіп келе жатқанын айтыпты. Тек өткен қатал қыс биыл тағы қайталанса, жазықсыз жануарлар қырылып кетуі әбден мүмкін дейді. Оның сыртында Бетпақдаланың бір пұшпағында ғана қалған киіктер әлі күнге «Қызыл кітапқа» енгізілмей отыр. Ал бұрнағы жылдары түрлі деңгейлердегі басқосуларда киіктердің саны 70 мыңнан асса, аулауға рұқсат берілуі керектігі де әңгіме болып қалғаны да есте. Биыл киік саны 80 мыңнан асты деп отырмыз. Даланың еркін, ерке жануарын енді бір 10-15 жыл көзіміздің қарашығындай сақтасақ, олар мекен ететін дала да, топырақ қыртысы да қайыра қалпына келіп, берекесі енер ме еді?!.
Аманай Мырзабаев, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, биология ғылымының кандидаты:
– Киіктер қазақ даласында сонау мамонттармен бірге тас дәуірінен ғұмыр кешіп келеді деуге болады. Оған үңгірлердегі суреттерде торсықтанау киік бейнелері куә. Сол дәуірлерден бері киіктер еш өзгермеген. Киіктің жүрегі далалық жабайы жануарлардың ішіндегі ең үлкені болады. Өйткені күніне 10-20 шақырым аралығында жайыла көшіп, шапқылап жүретін киік ағзасында қан айналымын реттеу үшін үлкен жүрек керек қой. Киіктерді ең ежелгі дәуірден бері бар дегенімізбен, олардың аталықтары ұрықтану процесіне өмірінде бір рет қана қатыса алады. Ұрпағын жалғауға бір рет қана мүмкіндік беріледі екен. Өйткені киік өзінің кемел кезіне үш-төрт жасар шағында келеді. Күйек сәтінде аталықтарының езулерінен көбік шұбырып, алқымын сақал орап, буырқанып, таңнан кешке дейін өзара сүзісіп, табынға таласумен болады. Күйек кезеңі өткен соң, бар қуат-күшін сарқыған аталықтар тек қармен ғана қоректеніп, саяқсып қалады. Әбден титықтағандықтан, жанына жақын барғанда да дір-дір етіп, қозғала алмай тұратынын байқағанбыз. Қасқырға да, браконьерге де арзан олжа болады сондықтан. Киіктің аталығы мүйізді болатындықтан, мүйіз жинаушылар да жау келеді ғой. Осы себептер арқылы киіктердің аталықтары аз жасайды әрі саны да аз. Қазір көшедегі жапсырма жарнамалардан «киік мүйізін сатып аламын» деген хабарландыру әредік көзге түсіп қалады. Ел ішінде киік мүйізінің емдік қасиеті туралы дақпырт әлі басылмаған. Киік мүйізінің адамның бойына күш бітіретін қасиеті бары анық. Бірақ біздің елден жиналған киік мүйіздерін қабылдайтын қытайлықтар оны көбіне косметикалық заттар жасауға пайдаланады.
Менің өз ойымша, киік қазақ даласының толыққанды сипатын бере алатын жалғыз жануар деуге болады. Егер Қазақстанда жазғы олимпиадалық ойындар өткізілетін болса, мен бірден киіктің суретін сол олимпиаданың символы ретінде ұсынар едім. Және оның толық қолдау табатынына сенімдімін.
Керек дерек
Киік сыртқы дене бітіміне қарағанда ірі қой сияқты. Көзі үлкен. Аяғы жіңішке, басын тыныштық кезінде жерге көлбеу ұстайды. Аталығы мүйізді. Құйрығы, құлағы қысқа. Ірі бөкендердің салмағы 60 келіге дейін жетеді. Қазақ даласын мекен ететін киіктер әлемдегі ең үлкен киіктер болып саналады.
Ақбөкендердің аталықтары төрт-бес жыл ғана өмір сүреді, аналықтары ұзағырақ жасайды.
Дала төріндегі киіктер қосыны жөңкіліп келе жатқан кезде аталықтары алыстан келер қауіпті ескерту үшін шауып келе жатып, 45 градус көлбеу жасап, бір метр биікке дейін секіріп түседі екен. Бұл киік тілімен айтқанда «сақтаныңдар, қауіп бар» деген белгі екен. Бұл секірісті киік лақтары да шартты рефлекс ретінде қайталайды екен.