Аса мәртебелі «Астана Опера» шақыру қағазын мойындамайды
Үкіметтің кешегі мәжілісінде Астанадағы ірі құрылыс нысандарының бірі «Астана Опера» театры бойынша мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің баяндамасы тыңдалды. Министр Үкімет мүшелерінің барлығын маусымның 21-і күні өтетін театрдың салтанатты ашылу рәсіміне шақырды. Алайда билеттердің бәрін тек кассада ғана алуға болатынын жеткізді. Премьер-министр Серік Ахметов те бұл бастаманы қолдап отыр. Ал журналистерге берген сұхбатында М.Құл-Мұхаммед билеттің бағасын айтып, әртістерді іріктеуге қатысты болған дау-дамайға нақты түсініктеме берді.
«Астана Операның» декорациясына қыруар қаржы қажет
Негізі, «Астана Опера» сияқты сәулетті сарайдың салынуы Қазақстанның әлемдік мәдениет пен өнер сахнасындағы мәртебесін көтеретіні хақ. Себебі ағымдағы ғасырда Еуропаның өзінде небәрі екі опера театры ашылды. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, «Астана Опера» – бұл опера және балет сияқты өте күрделі қойылымдарды қазіргі заманға сай етіп сахналауға мүмкіндік беретін театр. «Өйткені опера және балет театрының қойылымдарына жүзден астам адам қатысып, хор, оркестр және балет труппасы сияқты ұжымдар атсалысады. Операда музыка мен сурет, драматургия мен вокал, актерлік шеберлік сияқты қайталанбас өнер түрлері бір сахнада тоғысып, бірегей мәдениет туындылары жасалады», – дейді М.Құл-Мұхаммед. Осыған орай, жоба авторлары театрды барынша жабдықтаған. Театрда үш бөліктен тұратын және 120 музыкантқа есептелген оркестрдің арнайы орны бар. Мұнда сегіз қосымша зал, 11 репетициялық бөлме, камералық музыкаға арналған 250 орындық зал, баспасөз залы және қосымша орындар қарастырылған. Италияның ең үздік мамандары жасаған театрдың акустикасы да ерекше. Соның нәтижесінде дыбыс залдың кез келген жерінен анық естіледі. Ал ғимаратта орнатылған осы заманғы студиялық қондырғы театрда өтетін барлық спектакльдер мен концерттерді HD форматында жазуға мүмкіндік береді. «Дәл осы жаңалықтардың театр үшін пайдасы аса зор болмақ. Енді кез келген спектакльді бес камерамен бір мезгілде жазып, сол сәтте-ақ оны отандық телеарналардан көрсетуге болады», – деп атап көрсетті министр. Көрермен залы 1250 адамға есептеліп, таға үлгісінде ұлттық нақышта әсем безендірілген. Партерге 450 адам сыяды. Ал сахнаның төменгі жағында тереңдігі 12 метрлік көтеріп-түсіретін автоматты қондырғылардан тұратын машиналар залы орналасқан.
www.primeminister.kz
Дайын декорацияны жылжытуға қолайлы қос қапталы және бар. Бұл безендірілуі күрделі спектакльдерді қоюға өте ыңғайлы. Осы орайда министр маңызды бір мәселені көтерді. «Негізі, спектакль декорацияларының барлығы ескі театрдың сахнасына, яғни Теміржолшылардың мәдениет үйіне (қазіргі Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры – авт.) есептелген болатын. Қазір ол жаңа театрға келмейді. Сол себепті сандық технологиясы бар жаңа декорациялар мен киім-кешекті алуға қыруар қаржы қажет болады. Мен ол сандарды бүгінгі отырыста жарияламай-ақ қояйын. Өйткені оның барлығы министрліктің бюджеттік өтінішінде көрсетілген. Үкімет мүшелерінен тек қолдау көрсетуді сұраймын», – деді М.Құл-Мұхаммед.
Бірде-бір әртіс жұмыссыз қалмайды
Отырыс барысында министр «Астана Опера» театрында жұмыс істейтін шығармашылық ұжымды іріктеу мәселесіне де тоқталды. Бүгінде осы мақсатта арнайы конкурстық комиссия құрылған болатын. Сәуірдің 3-і және мамырдың 31-і аралығында конкурстың алдын ала кезеңі өткен екен. Негізгі кезең қыркүйек айына белгіленіп отыр. Оған дейін барлық мәлімет бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Ал өтініштер екі ай бойы қабылданады. «Жалпы, біз әлемдік санаттағы театр құруды көздейміз. Осыған байланысты театр өнерінің белгілі топ-менеджерлері мен сахна жұлдыздары шақырылады. Олар келісімшарт негізінде еңбек етпек. Қазірдің өзінде Еуропаның жетекші театрларымен нақты келісім де жоқ емес. Әлбетте, театрдың мәртебесі оның қазіргі заманғы ғимаратымен өлшенбейді. Басты мәселе – шығармашылық ұжымның жағдайы. Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры ашылғалы бері ол жерде мықты әрі үлкен шығармашылық ұжым қалыптасты. Осыдан 10 жыл бұрын біз кейбір қойылымдарға Алматыдан әртістерді шақыртсақ, бүгінде әрбір спектакльдің басты рөліне 3-4 әртіс таласады. Осы іспетті бәсекенің арқасында біздің дарынды әртістеріміз өсе түседі. Олардың көбісін әлемнің жетекші театрларына шақырады. Алайда өз жеріндегі театрға, оның ішінде «Астана Операға» не жетсін. Содан болар, іріктеудің бірінші кезеңіне еліміздің үш опера театрының әртістері қатысты. Олардың ішінде алыс-жақын шетелдің өнерпаздары бар», – дейді М.Құл-Мұхаммед. Отырыс барысында министр шығармашылық ұжымның жағдайына қатысты тағы бір мәселені алға тартты. Ол – әртістердің жалақы мәселесі. Себебі Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының ұлттық дәрежесі бар болса да, онда жалақының көлемі мардымсыз. Оған қоса, келесі жылдан бастап «Астана Опера» театры жалақы төлеудің келісімшарт жүйесіне көшетін болады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ол да қыруар қаражатты қажет етеді. Ал әртістерді іріктеуге қатысты болған дау-дамайға түсініктеме берген М.Құл-Мұхаммед бірде-бір әртістің жұмыссыз қалмайтынына сендірді.
Енді тегін шақыру таратылмайды, билет тек кассада
Бұдан басқа, гастрольдік сапарларға да біраз ақша қажет болады. Театр басшылығы осы мәселеге ерекше басымдық беріп отыр. Себебі кез келген театрдың аты гастроль кезінде шығады. Ал «Астана Опера» барлық спектакльдерді тұпнұсқа үлгісінде, яғни итальян, француз, неміс және тағы басқа тілдерде сахналамақ. Осының барлығын алға тартқан М.Құл-Мұхаммед: «Құрметті әріптестер, мен өз баяндамамды проблемалармен аяқтамай-ақ, сіздердің барлықтарыңызды театрға шақырамын. Мен білемін, «Астана Опера» менің әріптестерімнің сүйікті театрына айналады. Билеттер...билеттер болса, кассада. Айтпақшы, енді ондай тәртіп барлығы үшін бірдей болады», – деп түйіндеді. Осы кезде министрлер күліп жіберді. Алайда Премьер-министр Серік Ахметов те бұл бастаманы қолдап: «Дұрыс, бұл – өте дұрыс бастама. Шақыру билеттерін оңды-солды таратуды қою қажет. Билеттер тек кассада ғана сатылуы тиіс», – деді. Отырыс аяқталған соң, министр М.Құл-Мұхаммед билет бағасын да айтып берді. Оның айтуынша, «Астана Опера» театрындағы билеттер студенттер үшін – 500 теңге, ал қатардағы көрермендер үшін 1500 теңге болмақ. Ал алдыңғы орындардың бағасы қымбаттау болады.
«Астана-Опера» шымылдығын «Біржан-Сара» ашады
Сонымен, алдағы жұма, маусымның 21-і күні «Астана Опера» театры ұлттық музыка өнерінің классигі Мұқан Төлебаевтың «Біржан–Сара» операсымен ашылады. Астана күні қарсаңында П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеті көрсетіледі. Ал театрдың бүкіләлемдік премьерасы қазан айында Вердидің «Аттила» операсымен жүзеге асатын болады. Жоспар бойынша театрда жыл сайын жаңадан екі опера және балет қойылымдары шығарылады. «Мәдениет» арнасы арқылы барлық спектакльдерді еліміздің түкпір-түкпірінде көрсету көзделіп отыр.
Алаш-анықтама
2008 жылы желтоқсан айында жаңа театр жобасына халықаралық конкурс жарияланған болатын. Оған отандық және әлемдік деңгейдегі үздік архитекторлар қатысты. Конкурста IT Engineering Эс.Эй. компаниясы жеңімпаз атанды. Ал 2010 жылы сәуірдің 1-і күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Опера» театрының алғашқы капсуласын салды.