Артықбаевты қырғыздар ұстады
Іздеу жарияланған Алматы облысы кедендік бақылау департаментінің бастығы Құрманбек Артықбаев Бішкектен ұсталды. Бұл туралы ақпаратты кеше ҚазТАГ агенттігі Қырғызстан қаржы полициясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып таратты.
Агенттіктің мәліметінше, Қ.Артықбаевты Қырғызстан қаржы полицейлері бейсенбі күні ұстады. «Қазіргі уақытта ол қаржы полициясының абақтысында жатыр. Сенбі күні қазақстандық әріптестеріміз Бішкекке келеді», – деген агенттікке берген пікірлерінде аталған ведомство өкілдері. Сондай-ақ қырғыз полицейлері Қ.Артықбаев Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілмейінше, Бішкекте қамауда бір ай болатынын айтты. Бұған дейін хабарланғандай, 6 мамырда Премьер-министр Кәрім Мәсімов Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрібозовты қызметінен босатып, оның орнына ІІМ экс-басшысы Серік Баймағамбетовті тағайындады.Басшылықтың ауысуына Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттіктің Алматы облысының кеден бекеттерінде әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топты (ҰҚТ) анықтауы себеп болды. Қаржы полициясы арнайы шараны «Қорғас», «Қалжат» бекеттерінде, «Алатау» кедендік рәсімдеу орталығында жүргізді. Қызметтік кеңселерде тінту жүргізу барысында құжаттар мен мұрағат тәркіленді. Кейін қаржы полициясы қылмыстық топтың қызметін тоқтатқанын хабарлады.Қаржы полициясының ақпараты бойынша, ҰҚТ қызметіне қылмыстық құрылымдардың өкілдерімен бірге, құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларының да қатысы болған, олар заңсыз сыйақы үшін топқа қамқорлық көрсеткен. Сот ҰҚТ 16 мүшесін қамауға алуға санкция берді. Қамауға алынғандардың ішінде «Қорғас» кеден бекетінің бастығы Бақытжан Айдаров, Ақмола облысы бойынша ҰҚК департаменті бастығының орынбасары Бақытбек Құрманәлиев бар. Сондай-ақ Алматы облысы бойынша КБД бастығы Құрманбек Артықбаевты да қамауға алуға санкция берілді, оған іздеу жарияланған болатын.
Қанат КОЧОБАЕВ, Қырғызстан қаржы полициясының баспасөз хатшысы:
– Артықбаевты 11 мамырда Қырғызстан қаржы полициясы ұстады. Ол қазір Бішкектің ҚІІБ абақтысына жатқызылды. Бішкектің Первомай соты оның қамауға алынуына санкция берді. Тергеу абақтысында ол Қазақстанға экстрадиция мәселесі шешілгенше бір ай жатады.