Астана – елдің мерейі, әрбір азаматтың бойтұмары
«Көк тудың желбірегені – қазақтың асқақ беделі. Махаббат, қайрат екеулеп, шымырлатқаны денені. Көк тудың желбірегені жаныма қуат береді. Таласқа түссе жан мен ту, жан емес, маған керегі – көк тудың желбірегені...» – деп шырқалатын өлең жолдарын естіген кез келген қазақ баласының бойы шымырлап, кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні анық. Жай мақтаныш емес, небәрі 15 жыл ішінде жасанып, жайнап құлпырған, қазақ ұлтын әлемге танытқан, елдің көшін түзеген абыройлы, мерейлі Астанамызға деген сүйініш! Кеше көлемі 15/30 метр болатын алып көк туымызды желбіреткен Тұңғыш Президент–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүр бойынша осы рәсім арқылы еңселі елорда – Астана қаласының 15 жылдық мерекесінің шымылдығын ресми ашқанда дәл осындай сезім күйі Мемлекеттік Туымыз тігілген тұғырлы биіктің айналасына жиылған қалың жұрттың бойын түгел билегеніне біз кепіл.
Бүгінде 111 метр биіктікте желбіреп тұратын ол Туды қаланың кез келген жерінен көруге болады. Ал оны қаланың қақ ортасында орнатқалы бері жыл сайын Астана күні мерекесіне орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, қазақтың көк байрағын салтанатты түрде көтеріп тұруды дәстүрге айналдырды. Тудың төңірегінде әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендер де тапсырылады. Негізі, бұл шараның үлкен мәні бар. Алып байрақтың астында үздік жас офицерлерді жинап, Президенттің қолынан шен алу құрметі арқасында олардың өз еліне деген адалдығы күшейіп, патриоттық сезімі арта түсетіні рас. Осы жолы да солай болды. Сап түзеген сарбаздардың қобалжып тұрғаны байқалса да, көздері от болып жанып тұрды. Олар еліміздің Тұңғыш Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін кірпік қақпай тыңдады.
Елбасы өз сөзінде Мемлекеттік тудың көтерілуі арқылы дәстүр бойынша Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың басталатынын жеткізді. «Бұл күндері Астана қаласы 15 жылдық мерейтойын атап өтуде. Негізі, қалалардың да адамдардікі тәрізді өз тарихы мен тағдыры болады. Ал жас Астананың тарихы – ақиқатқа айналған ұлттық арманымыздың жылнамасы. Осы жылдары еліміздің барлық өңірінен келген жүз мыңдаған қазақстандық елордамыздың құрылысы мен қалыптасуына елеулі үлестерін қосты. Астана – әр қазақстандық үшін олардың жүрегіне жақын, өз қолымен тұрғызып жатқан жаңа Отанымыздың бір бөлігі», – деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қазіргі Астана барша Қазақстанның инновациялық орталығына айналды. Бұл жерде Қазақстанның тарихында болмаған жаңа өнеркәсіп салалары – тепловоздар, вагондар мен тікұшақтар құрылысы қалыптасты. Қаланың жаңа жоғары оқу орындарында еліміздің инновациялық индустриясына қажетті мамандар даярлануда. Сонымен қоса, елорда Қазақстанның жаңа рухани-мәдени орталығы ретінде танылды. Себебі «Қазақстан» концерттік залы, сондай-ақ «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры сияқты бірегей мәдени ошақтар салынды. «Астана – барша қазақстандықтардың бірлігінің символы. Сондықтан Астананың 15 жылдығы – Қазақстан халқының жалпыұлттық мерекесі. Астана елдің барлық өңіріне дамудың үлгісін көрсетті. Барлық облыс орталықтары мен өзге де қалалар бүгінде Астанаға қарап жаңа нысандар салып, абаттана түсуде», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал еліміздің әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне қаратып айтқан сөзінде Н.Назарбаев: «Біз өз тағдырын Отан қорғаумен байланыстырғандардың барлығына бүкіл ел болып игі тілек тілейміз. Қазақстан – әлемнің барша мемлекеті үшін бейбіт, толерантты ел, тату көрші және лайықты серіктес. Алайда Қарулы Күштеріміз Отанымыздың қауіпсіздігі мен егемендігін күзетіп, қазақстандықтардың бейбіт өмірін қорғап тұратын болады. Оған мемлекет тарапынан тиісті көңіл бөлініп келеді. Әр жыл сайын армиямыздың қатары жас офицерлер жоғары әскери оқу орындары түлектерімен толығып отырады. Бүгін бұл алаңға оқуда ең жоғары көрсеткішке жеткен жауынгерлік дайындық үздіктері шақырылды. Жоғары Бас Қолбасшы ретінде мен әскери жоғары оқу орындары түлектерін оларға офицерлік атақтардың берілуімен құттықтаймын» – дей келе, Мемлекет басшысы жас сарбаздарға офицерлік шендерді салтанатты түрде табыс етті. «Бүгінде елдің барлық өңірінде жас сарбаздар, офицерлер қызмет атқаруда. Ертең сендер олардың тәлімгеріне, ағаларына айналасыңдар. Нағыз Отан қорғаушыларға айналу үшін оларға көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіңдер, үйретіңдер. Офицер бола отырып, Сіздер алдарыңа биік мақсат – мемлекетке қызмет ету, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін қойып отырсыңдар», – деп атап көрсетті Президент.
Ильяс МҰХАМАДИЕВ, Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері институтының түлегі, лейтенант:
– Мен үшін бұл күн – ерекше қуанышты сәт. Елордамыздың 15 жылдығы аясында Президенттің қолынан әскери шен алу – әрбір сарбаздың арманы. Мен оны жақсы білемін. Бүгінде Елбасының төл туындысы – Астана өсіп, өркендеп келеді. Сонымен қатар Қазақстанның Қарулы Күштері де қарқынды дамып, қорғанысы берік салаға айналды. Мен Тәуелсіз Отанымызға, Қазақстан халқына және оның Президентіне адал қызмет етуге ант етемін!
Шынар ОСПАНОВА, Астана қаласының тұрғыны:
– Біз бұл жерде жиі серуендеп тұрамыз. Тудың айналасында сан алуан президенттер отырғызған шыршалар бар. Тура Қазақстанның айналасында топтасқан халықтар сияқты. Шынын айтсам, осы Тудың бір қасиеті бар. Осы маңайда жүріп, бір күш-жігер жинап аласың. Бүгін де серуендеп жүріп, салтанатты шараның дауысын естіп қалдым. Содан жақындап келіп, тамашалап тұрдым. Алыстан Президентті де көруге мүмкіндік туды. Менің ойымша, бұл – керемет шара. Үлкен Тудың астында сарбаздарға шен тапсырғанды көріп, мен де көзіме жас алдым. Болашақта менің ұлым да осылай шен алса екен деп іштей тіледім.
Ал кешқұрым Н.Назарбаев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өткен салтанатты жиынға қатысып, Астана халқын, барлық қазақстандықтарды елорданың төл мерекесімен құттықтады. «Астана – Тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Оның болашағы – Тәуелсіз еліміздің келешегі», – деп бастады Президент. Шынымен де, еркін еліміз өсіп, өркен жая берсе, Астанамыздың да алыс қияға көз тігіп, дами беретіні хақ. «Ал жас қала тұрғындарының санасы да жаңа заманға лайық болса, шығар шыңымыз шырқау биікте болады. Еркін ойлап, дербес шешім қабылдайтын, тәуелсіз әрекет қылатын азат ел екенімізді бүкіл дүниеге таныттық. Сондықтан да Астана біздің егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі, азаматтығымыздың айнасы болып саналады. Қазақ елінің жасампаздығын паш еткен ұлы көш оңай болған жоқ. Тұтас ел болып жүзеге асырған осынау ұлы істі бейбіт күндегі ерлік деп бағалауға болады. Ұлы көш арқылы біз шын мәніндегі Тәуелсіздікке ие болдық. «Бірлік қайда болса – еркіндік сонда, елдік қайда болса – елдік сонда» деген бабалар сөзіне біз ісімізбен көз жеткіздік», – деді Президент.
Астана келбеті - ұлт келбеті
Иә, елорданы Алматыдан Ақмолаға көшірген күн кеше ғана болған сияқты. Ол кезде қала Есілдің оң жағасынан ары аса алмай, кілең ескі үйлерден тұратын шағын ғана шаһар еді. Небәрі 15 жылдың ішінде сәні мен сәулеті келіскен заманауи қалаға айналды. «Оны бәріміз бірге жүзеге асырып, бүгінгі биіктерге жеткіздік. Тәуелсіздіктің тұғырын мызғымастай берік етіп, нығайта отырып, мәңгілік ел болуды мақсат еттік. Астанасына қарап елін таниды. Астана келбеті – ұлт келбеті. Халқымыздың жаңа ғасырдағы жарқын шежіресі дәл осы жерде жазылып жатыр, жазыла да бермек. Жасампаздықтың жарқын үлгісі, бейбітшіліктің бесігі – Астанамыз еркін еліміздің түпкі межесі, мәңгілік елдің арқауы болып жасай берсін! Астана мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Болашағымыз жарқын болсын!», – деді Н. Назарбаев.